Жүйелі жұмыс – жемісті нәтиже
Қазалының даму қарқыны жыл өткен сайын қарыштап келеді. Оны аудан тұрғындары мен мұнда қонақ бола қалған кез келген жан аңғарып жүрсе керек. Дәл қазіргі сәтте Әйтеке би кентіндегі басты көшелер жөнделіп, Қазалы қаласына апарар жолда да құрылыс жүйелі жүріп жатыр. Ауданға қарасты ауылдарда да айтарлықтай алға басу бар. Өңірдегі өрелі істер мен ауқымды жұмыстардың барысын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет облыс әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады. Тілшілердің сұрағына жауап беріп, алдағы жоспарларымен де бөлісті.
150 отбасы баспаналы болады
Былтыр аудандағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 52 отбасыға баспана тапсырылған болатын. Биыл да үлгілі үрдіс жалғасып, жалға берілетін тұрғынжай сатып алуға қаржы бөлініп, барлығы 2 пәтерлі 72 тұрғын үй құрылысы басталды. Қазір бастапқы 123 тұрғынжай сатып алуға 1 777,2 миллион теңге бөлінді. Дәл қазіргі уақытта тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Былтыр аудандағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 52 отбасыға баспана тапсырылған болатын. Биыл да үлгілі үрдіс жалғасып, жалға берілетін тұрғынжай сатып алуға қаржы бөлініп, барлығы 2 пәтерлі 72 тұрғын үй құрылысы басталды. Қазір бастапқы 123 тұрғынжай сатып алуға 1 777,2 миллион теңге бөлінді. Дәл қазіргі уақытта тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
«Таза Қазақстан» акциясына бірлік пен белсенділік танытуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы да басталды. Осы орайда ауданда республика көлемінде арнайы іс-шаралар жоспары бектіліп, барлық кент, қала және ауылдық округтерде сенбіліктер ұйымдастырылды. Әрбір тазалық апталығының тақырыптарына сәйкес, аудан орталығы мен барлық елді мекендердің көшелері, аяқ су арықтары, саябақтар, скверлер, мекеме, кәсіпорын аумақтары, ауданның ішкі, сыртқы аймақтары қоқыстардан тазартылып, ағаш және гүл шоқтары отырғызылып, ғимараттардың қасбеттерін әктеу мен көше бойындағы шартақтар мен қоршаулар, жол белгілері, аялдамалар басқа да нысандарды әктеу, сырлау жұмыстары атқарылды.
– Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде 50 мыңға жуық халық тұрады. Әйтеке би кентін ауданның айнасы деуге болады. Әйтеке би кентінің тазалығы баршамыздың ортақ абыройымыз болғандықтан, кент аумағын 7 аймаққа бөліп, әрбір аймақ бойынша тазалық жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар әр сенбі сайын қарқынды жүргізіліп, жыл соңына дейін жалғасатын болады, – деді аудан басшысы.
Бүгінгі таңда Әйтеке би кентіндегі ауданның бас қақпасы саналатын Теміржол вокзалы аумағын, вокзал жанында орналасқан Әйтеке би алаңын, Жанқожа батыр көшесінің бойынан «Руханият» скверін абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Ал Әйтеке би кентіндегі «Орталық алаң» мен «Жеңіс» саябағын Қазалы мәдени-демалыс кешеніне айналдырып, мұнда да ауқымды жұмыстарды қолға алынбақ.
Батыр тойына дайындық қызу
Биыл жаужүрек жауынгер атанған халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына биыл 250 жыл толады. Осы орайда батыр бабаның ерлік істерін дәріптеп, өскелең ұрпаққа таныту мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алынып жатыр. Ерлік пен батырлықтың үлгісіне айналған халық батырына арнап еңселі ескерткіш орнатып, баба кесенесінің аумағын абаттандыруға қаржы бөлініп тиісті жұмыстар жасалуда. Сонымен қатар Жанқожа батыр көшесінің бойын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар қазан айында бабаның 250 жылдық мерейтойына қарсы аяқталатын болады. Кәсіпкері көп аудан
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 16,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,8 пайызға орындалды. Саланың басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің көлемі 14,4 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі 107,4 пайызды құрады. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында 5 797 кәсіпкер тіркеліп, нақты жұмыс жасап тұрғаны 5 607 бірлік, яғни, белсенділік көрсеткіші – 96,7 пайыз болды. Аудан кәсіпкерлері тарапынан 8,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі 93,1 пайыз болып қалыптасты. Жыл басынан бері ауданда жаңадан 17 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 56 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келсек, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдары тарапынан 166 жоба бойынша аудан кәсіпкерлеріне 3,0 миллиард теңге несие, грант қаражаты берілді. Бөлшек сауда айналымы 7,1 миллиард теңге болып, 4,1 пайызға көбейді. 17 029 гектарға егін егілген
Аудан бойынша биыл барлығы 17 029 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Айта кету қажет, ағымдағы жылы күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 250 гектар кем орындалғанымен, есесіне суды аз қажет ететін басқа дақылдардың көлемі артып отыр. Атап айтқанда, жаздық бидай 81 гектар, жаңа жоңышқа 126 гектар, ескі жоңышқа 112 гектар артық орналасты. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында картоп, көкөніс, бақша дақылдарын қосымша егу үшін барлығы 281 адам бірігіп 146 гектар жерге дақылдарды орналастырылды.
