Құрылысқа рұқсат алмаған компаниялар үлескерлер арасында жарнама жасай алмайды
Тұрғын үйді үлестік тәртіпте салатындарға құрылыс нысандарын рұқсатсыз жарнамалауға тыйым салынады. Бұл норма бүгін Парламент Мәжілісінде таныстырылған елорданы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелеріне арналған заң жобасында қамтылған.
«Қазіргі кезде көппәтерлі тұрғын үй салуға рұқсат алғанға дейін үлескерлердің ақшасын тарту үшін жарнаманы жүзеге асыруға тосқауыл болмағанын пайдаланып, құрылыс салушылар жарнаманы бастап кетеді. Осы мәселені шешу үшін «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңы аясында тиісті рұқсат алғаннан кейін ғана құрылыс салушыларға көппәтерлі тұрғын үй құрылысын жарнамалауға мүмкіндік беру ұсынылды», - деді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.
Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу тұрғысында құрылыс салушының үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін айыппұлды ұлғайту қарастырылды.
«Астана қаласының «жасыл» белдеуі ерекше күтімді талап етеді. Қазіргі уақытта жасыл белдеу жерлерінің қысқаруына немесе бүлінуіне жол бермеу қажет.
Осыған байланысты «Астана мәртебесі туралы» Заңы аясында қаланың санитарлық-қорғау «жасыл» аймағын басқару қағидаларын бекіту және оны күтіп-ұстайтын заңды тұлғаны айқындау, «жасыл» аймақтың шекараларын өзгертуді жергілікті атқарушы органның ұсынуы бойынша Үкіметтің жүзеге асыруы, сондай-ақ «жасыл» аймақта ландшафттардың табиғи көрінісіне теріс әсер ететін қызметке тыйым салу ұсынылды», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылды.
Пәтерде тұрмайтын адамдарды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне айыппұл 2 есеге өседі.