АЭС құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штаб әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті
Бүгін АЭС құрылысын қолдау жөніндегі аудандық халықтық штаб төрағасы Ғазиз Әліш аудандағы әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесуде сөз алған штаб төрағасы елдегі энергетика тапшылығына тоқталып, мәселенің алдын алуға бағытталған жұмыстарды атап өтті. Соның ішінде АЭС құрылысы мемлекет үшін ең тиімді жоба екенін тілге тиек етті.
- АЭС салынса, елдің энергетикалық қуаты артып қана қоймайды, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары құрылады, инфрақұрылым дамып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Бүгінгі жас мамандардың АЭС-да жұмыс істеуіне, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға мүмкіндік береді. Атом электр энергиясын пайдалану кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2000 адамнан тұратын қызметкер керек. Осы орайда болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданып, қажетті мамандар тағы даярланатын болады, - деді халықтық штаб төрағасы Ғазиз Әліш.
Ал жиынға қатысушылар АЭС-ке қатысты дұрыс түсінік қалыптастыру мақсатында осындай түсіндірме жұмыстар кеңінен жүргізілсе, бүгінге дейін қалыптасқан қисық стереотиптен ажырап, болашаққа нық қадам басқан болар едік деген пікірлерін білдірді.