Жоғары жалақы, 56 күн демалыс, награда: Қазақстан мұғалімдеріне қандай жағдай жасалған
Фото: BAQ.KZ
5 қазан – Мұғалімдер күні. Ұстаздарымыздың кәсіби мерекесіне орай, BAQ.KZ "Педагог мәртебесі туралы" заң аясында мұғалімдерге қандай жағдай жасалғанына шолу жасады.
2019 жылы 27 желтоқсанда "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданды.
Заңның негізгі мақсаты – педагогтердің жалақысын көтеруді, тиісті функцияларға сәйкес келмейтін жүктемелер мен тексерулерден босатуды, педагогтердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды, оқу жүктемесін қысқартуды, еңбек демалысын ұзартуды және мұғалімдерге өзге де ынталандыруды белгілеуді көздейді.
Қазақстанда неше мұғалім бар?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазақстандық мектептерде 3,9 млн оқушы оқиды. Биыл 352 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады, ал 11 сыныпқа 219 мың оқушы көшті. 4 млн-ға жуық балаға 400 мыңға жуық педагог сабақ береді.
Оның ішінде: 91 878 — модератор, 87 685 — сарапшы, 76 021 — зерттеуші, 3 566 — шебер.
1. Қазақстан мектептерінде 399 247 ұстаз жұмыс істейді.
Әйелдер - 323 569
Ерлер - 75 678
2. Елімізде 41 155 техникалық және кәсіптік білім беру ұстаз жұмыс істейді.
Әйелдер - 27 738
Ерлер - 13 417
3. Мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтер саны 100 566.
Әйелдер - 97 978
Ерлер - 2 588
Заң мұғалімдерге қалай көмектеседі?
Педагогтердің жалақысын көтеру;
Педагогтерді функциялары сәйкес келмейтін жүктемелерден және тексерулерден босату;
Педагогтердің әлеуметтік мәртебесін арттыру, оқу жүктемесін қысқарту;
Мемлекеттік наградалар, оның ішінде “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” құрметті атағын беру, ел алдындағы ерекше жетістіктері мен айрықша еңбегі үшін 1000 еселенген АЕК мөлшерінде біржолғы төлем;
Тәлімгерлік, магистрлік дәрежесі, сынып жетекшілігі, дәптерлерді тексеруі үшін қосымша ақы;
Еңбек демалысының ұзақтығын 56 күнге дейін ұлғайту қарастырылған.
Жалақы неше теңгеге өсті
4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға өсті.
Сонымен қатар 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға өсті.
Мектепке дейінгі ұйымдардың озық педагогикалық тәжірибесін тарату және енгізу мақсатында елде 180 құзыреттілік орталық іске қосылды.
1000 көшбасшы – 1000 директор
2023 жылы Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша “Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы” жобасы басталды. Жоба аясында білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу және бекіту бойынша жұмыс жүргізіледі. 207 қатысушы бірінші басшылардың республикалық кадр резервіне алынды.
Білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын таңдау мынадай кезеңдерден тұрады:
І-кезең. Үміткерлерді платформадан тіркеуден өткізіп, жарияланған өлшемшарттар бойынша іріктеу және психометриялық тестілеуден өткізу.
ІІ-кезең. Үміткерлерді үшдеңгейлі оқыту – базалық деңгей, ілгерінді деңгей және кәсіби деңгей.
ІІІ-кезең. Еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өткізу – Назарбаев зияткерлік мектептері, республикалық физика-математика мектептері, Білім-инновация лицейі, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп интернаттары.
IV-кезең. Бұл кезеңде Оқу-ағарту министрлігі жанындағы комиссиямен соңғы сұқбат болады.
V-кезең. Үміткерлерді республикалық кадр резервіне қабылдау .
Аттестация тәртібі өзгерді
Педагогтерді аттестаттау рәсімі өзгерді. Енді педагогтің біліктілік деңгейін арттырудан бастап үздіксіз кәсіби дамуға көшуі көзделген.
Мұғалімдерге мынадай біліктілік санаты беріледі:
- педагог-модератор;
- педагог-сарапшы;
- үшінші санаттағы басшының орынбасары;
- екінші санаттағы басшының орынбасары;
- үшінші санаттағы басшы,
- екінші санаттағы басшы;
- педагог-зерттеуші;
- педагог-шебер;
- бірінші санаттағы басшының орынбасары;
- бірінші санаттағы басшы.
Бұға дейін аттестация ережесі жайлы жазған едік.
Соңғы 3 жылда жоғары оқу орнын бітірген түлектер саны 142 049 адам, 102 914 адам (72,4%) жұмысқа орналасқан.
Жауапты министрліктің дерегінше, жыл сайын педагогикалық бағыттарға гранттар саны артып келеді:
2019-2020 оқу жылында - 9497 грант.
2023-2024 оқу жылында - 15 923 грант.
2024-2025 оқу жылында - 15 973 грант.
Сонымен қатар, ақылы түрде де педагогтер дайындалып жатыр. Педагогикалық бағыттар бойынша білім алушылар контингенті 180 210 адам, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 53 780 (29,8%), 126 430 адам ақылы түрде білім алып жатыр. Қазіргі таңда педагог мамандығын таңдаушылар саны өсіп келеді. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі педагогке деген қажеттілік туындамайтынын жеткізді.