Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Айтулы той аталды айта жүрер

Айтулы той аталды айта жүрер


Қазақ үшін берекенің бастауына баланатын, кіндігі байланып, тамыры таратылатын ауылдың орны ерекше, бағасы биік. Жақында қырында малы қаптаған, сырында күріш бақтаған, балығы тайдай туралаған Бірлік ауылының құрылғанына тоқсан жыл толуына орай "Төрлет, торқалы – 90!» атты мәдени шара ұйымдастырылды.
1934 жылдың көктемінде құрылған шаруашылық атауын сол жердегі ақсақалдар «Елдің бірлігі бекем болсын!» деген мақсатпен «Бірлік» атағанын мұндағылар мақтанышпен айтады. Ақсақалдардың ақ тілегі қабыл болды ма, әлде жергілікті жұртшылық осынау қасиетті аманаттай атты кірлетпей, кіршіксіз қалпында ардақтауға күш салды ма, ынтымағы жарасқан мекен сол кезден бері барды ұқсатып, жоққа жасымаған еңбексүйгіштіктің үлгісіндей қалыптастырған «Ауыл түбі – бірлік, бірлік түбі – тірлік» деген таныс тәмсіл айрандай ұйыған ауыл ауызбіршілігін көргенде, еріксіз ойға оралады.

Аламаннан ат озар жарысқанда
Мерейлі датаға арналған шара ­бастауын ат бәйгесінен алды. Таңмен таласа оянған жұртшылық пен қонақтар кіреші мен сейістерге еріп, ат аламанын тамашалауға асықты.
Жылқы дегенде қаны қызбайтын қазақ болсын ба, сәні мен сымбаты, бабы келіскен сәйгүліктер сынына алыс-жақын жерлерден бағын сынаған қазанаттар қатары көп болды. Шабандоздар белгіленген қашықтықта күш сынап, айналаны шаңға бөктерді. Арғымақтар арасынан дара шауып, мәреге алғашқы болып жеткен Ү.Түктібаев ауылынан келген «Ханзада» атты тұлпар бас жүлдені қанжығалады. Құнан бәйге жүлдесін Қармақшы ауданы, Ақай ауылының «Бұйрық» атты жүйрігі иеленсе, тай жарысының жүлдесін Сырдария ауданы, «Жетікөл» ауылынан келген «Ақбақай» атты ат алды.
Бірінші орын Ордабай Төлегеновтің «Ақбақайына» бұйырса, екінші орын Ертуған Смағұлдың «Тоқсанторысына» табысталды. Үшінші болып Мадияр Бақбергеновтің «Аудикөгі» шауып келді.

Ақындар жыр арнады мерейтойға
Бірлік ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Тоқсан жыл бағы таймаған, Бірлігім жаса жайнаған» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Мүшәйраға ауданнан 10 талапкер қатысты.
Ақындар көңілдегі күйін, торқалы тойға деген тілектестігі мен тебіренісін жырмен төгілдірді. Әділқазылар алқасы қатысушылардың сөз саптауы, ұйқас құрауы, мазмұндық шеберлігі, сахналық мәдениетін сарапқа салды.
Нәтижесінде бас жүлдені Бекарыстан би ауылының үмітін арқалап келген Қанат Сырлыбай қанжығаласа, бірінші орын биігіне жалаңтөсбатырлық Нұрман Бекжан көтерілді. Жүлделі екінші орынды Кәукей ауылынан келген Ақжол Сұлтан алса, үшінші орын Бірлік ауылының үміткері Ұлпан Қайназарға бұйырды.

Ауыл кеші тамаша
Шара аясында аудандық «Бірлігі бекем Бірлігім» атты аудан және ауыл өнерпаздарының гала концерті өтті. Танымдық шараны аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков ашып, аудан әкімінің құттықтауын жеткізді.
Жәдігер Тұрсынов атындағы халық театрының актерлік құрамы сахналаған көрініс тарихи мекеннің өткенінен сыр шертіп, жас ұрпақты туған жерін сүюге баулитын мазмұнды ойға жетеледі.
Сахнада ән шырқалып, күй шертіліп, би биленді. Шара соңындағы мерекелік отшашу да мерейтойлық салтанатқа сән қосты.
Тойға жиналған жұртшылық қаз-қатар тігілген ақшаңқай үйлерден дәм татып, көңіл-күймен тарқасты.
Бағдарлама барысында спорттық шаралар ұйымдастырылып, шағын футбол, арқан тарту, қол күрес, қазақша күрес, батпан көтеру, қой көтеруден жастар жарысқа түсті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар мен ауыл перзенттері атынан қомақты жүлделер табысталды.
«Біздің басты байлығымыз – бірлігіміз. Бірлігі жарасқан мекеннің әрбір адамы мұны өмірлік азықтарына айналдырған. Туған жердің түлеуі ақылман абыз ақсақалы, әзиз анасы, өзінің шыққан жерін үнемі жадынан жоғалтпай, бойтұмары ететін баласымен байланысты өрбиді. Қандай қиын күндер өтсе де, ­мойымай, ертеңге деген сенімдерін елінің дамуымен байланыстырған тұрғындардың арқасында елді мекен еңсесін тіктеді, жаңалықтарға иек артты. Ауылымызда жаңа нысандар бой көтеріп, тұрғындар саны жыл санап артып, кәсіпкерлік саласы көлемін ұлағайтуы осының айғағы.
Осындай торқалы тойды жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан берекелі Бірлік тұрғындары мен ұл-қыздарына, бізді қолдаған аудан әкімдігіне ауыл азаматтары атынан алғысымызды білдіреміз», – деді ауыл әкімі Өміртай Өтеп-Әлі.

Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
24 тамыз 2024 ж. 227 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031