Елімізде облысаралық 10 мың шақырым жол жөнделеді
Елімізде облысаралық және ауданаралық 10 мың шақырым жол орта жөндеуден өтуі тиіс. Ел Президенті қойған тапсырманың орындалуы аясында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев өңірлерге жұмыс сапарымен шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Министр Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысы бағытындағы жұмыс сапарын бастады.
– Алғашқы маршрут Ақтаудан Атырауға дейін. “Ақтау-Жетібай-Шетпе” аралығындағы орташа қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жолдың жай-күйі тексерілді. Биыл республикалық маңызы бар А-33 "Доссор-Бейнеу-Сайтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау" автомобиль жолын жалпы ұзындығы 60 шақырымды құрайтын 632-662 шқ және 662-692 шқ учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары басталды.
Бұл екі учаске аймақтың Маңғыстау ауданында орналасқан. Күре жол учаскелері II техникалық санатқа жатады. Орташа жөндеу жұмыстары аясында жол жабыны жаңартылады. Мердігер ұйым орташа жөндеу жұмыстарын толық аяқтаған соң 2 жыл бойы екі учаскенің бұзылмауына кепілдік береді. Күре жолдың жағдайын жақсарту маңызды. Себебі бұл жол Маңғыстау өңірін еліміздің басқа өңірлерімен байланыстырып тұр, – деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Іссапар аясында жоғарыда аталған өңірлердің халқымен кездесу және азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылады. Өзге де аймақтардың жол жағдайымен танысып, министрлікке қарасты нысандар тексеріледі. Атқарылуы тиіс жұмыстар негізге алынады.