2351 мың тонна өнім экспортталды
Қазалы ауданынан Ресей, Белоруссия, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Нидерланды елдеріне 2351 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды. Атап айтсақ, 740,2 тонна күріш, 332,3 тонна балық, 1279 тонна қамыс экспортталды.
Абайға «көгілдір отын» кіреді
Қазалы ауданында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде тұрғын үйлердің 65 пайызы көгілдір отын игілігін көріп отыр. Елді мекендерді газдандыру бойынша 2023 жылдан өтпелі Абай елді мекеніндегі орамішілік газ желісі құрылысы жалғастырылуда, қаржысы толығымен шешілген, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 90 пайызға атқарылды. Жоба құны 343,0 миллион теңге. Сәтін салса жақын күндері Абай ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көрмек. Сонымен қатар Қазалы ауданының Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне тартылатын газ құбырын салу құрылысы жобасы бойынша республикалық, облыстық бюджетен 1 562,5 миллион теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жеңімпаз анықталысымен, құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ Ақтан батыр елді мекеніндегі орамішілік газ құбырын салу құрылысына облыстық бюджеттен 325,9 миллион теңге қаржы бөлініп, жеңімпазы анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Төрт жолақты жол биыл аяқталады
Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы 7 шақырымды құрайтын жол құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Алайда жауапты мердігер мекеме «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС-нің жауапсыздығы салдарынан жол құрылысы тұралап қалған болатын. Бүгінгі таңда Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы төрт жолақты автомобиль жолын аяқтау жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарын қайта жариялау жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекеме «Нұрлы-Тау» ЖШС болып анықталды. Жол құрылысын аяқтау үшін биыл бюджеттен 862 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кетті. Қазан айында жол құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жол құрылысы да қарқынды
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр және Әйтеке би көшесін қайта жаңғырту жобасына ұлттық қордан қаржы бөлініп, жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының 10 көшесін (Ерлепесов, Мергенбаев, Уалиханов, Рахашұлы, Әйтеке би, Жалаңтөс батыр, Хегай Гер Сек, Бәкішев, Ж.Жабаев, Жақаев) қайта жаңғырту жұмыстары мердігер мекеме «Болашақ» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 718,966 миллион теңге, оның ішінде ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын бастауға 69,0 миллионтеңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, Әйтеке би кенті бойынша «Нұрас и К» ЖШС тарапынан Әйтеке би кентіндегі Бегім ана, Сырым батыр көшелеріне күрделі жөндеу және С.Сейфуллин көшесін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп пайдалануға берілді. Одан бөлек, «Қазалы жолшы» ЖШС тарапынан Әйтеке би кентінің 6 көшесіне (Жаңқожа 3 шақырым, М.Өтемісұлы тұйығы, Ұялы, Ақан Сері, 2 квартал, Қасым Аманжолов) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Жайлы мектептің жайы бөлек
Қазалы ауданының білім беру саласында барлығы 91 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық мектеп құрылысы қарқынды
жүргізілуде.Қазіргі таңда мектеп ғимаратының кірпіш қалау жұмыстары аяқталып, төбесі жабылуда. Сонымен қатар ішкі сыртқы әрлеу, кафель жапыстыру, мектеп ауласын абаттандыру жұмыстары жасалуда. Білім ордасының құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлануда. Мердігер «Асар» ЖШС. Мұнан бөлек биыл ұлттық жоба аясында Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында 600 орындық мектеп құрылысы басталмақ.
