Жақсылық хабардың жаршысы
Зергерлік – ерте заманнан келе жатқан, көпке тараған сәндік және қосалқы өнердің бірегейі. Алтын, күміс, асыл тас, сүйек сынды материалдарды пайдаланып, сән-салтанат үшін әшекейлі жиһаз, қыз-келіншектердің сәндік бұйымдары мен қару-жарақ, сауыт-сайман, ер-тұрманды да зергерлеу өнері халық арасында кең жайылған. Солардың арасындағы ең айрықшасы – құстұмсық жүзік. Бойжеткеннің қолына әсемдік үшін тағуымен ғана өлшенбейтін, ол жайлы көптеген ақпарат беретін ата-бабаларымыздың қолданысында кең тараған әшекейі.
Құстұмсық жүзікке зергерлер сүйек, металл, бояу, былғары сияқты материалдарды ұлттық болмысты ескеріп бедерлеу, ою, шекімелеу, аптау, күптеу секілді көптеген әдіс-тәсілді кеңінен қолданған. Зергерлік өнерді меңгерген адамды «зергер» деп атайды. «Зергер» парсы тілінен ауысқан «Зәргәр» сөзі. Парсы тілінде алтыннан, күмістен суырып, созған жіңішке сымды «зәр» дейді. Халық арасында зергерлер өте жоғары құрметке ие, елдің сүйікті адамына айналған. Қазақ зергерлері негізінен әйелдердің сәндік әшекей заттарын дайындай білген. Әсемдеп дәстүрімізбен мәдениетімізді айшықтап көрсеткен. Қазақ қыз-келіншектерін ажарландыра түсу үшін, оларға арнап алуан түрлі әшекейлі бұйымдар жасаған. Осындай ұлттық болмысымызды айшықтайтын әшекейдің бірі «құстұмсық жүзік» десек те болады. Құстұмсық – қыздар тағатын жүзіктің бір түрі. Оның рәміздік мәні «ұшқан құстай ерікті, қыздың басы бос» деген ұғымды білдіреді. Жүзіктегі құстың бейнесі – жақсылық хабардың жаршысы.
Халық танымында «құстың тұмсығы сияқты бір ұшы үшкірленіп жасалған әшекей – бәле-жаладан қорғайтын ерекше қасиетке ие» деген де сенім қалыптасқан. Тұрмысқа шыққаннан кейін төркін жағы «Құстұмсықты» қыздың киімдеріне қосып жіберетін болған. Қыздың інілері, сіңлілері жағдайын білуге келгенде қыз жүзікті төркініне қайтарса, ол оның жағдайының жақсы болғаны. Қыздың шешесі қуанып: «Құдағиыма рақмет, қызыма өз қызындай қарайды екен» деп ауыл-аймағын қонаққа шақырып» «Құстұмсықты» көрсететін болған.
Қыздың үйіне барғанда төркіндеріне шай құйғанда қолына қарайды екен. Өйткені тұмсық жағы теріс қарап тұрса жағдайым жаман, ал тұмсығы саусақ ұшына бағытталса жағдайым жақсы дегенді білдіреді екен.
Құстұмсық жүзіктің саусақ ұшына қарайтын жағы құс тұмсығы тәрізді сүйір болып келеді. Әшекейдің бауырдағына дәнекерленетін үстіңгі бөлігін соқпа және құйма қалыппен күмістен жасайды. Бетіне сірке жүргізіліп, қас қондырылады. Бұндай жүзікті ертеректе тұрмысқа шықпаған қыздар салған. Қалыңдық ұзатылғанда сақинаны сіңлісіне таққан немесе келін болып түскенде тарту ретінде қайынсіңлісінің қолына салған. Кейбірі қыз күнінде таққан дүниесін сақтап, кейінірек қызының немесе немересіне сыйлаған. Басқаша айтқанда, анасынан қызына мұрагерлікке қалдырып отырған. Бұны басқа өңірлерде құсмұрын жүзік деп те атаған. Құстұмсық жүзіктің пішіні мен ою-өрнектері еркіндік пен бақыттың нышаны ретінде танылады.
Бұрынғылар тұрмыста әртүрлі бұйымдармен бірге сәлемдемеге жіберу салты болған. Ондай салттың болғаны ел аузындағы әңгімелерден, ауыз әдебиеті үлгілерінен мәлім. Сәлемдеме ретінде жіберілген жүзік белгілі бір ойды тұспалдап, қандай да бір белгі, ишарат қызметін атқарған. Ол туралы «Қозы Көрпеш – Баянсұлу» жырында мынадай дерек кездеседі.
Үш жүзікті енді алып Айбас берді,
Сәлемдеме үш қызға дұғай-дұғай.
Алтынды тон, жүзігім белгі болсын,
Қасына не қосады апам білсін.
Осындай өлең жолдары “Қазақ эпосында” келтірілген. Ертеде ұзатылған қыз белгілі бір уақыттан кейін төркініне сәлемдеме жібереді екен. Сәлемдеме жер шалғайлығынан туған хабар алысудың бір түрі болған. Жазу-сызу болмағандықтан ұзатылған қыз өз жағдайын түрлі бұйымдар мен ою-өрнек арқылы білдірген. Сәлемдемеге «Құс жүзік» немесе құсты бейнелейтін оюы бар тұскиіз, басқұр және тағы басқалары келсе, төркін жұрты қыздың барған жерінде құстай еркін, бақытты өмір сүріп жатқанын түсінген. Қолөнер бұйымдарындағы құс бейнесі тарихи жағынан көне түркі халықтарында Көк, Тәңірі, Тотем, кие тәрізді байырғы ұғым-түсініктерге байланысты шыққан.
Жалпы көнелер сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы деп түсінген. Осының бәрін дала заңымен өскен халық қайдан білгені әзірге беймәлім. Бала кезімізде үлкендер сөз арасында ел аузындағы қисса әңгімелерді айтып отыратын. Аңыз бойынша Ескендір Зұлқарнайын төрткүл дүниені жаулап алмақ болғанында қаншама әскері іш ауруынан қырылады. Дегенмен бас қолбасшылары мен түмен басылары аман қалады. Сондағысы – жауынгерлердің ауқаттанған ыдысы қалайы да, ұрысты басқарушылар күміс ыдыспен тамақ ішкен. Ал бұл металдың ерекшелігі – судағы бактерияларды жояды, сол себепті олар ажалдан сақтанады. Осыдан кейін сарбаздар су құйылған торсықтарына күміс теңгелер салып жүрген. Ғылыми зерттеуге сүйенсек, күміс бактериялардың 650 түріне қарсылық білдіре алады.
Бұдан қорытынды шығарсақ, ұлттық қолөнер бұйымдарының, оның ішінде күмістен жасалған бұйымдардың пайдасы мен қасиеттері маңызын ешқашан жоймайтындығында.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА