Зергердің зерлі әлемі

Кейіпкеріміздің осынау зергерлік жолына келуі өмір сындарлы сынағынан өтуімен тығыз байланысты. Олай дейтініміз, сонау оқушы кезінде «Байланысшы» мамандығын сүйіп, тіпті білім ордасынан тоғызыншы сыныпты тәмамдасымен осы салада білім алуы үшін арнайы тестіден де өткен. Бірақ өкінішке орай, белгілі бір жағдайларға байланысты аяғынан қатты зақым алған ол күрделі ота жасатады. Осы себепті әрі қарай мектеп қабырғасында білім алуды жалғастыруға тура келеді. Білім ордасында жүріп, байланысшы болуды аңсаған Берік қолөнерге деген ерекше ынтасы ашылады.
– Мектепте жүріп, еңбек пәнінен беретін мұғалімдерімнің арқасында осы мамандыққа ғашық болдым. Ағаштан жонып домбыра жасап, оған ою-өрнек салу секілді түрлі жұмыстар жасадық. Мұны үйреткен ұстаздарымды ұмытпаймын, алғысымды білдіремін, – деді ол.
Мұнан соң №249 мектеп-лицейден түлеп ұшқан ол 2012 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне «Сәндік қолданбалы халықтық кәсіпшілік өнер» мамандығының металл бейіміне оқуға түседі. Оны 2016 жылы тәмамдап, зергерлік өнерге машықталып, қаныққан ол туған жерге қайта оралып, аудан орталығынан шеберхана ашқан.
– Қазалыма қайта оралып, жаныма серіктесім алып, шеберхана аштым. Сондағы ең алғашқы тапсырысым кәнігі алюминиден құйып сақина жасау болды. Одан кейін жасаған ісіміз тұрғындар талғамынан шығып, тапсырыстар легі үзілмеді.
Ал ең қиын әрі күрделі жасалған ісім – ұзатылғалы жатқан арудың бесбілезігі, алқасы және сырғасы болды. Қалыңдықтың көркін келтірер әсем әшекейді әдемі етіп жасауға барымды салдым. Күмістен құйып, ою-өрнегін салдым. Қуанышқа орай бұл ісімде тапсырыс берушінің көңілінен шықты. Бұдан бөлек сақина, сырға, алқа секілді әшекей бұйымдарға да жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Жалпы мен дайындаған әшекейлерді «kzo.zerger» инстаграм парақшадан көрсеңіздер де болады, – деді Берік Оңғарұлы.
Біздің «Бұрын зерген боламын деген ой болды ма?» деген сауалымызға «Құдайдың бұйырысы, атамның жолын жүруді жазған екенғой» деп жауап қатқан Беріктің қолөнер шеберлігіне деген қызығушылығы әрірек, атасынан қонған екен. Бүгінде Бақытжан есімді атасының қолынан шыққан «Тискасы» мен арбасын әлі күнге дейін кәдеге жаратып, қолданатын көрінеді.
– Иә, Хақ Тағаланың бұйырысы бөлек болып тұрғой. Осылай атамның сара жолына түстім. Бүгінде атамның өз қолымен жасап, пайдасына асырған осы заттарын әлі күнге дейін игілігін көріп келеміз. Қазір қолөнер шеберлігімді шыңдап, айналысып келе жатқаныма сегіз жыл толды. «Жүз жыл өмір сүрсең, жүз жыл білім ал» деген тәмсілді әрдайым естен шығармаймын. Алда осы ісімді одан әрі дамытып, білімімді әлде де толыстырып, шеберхана шеңберін кеңейткім келеді. Шәкірт дайындау да ойда бар. Себебі осынау ұлтымыздың ұлық өнері өшпеуі керек деп білемін. Әрі қарай жалғасса нұр үстіне нұр, – деді ол.
Расында халқымыздың әрбір ұлттық құндылығына баланатын әрбір өнер қымбат. Осынау ұлтымыздың төлтума өнерінде өзінің шеберлігін шыңдап, оны елге дәріптеп жүрген Берік шебердің еңбегіне жеміс тілейміз.
Серік АҚМЫРЗА