Физика бойынша Нобель сыйлығын Джон Хопфилд пен Джеффри Хинтон алды
2024 жылғы физика саласындағы Нобель сыйлығы ғалымдар Джон Хопфилд пен Джеффри Хинтонға нейрондық желілерді машиналық оқытуға мүмкіндік берген жаңалықтары мен өнертабыстары үшін берілді, деп жазады ВВС.
Өткен жылы физика саласындағы Нобель сыйлығы Пьер Агостини, Ференц Крауз және Анн Л'Юйеге «атомның ішіне үңілуге» мүмкіндік беретін ультра қысқа лазерлік импульсті технологияны әзірлегені үшін берілген болатын.
1901 жылдан бері физика бойынша Нобель сыйлығы 117 рет берілді, 225 адам оның лауреаты атанды. Нобель апталығы жыл сайын дәстүрлі түрде қазан айының басында Стокгольмде өтеді. Физика сыйлығы екінші табысталады.
Алғашқы күні медицина және физиология саласындағы лауреаттар белгілі болды. Одан кейін физика, химия, әдебиет салаларындағы сыйлықтар табысталады. Апта соңында Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты анықталады. Ол белгілі бір адам ғана емес, тұтас бір ұйым болуы мүмкін. Бұл швед емес, Норвегия ғылым академиясы табыстайтын жалғыз сыйлық.
Сонымен қатар, 1969 жылдан бастап Швеция Банкінің бастамасымен экономика саласындағы жыл сайынғы сыйлық беріледі. Ол Альфред Нобельді еске алуға арналған. Алайда оның бастапқы өсиетінде бұл сала көрсетілмеген.
Физика Альфред Нобельдің өсиетінде айтылған бірінші ғылым саласы болды. Сондай-ақ, онда физика бойынша сыйлықты Швецияның корольдік ғылым академиясы беруі керектігі айтылған.
Академия 1739 жылы құрылды. Бүгінде оның құрамында 450 швед және 180 шетелдік ғалымдар бар.
Нобель комитетінің мүшелерін Академия үш жыл мерзімге тағайындайды.