Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Чемпиондар ұстазы

Чемпиондар ұстазы

Елде спортшылардың кәсіби мерекесі жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Мереке күні қарсаңында спорт саласында ұзақ жыл жемісті қызмет етіп, чемпиондардың бапкері атанған, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға елеулі үлес қосқан азамат жайында қалам тербеуді жөн көрдік.

Иә, Сыр өңірі – таланттылардың мекені. Оның ішінде Қазалы ауданының да спорт саласындағы жетістіктері аз емес. Ел спортының даңқты тұлғаларын түлеткен мекен бүгінде Олимпиада, Әлем, Азия жеңімпаздарын даяр­лайтын ұстаханаға айналды. Бәйгеде бабы келіскен, даярлығы кемел жүйрік озады. Десе де дүбірлеген додаларда жүлде салып, жұлдыз болған саңлақтарды жанын салып баптап, «чемпион» шығарған бапкерлердің маңдай тері мен ізденісі көзге көріне бермейді. Білікті бапкер болмаса спортшы қанша жерден талантты болса да, бәсекенің биік сатысына көтеріле алмасы анық.
Бүгінде ардагерлікке абыроймен жеткен спорт саңлағының есімі аудан жұртшылығына ғана емес, облысқа, қала берді республикаға танымал. Ауданда алғашқылардың бірі болып балаларды спорттың волейбол түріне жаттықтырып, жүздеген жеңімпазды шығарған жаттықтырушының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Соның ішінде Жұмабек Құлбаев «Спорт десе ішкен асын жерге қоятындардың» қатарында. Ендеше артқа шегініс жасап, өткенді сәл еске алайық.
Алғаш рет Қазалыда баскетболдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылады. Бас­кетбол командасы облыс біріншілігінде үнемі жүлделі бірінші орынды иеленетін. Сол кездері аймақтың құрама командасы мүшелерінің жартысы қазалылық баскетболшылар болған. Кейін спорт мектебінде бокс, грек-рим күресі, футбол бөлімшелері жұмыс істей бастайды. Спортпен шұғылдануға ынтық балалар саны да артады. 1991 жылғы оңтайландыруға байланысты мектеп жұмысын тоқтатты.
2004-2005 оқу жылында бұрынғы «Казсельхозтехника» мекемесінің машина жөндеу ауласы спорт залына ыңғайланып, күрделі жөндеуден өтіп, спорт мектебі болып ашылады.
2006 жылы мектеп директорлығына Қазақ ССР-нің спорт шебері – Жұмабек Құлбаев тағайындалады. Спорт жанашыры Жұмабек Әлиұлының басшылығы, ұжымының ұйымшылдығы арқасында 13 бөлмелі әкімшілік ғимараты салынады. Мектепте грек-рим, футбол, дзюдо, бокс, волейбол, ауыр атлетика, тоғызқұмалақ, қазақ күресі секцияларында оқушылар жаттыға бастайды.
Жұмабек Әлиұлы Арал ауданының Ақирек ауылында дүниеге келген. Бала күнінен спортты жанына серік еткен жан Аралдағы №15 мектепте оқи жүріп, еркін күреске, боксқа қатысады. Ауыр және жеңіл атлетикамен айналысып, футбол мен волейболды да жақсы меңгереді. Оқушылар арасындағы аудан, облыс біріншілігінде еркін күрестен чемпион атанады. Мектептегі футбол командасының, кейінірек Қазалы ауданының қолдобы командасының қақпашысы болды. 100 метрге жүгіру жарысында да алдына қара салмай, Арал, Қазалы аудандарының чемпиондығын алады. Алматы физкультура институтынан «Дене тәрбиесі пәні» мұғалімі мамандығын меңгерген ол бірнеше еңбек сатысынан өтті. Қазір спорт саңлағы өзінің жемісті жылдарынан соң зейнеткерлікте.
Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірт жетістігімен өлшенеді емес пе? Бұл орайда Жұмабек ағаның еткен еңбегі ұшан-теңіз. Ол жаттықтырған Талғат Қожамжаров 1996 жылы грек-рим күресінен Тигиранда өткен Бүкіләлемдік универсиаданың төртінші жүлдегері. Қыстаубай Мырзабарақов, Мұқан Таубаевтар 1982 жылы Орал облысының Каменка селосында Кеңес Одағының батыры Садық Жақсығұловты еске алуға арналған республикалық турнирде топ жарды. Әділ Кәрбозов болса, самбо күресінен КомиАССР-нің жеңімпазы. Қазақ елінің мақтанышы Азия чемпионы, Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, XXX жазғы Лондон олимпиадасының қола жүлдегері, мұнайлы елдер арасында өткізілген әлем біріншілігінің жүлдегері Марина Вольнова да Жұмабек Әлиұлынан тәлім-тәрбие алған спортшы.
– Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің міндеті – мектеп жасындағы балаларды спортқа баулы. Олимпиадаға қатысу­шыларды даярлау балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің міндетіне кірмейді. Мен Қазалы қаласындағы №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін 16 жыл басқардым. Міндетіме кірмесе де Марина Вольнованы Азия чемпионы, Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, 2012 жылы Лондонда олимпиадасында қола жүлдегер атанды. Осы жетістікке жетуіне үнемі көмек беріп, қолдап отырдық. Жақында Парижде өткен олимпиадаға біздің шәкіртіміз – Абылайхан Жұбаназаров 81 келі салмақта дзю-до күресінен ел намысын қорғады. Облыс бойынша 25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері бар. Қазақстан бойынша қаншама балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Бірақ осы мектептің бәрі біз сияқты олимпиадаға қатысушы берген жоқ. 2 олимпиадаға қатысушы дайындаған жалғыз мектеп, – дейді спорт саңлағы.
Чемпиондарға тәлім берген аға жаттық­тырушының өзі де Қазақстан Республикасы чемпионаты мен біріншілігінің екі дүркін чемпионы. Облыстың төрт дүркін «түйе палуаны» атағын иеленген. «Қазақстан Республикасында Дене шынықтыру мен спортты дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін және I дәрежелі «Еңбек даңқы», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалін кеудесіне таққан. Бір қызығы, кейіпкеріміз шығармашылыққа да жаны құмар. 2001-2003 жылдары республика аймағында тараған «Спорт әлемі» газетінің бас редакторы болыпты. Оның «Жанқожа батыр» ерікті спорт қоғамы қоғамдық бірлестігінің президенті болуы да қоғамдық жұмысқа белсене атсалысқанын аңғартады. Бірлестік аудандық, облыстық деңгейдегі спорттық жарыстарға қолдау көрсетіп, демеушілік жасайды. «Саңлақтар», «Спортымен атағы асқақтаған Ақмешіт», «Қазақтың Қуандық палуаны» кітаптарының авторы. Ал өзіміздің редакциямызға жиі соғатын спорт саласының ардагері әзіл-шыны аралас «Деген екен... » айдарын беріп отырады.
Иә, Жұмабек Құлбаев – спорттың дамуына айрықша үлес қосып, талантты жастарды тауып, таудай талабын үлкен жеңіске айналдыра білген, талай саңлақтың спорт әлемінде еркін самғауына еңбек еткен чемпиондар ұстазы.
Айнұр ӘЛИ

17 тамыз 2024 ж. 289 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031