9 жедел жәрдем автокөлігі табысталды
Халық денсаулығын нығайту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Саланың материалдық-техникалық жағдайын нығайту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен Медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында Қазалы ауданына 9 жаңа жедел жәрдем автокөліктері табысталды.Алдағы уақытта да денсаулық сақтау саласының өркендеуіне жан-жақты қолдау көрсетіле беретін болады. Алдағы уақытта да денсаулық сақтау саласының өркендеуіне жан-жақты қолдау көрсетіле беретін болады. 3 спорт кешені салынуда
Спорт – денсаулық кепілі десек, ауданда бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысатындар саны – 39 пайызға жетті. Спорт түрлері бойынша жерлестеріміз Азия чемпионатында 1 қола медаль жеңіп алса, Халықаралық турнирлерде 2 күміс, 2 қола медальды қоржынға салды. Сонымен қатар, спортшыларымыз ҚР-ның чемпионаттарына, халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарға қатысып 18 алтын, 19 күміс, 32 қола медальға қол жеткізді. Париж қаласында өткен жазғы ХХХІІІ Олимпиада ойындарында қазалылық Абылайхан Жұбаназар дзюдо күресінен бақ сынады.Биыл Әйтеке би кентінде жеке кәсіпкер Шынар Өтегенованың 200 орындық «Әмір Арена» спорт кешені пайдалануға беріледі. Оған қоса, Әйтеке би кенті мен Бекарыстан би, Қожабақы ауылдарынан спорт кешендерінің құрылыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Жалаңтөс батыр, Ғани Мұратбаев ауылдарынан да спорт кешендерін салу жоспарланып отыр.
Кәукейде клуб пайдалануға беріледі
Жыл басынан бері ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы 1063 іс-шара өткізілді. Жуық арада Кәукей ауылында құрылыс жұмыстары толық аяқталған 100 орындық клуб пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар бүгінгі таңда Майдакөл ауылында 100 орындық клуб құрылысы басталды. 1493 жаңа жұмыс орны ашылды
2024 жылдың 7 айында жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға тұрақтады. Экономиканың түрлі саласында есепті кезеңде 1493 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 222-і тұрақты. Жұмыс іздеуші ретінде 7 476 адам хабарласып, 1638 адам жұмысқа орналасты.
«Жастар керуені» – жемісті жоба
Қазір аудан халқының 29,7 пайызы – жастар. Бүгінгі күнге дейін ерікті жастардың қатысуымен барлығы 271-ден аса іс-шаралар өткізілді. Ал оған 8500- ден астам жастар қатыстырылды. Соның ішінде жыл сайын дәстүрге айналған «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» тақырыбында жастар фестивалі айтсақ болады. Жеңімпаздар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқу гранты және оқу ақысына 50, 25% жеңілдікпен оқитын сертификатын иеленді. Сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және олардың ұсыныстарына құлақ түру мақсатында «Жастар керуені» жобасы тұрақты өтіп келеді. Жоба аясында ауылдық елді мекендерде түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіліп, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Руханият» орталығының іргетасы қаланбақ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен 2024 жыл Сыр өңірінде «Руханият» жылы болып жарияланды. Жыл аясында барлық аудандарда «Руханият» орталықтарының құрылысы басталған болатын. Жуық арада аудандағы құны 1,7 миллиард теңге болатын аталмыш нысанның іргетасы қаланбақ. Бүгінгі күнге құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, орталықтың іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде.Аталмыш нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін мұнда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарын біріктіріліп, типтік үлгідегі жаңа нысан аудан халқының игілігіне пайдалануға берілмек. Айта кетейік, «Руханият орталығының» құрылыс жұмыстарымен «АСАР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі айналысуда.
Сөз соңын аудан басшысы Мейрамбек Шермағанбет: «Қазалы ауданында жыл басынан бергі атқарылған жұмыстардың легі осындай. Алда атқарылар жұмыстар ауқымды, мақсат-міндеттер де жоғары. Жоспарланған жұмыстарды іске асыруға ел Президенті мен Үкімет басшысы, сондай-ақ, аймақ басшысы тарапынан үлкен қолдаулар жасалуда. Биылғы жылы да ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту бойынша міндеттер тұр. Бастысы – елдің тыныштығы мен береке-бірлігі. Елде тыныштық пен бірлік болса, алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына құтты қадамдар жасалып, аудан халқының қолауымен жүзеге асыратын боламыз», – деп түйіндеді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА