Елімізде енді үлестік құрылысқа қатысу қағидалары өзгертіледі
Фото: Stan.kz
Қазақстанда үлестік құрылысқа қатысу қағидалары өзгертілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енді пәтердің ауданы келісімшартта көрсетілген көлемнен кемі 1,5% ауытқыса, құрылыс компаниясы шығынға ұшырауы мүмкін. Себебі өнеркәсіп және құрылыс министрлігі рұқсат етілетін шекті ауытқулар көлемін төмендетпек. Әрі соған сәйкес үлескер мен компанияның есеп айырысу тәртібі де белгіленбек.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі үлестік құрылысқа қатысу ережелерін өзгертуді жоспарлап отыр. Енді тұрғын үй құрылысы кезіндегі ықтимал ауытқулар көлемі екі есе төмендейді. Бұрынғыдай 3% емес, 1,5% болады. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта рұқсат етілген шекті ауытқу көлемі көрсетіледі. Егер құжаттағы келісім сақталмаса, тараптар өзара есеп айырылысуы қажет. Үлескер сатып алған пәтердің ауданы 1,5%-дан аса ұлғайса, ол қосылған алаңның жарты құнын ғана төлейді. Мысалы шаршы метрі 450 мың теңгеден болса, 225 мыңын өтейді. Ал кемісе, компания әр сантиметрінің ақысын толық қайтаруға міндетті.
Ереженің өзгеруіне үлескерлердің шағымы түрткі болған. Олар шаршы метріне жүздеген миллион теңге артық төлейтіндерін айтып, арызданыпты. Сондықтан ведомство өкілдері арнайы талдау жүргізген. Осылайша кірпіш не монолиттен салынған көпқабатты тұрғын үйлерде үлестік қатысу шарты пәтердің жоспарлы алаңынан 3%-дан аса ауытқитынын анықтаған. Кірпіштен тұрғызылған 207 пәтерлі кешенде кем дегенде 10 үйдің бастапқы ауданы өзгереді. Ал монолиттен соғылған тұрғын-жайда ауытқу 13% екен. Демек 300 пәтердің 38-інде шарт бұзылған.