Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұранысқа ие сапалы өнім

Сұранысқа ие сапалы өнім


Жақсы жаңалық естісек жас балаша қуанып, оны көпшілікке насихаттауға асығатын жайымыз бар. Сондағы мақсат – кәсіп ашып, көсегесін көгертіп, көкжиегін кеңейткен кәсіпкерлер көпке үлгі болса дейміз. Бүгінгі кейіпкеріміз де сол, жақындарының қолдауымен, алға қойған арманын айқындап, мақсатын мықтаған жан – Ару Махатқызы.
«Әйел – қырық шырақты» деген тәмсіл бар. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел – ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді. Әсіресе кәсіпкерлік жұмыстарында бағы мен іскерлігін ұштауда қыз-келіншектер тартынып жатқан жоқ. Оған дәлел бүгінгі біздің кейіпкеріміз. Ару Жалғас Әйтеке би кентінде дүниеге келген. №249 мектеп-лицейден түлеп ұшқан жас Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде білімін шыңдаған. Ал кәсібін отбасы көптен күткен Мұстафа ұлы дүниеге келген соң бастайды.
– Баламыздың есіміне ұқсатып «МұсТАШ» деп атадым. Ұзартып айтқанда – Мұстафадан табиғи ауыл шұжығы деген мағынаны береді. Кәсіп бастаудағы мақсатым – тек табиғи, денсаулыққа пайдалы тағамдарды халыққа ұсыну. Қазіргі кезде көп бала үйдің тамағын жемейді. Чипсы, кириешки сияқты зиянды заттарды жейді. Нәтижесінде неше түрлі диагноздарын естіп жатамыз. Сол себепті қолдың шұжығын, қолдың әсібін балаларға арналған «сосиски» жасауды бастадым. Ата-ана балаларына кішкентайынан жаны ашып, денсаулығын бірінші орынға қойып, дұрыс тамақтануды, балаға ненің зиян, ненің пайдалы екенін ашып түсіндірсе екен деймін. Кәсіпті осы жаз мезгілінде бастадым. Тың идеям балама қарап отырып басыма келді. Балалар ауырмасыншы, дендері сау болсыншы деп көп ойлаймын. Сол үшін де басыма осындай ой келген шығар. Осы ойымды қолдап, демеу болып, «сенің қолыңнан келеді» деп шабыт берген жолдасыма, анама (енеме) алғысымды білдіремін, – дейді жас кәсіпкер.
Кәсібін жолға қойған оның ынта-ықыласы биік мақсаттарға жол сілтегендей. Асыл жар, аяулы ана осылайша кәсіпке де, үй шаруасына да уақыт табады.
– Қазіргі таңда шұжықтың түр-түрін, әсіп, сосискидің әртүрін шығарып жатырмын. Мәселен, «Краковский» шұжығы, «Финский сервелат» шұжығы, қазақша шұжық, ерлер шұжығы дайындалады. Бағасы қол жетімді деп ойлаймын. Ешқандай химиялық зиянды қоспалар құрамында жоқ. Табиғи еттен жасалған табиғи өнім. Зиянсыз таза табиғи еттен жасалғанын біліп, дәмін ұнатып алып жүрген тұрақты клиенттерім өте көп. Алдағы уақытқа кәсібіме байланысты жоспарларымыз бар. Соның бірі халыққа ұнайтындай өнімдерімнің түрін көбейтіп, кішігірім өзімнің жеке цехымды ашқым келеді. «МұсТАШ» – дәмі ерекше, табиғи еттен жасалған, зиянды қоспаларсыз жасалған өнім. Біздің өнімді таңдаңыз, шұжықтарымызбен денсаулығыңызды қорғаңыз дегім келеді, – дейді Ару Махатқызы.
Жас кәсіпкер сөз арасында мұның барлығы алдымен Алланың, одан соң халықтың арқасы, адал еңбегіміз, маңдай теріміздің жеңісі деп білетінін айтты. Несібе – еңбек еткенде. Бизнесті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет. Сонымен қатар үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылмаса барлығы бекер болады. Иә, көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Әлем де еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады емес пе?

Кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің алға қойылған маңызды міндеттерінің бірі. Кәсіпкерлік қаншалықты дамыса, экономика да соншалықты өркендеп өсе бермек. Бүгінгі заманның талабы да осы.


Айнұр ӘЛИ
14 қыркүйек 2024 ж. 124 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30