Биыл күзде 20 мыңнан аса азамат әскерге шақырылады
KAZINFORM – Осы күзде Отан алдындағы әскери міндетін өтуге 18 бен 27 жас аралығындағы 20 мыңнан аса жас шақырылады.
ҚР Қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбековтің мәлімдеуінше, күзде мерзімді әскери қызметке шақыру үшін Қорғаныс істері басқармалары мен бөлімдерінде 10 шілдеден бастап әскерге шақырушыларды зерттеп, зерделеу және іріктеу жұмыстары жүргізілді.

«Жергілікті әскери басқару органының лауазымды адамдары зерделеу барысында әскери шақырушыларды отбасы құрамын, әскери қызмет өткеруге жарамдылық санатын, білімін және мамандығын нақтылайды. Сондай-ақ жеке ісіндегі құжаттарды зерделеп, әскерге шақырушылармен әңгімелеседі. Бұл ретте бүгінгі таңда 18 бен 27 жас аралығындағы әскерге шақырушылар ҚР бойынша 730 мың адамнан тұрады. Соның ішінде 120 мыңы әскерге дайын, ал 120 мыңның ішінен біз 40 мыңын мерзімді әскери қызметке шақырамыз», – деді Ф. Айдарбеков ОКҚ-де өткен брифингіде.Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің өкілі, әскери қызметке шақырту алған азаматтар әскери комиссияға келуге міндетті екенін еске салды.
«Шақыру қағазы азаматқа жеке өзі немесе жұмыс орны, оқу орны бойынша ұйым басшысының қолымен немесе СМС-хабарлама арқылы тапсырылады. Азаматқа шақыру қағазын жеке тапсыру мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органдарына жүктеледі. Мерзімді әскери қызметтен бас тартқандар үшін заң бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген», - деп толықтырды спикер.Бұған дейін Қорғаныс министрлігі кәмелет жасына толған жастарды әскерге көшеден еріксіз алып кетудің заңдылығына қатысты түсінік берді.