Тағдырлары теміржолда тоғысқан
Бұл бірлігі жарасқан отбасын орнықтырып, ойыстыратын ортақ дүниелер көп. Ерлі-зайыптылар бір салада еңбек етеді. Ұстанған ұстаным, өмірлік бағыттары бір арнада бағытталған. Басты ерекшелігі, Арыстанбековтердің еңбекке деген адалдығы теміржолда тер төккен арғы аталарының дәстүрлі жалғастығынан басталыпты.
Біз сөз етіп отырған Оралбек Арыстанбеков пен Гүлмира Бөлекбай Қазалы локомотив жөндеу зауытының тәжірибелі жұмысшылары.
Отағасы Оралбек Ізмаханұлы осы өндіріс орнында қырық жылдан бері тынымсыз тер төгіп келеді. Теміржолшылар Ізмахан Арыстанбеков пен Дариға Ізмағамбетованың ұлдары мектеп бітірген соң, көп ойланбай, өзіне таныс салада еңбек етуді мұрат тұтады.
1984 жылы жұмысшы болып жұмысқа қабылданған жас жігіт зауыттың құрылыс цехында табан аудармай 33 жыл жұмыс істейді. Темірден түйін түйетін ол теполовоз кабинасын қаңылтырмен қаптап, қажетті бұйымдар, қосалқы бөлшектер жасайды. Шебердің қолынан шыққан жұмыс көпті тамсандырмай қоймайды. Осы жылдарда жүздеген шәкіртті мамандыққа машықтандырып, өзі қалаған саланы сүюіне ықпалдастырады.
Жаңа талап деңгейіне иек артқан ұжым 2017 жылы Оралбекті құрал-жабдықтау цехына ауыстырады. Қазір тепловоздар ішін еурожөндеуден өткізіп, заманауи икемді мәрмәрмен қаптайды.
Қазалы локомотив жөндеу зауытында слесарь болған Кеңес Бөлекбайдың қызы Гүлмира – құрастыру цехында деталь жуушы. Өмірлік таңдауын өзі қызмет ететін орыннан кездестіргеніне келіншек қуанышты.
Қарапайым қалыптан таймаған әулет мүшелері жас буынның еңбекке деген құрметін, өз кәсібіне деген мақтаныш сезімін арттыруға атсалысып келеді. Тұңғыштары Динара Арыстанбек – теміржол емханасында медбике. Онан кейінгі ұлдарының үлкені Алматы гуманитарлық университетінің студенті болса, кішісі мектеп оқушысы.
«Қиындығына қарамай, жолдасым да, өзім де жұмысқа бейжайлық танытпауға тырысамыз. Біз үшін жауапкершілік – басты ұстаным. Егер салғырттық танытсақ, өзімізге үлгі болған үлкендердің өткен жолы мен абыройлы атақтарына дақ түсіргендей боламыз», – дейді отанасы.
«Бір салада жұмыс істеу қиындық тудырмай ма?» деген сұрағымызға қысқаша: «Жоқ, керісінше, жеңіл әрі тиімді тұсы көп. Отбасында түсіністік маңызды мәселе. Бұл орайда өзімізді жолы болған жұптар қатарынан көреміз. Жұмыс барысы таныс. Бір-бірімізге барынша қолдау білдіріп, кездескен кедергілерді бірге жоюға күш саламыз», – дейді бақыты мен кәсібі тоғысқан жандар.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА