Олимпиада: Бақ пен баптың бәсекесі

Олимпиададағы қазақстандықтардың алғашқы жүлдесін Қазақстан-1 командасы пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден алды. Ислам Сатпаев пен Александр Ле қола жүлдені иемденді.
Алғаш рет олимпия ойындарына қатысып тұрған бұл жұп Германия құрамасының Анна Янсен мен Максимилиан Ульбрихтен басым түсті. Біздің мергендер ертеректе іріктеуде 630.1 ұпай жинаған. Ислам мен Александра дуэті – былтыр Ханчжоуда өткен жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері.

Аталған спорт түрінен Қазақстанның татами шебері Ғұсман Қырғызбаев қола медаль иеленді. Қазақстан дзюдошысы жартылай финалда 24 жастағы Бразилия өкілі Виллиан Лимадан ұтылды.
Естеріңізге сала кетсек, Қырғызбаев алғашқы айналымда испаниялық татами шебері Давид Гарсия Торнемен белдесіп, қарсыласын жарыс жолынан тайдырса, екінші белдесуінде Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулдан мықты болып, финалға шықты.
Ан Баул Рио Олимпиадасында күміс, Токиода қола медальға қол жеткізген еді. Ғұсман Қырғызбаев – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері.
Дзюдодан Қазақстан командасының үздігі Абиба Әбужақынова Париж Олимпиадасындағы алғашқы белдесуінде жеңіске жетті. 48 келі салмақта сынға түсіп жатқан Абиба алғашқы айналымда израильдік Шира Ришориден "ваззари" ұпайы бойынша басым түсті. Осылайша, қазақстандық балуан Олимпиада ойындарының келесі айналымына жолдама алды.
Бірақ Ұлттық құрама дзюдошысы Абиба Абужақынова Париж Олимпиадасының қола жүлдесі үшін бедесуде швециялық Тара Бабулфаттан ұтылып қалды.
Бұл – Абибаның алғашқы Олимпиадасы. Ол іріктеуде Абиба Израиль спортшысы Шира Ришониды, Лень Чэнь-Хаоны ұтып, жартылай финалда испан Лаура Мартинестен ұтылған. Ал жұбаныш белдесуінде парагвайлық Габриэла Нарваэстің жауырынын жерге тигізді.
Былғары қолғап шеберлерінің сайысы бойынша жағдай мәз емес. Себебі команда капитаны Асланбек Шымбергенов үшін олимпиада аяқталды.
Париж Олимпиадасында Ұлттық құраманың капитаны, 71 кг дейінгі салмақтағы Асланбек Шымбергенов алғашқы айқасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Зейяд Ишаишқа есе жіберді. Жекпе-жек 2-3 есебімен аяқталды.
Жұдырықтасу бойынша өткен додадағы үзілген үмітті боксшы Айбек Оралбай қайта жалғады. Яғни қазақстандық спортшы Париждегі Олимпиада ойындарындағы бірінші жекпе-жегін өткізіп, 92 келіге дейінгі салмақта бақ сынап жатқан отандасымыз нигериялық Адам Олаорені жеңді.
Айбек қарсыласын бірінші раундта нокдаунға да түсірді. Одан кейін де шабуылда ширақ, қорғаныста мығым болды. Отандасымыз ширек финалда Хулио Сезар Ла Круз – Лорен Альфонсо Домингес жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Ал әйелдер арасында жұдырықтасудан өткен додада жарыс жолын бастаған 2 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай алғашқы айналымда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Джиордана Соррентиноны 4:1 есебімен жеңді.
Енді боксшы 1/8 финалда Панамерика ойындарының жеңімпазы Каролин де Алмейдамен жұдырықтасады. Әзірге осы, алдағы уақытта спортшыларымыздың ойындарын «Qazaqstan», «Qazsport», «Jibek Joly», «Хабар» және «Ел арна» телеарналарынан бақылап, жанкүйер бола аласыз.
Еске салсақ, Париждегі төрт жылдықтың басты спорттық оқиғасы биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Франция жеріндегі додаға әлемнің 206 елінен 10 500 спортшы қатысады. Париждегі бәсекеде 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен жүлдеге таласады.
Серік АҚМЫРЗА