«Жайлы мектеп» – жаңа мүмкіндік
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу және оның 10-ын биыл пайдалануға беру жоспарланған. Өткен жылы мектептер құрылысына 19,6 млрд теңге қаржы бөлініп, «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамының шотына аударылыпты.
Биылға жоспарланған 24,5 млрд теңгенің 50 процент авансы 31 шілдеде берілген. Қызылорда облысы әкімдігі мектептерге инфрақұрылым жеткізудің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазір 10 мектепке инфрақұрылым жүргізу жұмыстары толық аяқталды. Білім ошақтарының іргелес аумақтарын абаттандыруға, жол салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген, мердігерлер анықталып жұмыс жүргізілуде. Былтыр құрылысы басталған 10 мектептің 8-не мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Қала күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорданың сол жағалауына салынған 900 орындық білім ошағының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аймақ басшысы қала тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін айтты.
– Жас ұрпақтың білімі мен оқу-ағарту ісіне барынша көңіл бөлу – мемлекетіміздің ең маңызды міндеті. Биыл өңірдің білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд 100 млн теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,2 пайызын құрады. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салынады. Осы жобамен өңірімізде 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп салу жоспарланған, оның 10-ның құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру арқылы аймағымыздағы 4 апатты және 3 бейімделген мектептің мәселесі түбегейлі шешімін табады. Республикалық бюджеттің тікелей қаржыландыруымен, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен, 6 млрд 851 млн теңгеге салынған облыстағы алғашқы 900 орындық «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілуде. Бұл ғимарат Қызылорда қаласының сол жағалауы тұрғындарының мемлекеттік мектепке деген сұранысына толық жауап береді. Жаңа оқу жылында биік табыстарға қол жеткізіп, алға қойған мақсаттарыңыз орындалсын! Ел мүддесі жолындағы игі істерді бірге атқарайық, жетістікке бірге жетейік! Егемен еліміздің ертеңі еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.
Білім ордасында шәкірттердің барлық пәнді оқып үйренуіне, ұстаздардың шығармашылықпен еңбек етуіне толық мүмкіндік жасалған. Өскелең ұрпақтың игілігі үшін Жаңақорған, Шиелі аудандарында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі, «СаутсОйл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, Шығармашылық-инновациялық орталық, «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мектеп-интернат екінші тоқсанда пайдалануға берілмек. Жыл соңына дейін 12 жаңа мектеп және 4 мектеп жанындағы қосымша құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі. Өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектепке 1 850 оқушыға арналған қосымша ғимарат салынды. Бюджетке салмақ түсірмей, қаржыны үнемдеу арқылы орын тапшылығы, үш ауысымды оқытуға көшуі мүмкін мектептер мәселесі шешімін тапты.
Айта кеткен жөн, Қазалы ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 білім ордасының іргетасы қалануда. Соның бірі – ауданға қарасты Жанқожа батыр ауылындағы 300 балаға арналған білім ошағы. Құрылысы 2023 жылдың қыркүйек айында басталған бұл мектеп биыл ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аталмыш нысанның жауапты мердігері – «Аңсар» ЖШС. Бұл білім ордасында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып, қауіпсіздік толық қамтылатын болады.
– Қазіргі таңда мектеп құрылысы қарқынды жүруде. Жалпы бұл мектеп 2 қабаттан тұрады және ішінде спортзал, асхана, кітапхана және басқа да арнайы кабинеттер қамтылған. Сондай-ақ, мектеп ауласында оқушылар үшін арнайы ойын алаңдары салынады. Бұдан бөлек, жарық шамдарда да орнатылатын болады. Бұл нысанды биыл табыстауды жоспарлап отырмыз, – дейді «Аңсар» ЖШС қызметкері Амантай Рамазан.
Әйтеке би кентінде де «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық білім ордасының құрылысы салынуда.
Айнұр ӘЛИ