Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана тілеуі

Ана тілеуі

Асылай биыл бастауышты тәмамдады. Бұрынғыдай ашық-жарқын емес, томаға тұйық. Тіпті жалғыз жүруді әдетке айналдырды. Бала болып, қатарластарымен ойнауға да бармайды. Қызының қабағы түсінкі екенін анасы да байқап жүр. «Сабағы қиындап кетті ме екен?» деп бір рет көмектеспекші болған. Жоқ, жастайынан алғыр, зерек өскен Асылайдың тапсырмаларды тиянақты орындағанын көріп, марқайып қалды.

Өткен жолы сынып жетекшісі телефон шалып: «Апай, Асылайдың үлгерімі нашарлап бара жатыр. Дәптерге тап-тұйнақтай етіп орындаған тапсырмасын тақтаға шыққанда ұмытып қала ма ләм-мим деп ауыз ашпайды. Беске оқитын озат оқушым еді. Неге бұлай күрт өзгерді. Өзіңіз үйден қадағаласаңыз...» деген еді.
Ақмарал қызымен ашық сөйлеспек болып еді Асылай ешқандай мәселенің жоқтығын айтып, алшақтай берді. Ақыр соңында жылдық қорытынды да Асылай үздік оқушылар қатарынан түсіп қалды. Бұл жолы анасы бір шикіліктің барын анық ұқты. Барлығын біле тұра неге сабақ айтуға қымсынатындығын Асылайды құшағына қысып отырып тағы бір сұрады.
Бұл жолы әңгімені арыдан бастады. «Асылай, сен бір жастан асар аспас, ата-әже дегеніңде тәтті тіліңді қызықтап, неше түрлі сөзді қайталатушы едік. Былдырлап жауап бергеніңде күлкіге қарық болатынбыз» деп өткен күндерді еске алып анасы жымиды. Тілің ерте шықты, үйге біреу келсе әжең марқұм: “Баланы алып кет. Қазір тақылдап сөйлейді” деп отыратын. Бөгде адамнан жасырып, жабатыны тіл-көзден сақтанғаны еді, – дегенанасына Асылай: «Анашым, мен ол кезде кекеш емес пе едім» деп тосын сұрақ қойды.
– Кекеші несі, жоға. Аға-әпкелеріңнің атын өз тіліңде айтып, бәріне ат қойғансың. Тіпті сенің айтқаныңмен Айзере татеңді Айзи атап кеттік ғой, деп күлімсіреді.
– Бірақ мен қазір кекешпін. Сыныпта мені балалар солай атайды, – деп Асылай жылап жіберді. Қызының ішкі арпалысын анасы енді ғана түсінгендей.
Асылай күні кешеге дейін тақылдап сөйлеп жүрген. Мектепке алғаш барған жылы да бәрі дұрыс еді. Біріншіні бітіруге сәл уақыт қалғанда апайы: «Асылай, кейбір әріптерді айтпайды.Логопедпен жұмыс жасау керек» деген. Сол жылы балалардың жазғы демалысы кезінде Асылайды анасы логопед-маманға қатынатып, жоқ әріптерін «түгендеген». Алайда тұтықпалық пайда болды. Сөйлеу үшін бірнеше секунд тұрып қалып, сөз бастайды. Өсе келе өзінің осы кемшілігінен қымсынатын. Жығылғанға жұдырық болып, сыныптастары оны «кекеш» атып кеткен. Міне, Асылай содан бері жұмған аузын ашпауға бекенген.
Біреуге сөйлей қалса, «сен кекеш екенсің ғой» деп айта ма деп қорқады. Тіпті көшеде жұрт бұны сұқ саусағымен көрсетіп, «мынау әлгі кекеш қыз ғой» дейтіндей. Жұртқа жуымайтындығы да сондықтан. Түн баласы Ақмарал көз ілмеді. Қызғалдақтай құлпырған қызының өзін қор санайтынын сезіп, жүрегі қарс айырылды. Жылады, қай жерден қателестім деп өзінен кінә іздеді. Енді не болады? Кімге, қайда апарамын. Ойы сан саққа жүгірді.
Таңертең жүзі солыңқы, көзі ісіңкі болып тұрды. «Қызымды қайтсем кекештіктен құтқарам» деген оймен арпалысты. Жұмысында да мазасы қашып, өңі қуарып отырғанын әріптестері сезді. Жақын құрбысы: «Ақмарал, ауырып отырсың ба? Өңің бозарып тұр» деп жанына жақындады. Ақмарал жылы сөзбен, арқасынан қаққан ыстық алақаннан еріксіз жанарынан жас ыршып шықты.
Әріптестерінің барлығы дерлік әйел адамдар. Ол лезде жанына жиналып, қолдау көрсетіп жатты. Бірнеше күннен бері тамағына кептеліп тұрған өксікті шығарып, Ақмарал жылап алды. Егіліп отырған бұған әріптестері: «Не болып қалды?» деп бәйек болды. Ақмарал ақтарыла сөйледі. Қызының жан жарасын айтып, қайтсем көмектесе аламын деп кеңес сұрады. Әркім өз білгенін ортаға салды.
– Қорықтық құйдырып көрдің ба? – деді Хадиша .
– Жоқ, оның пайдасы бар ма екен? Кім құяды? Қайда тұрады? Ақмарал Хадишаға үлкен үмітпен қарады.
Ертесіне қызы екеуі көрші ауылға жолға шықты. Хадишаның айтуы бойынша қызына қорықтық туралы жақ ашпады. Діттеген жерге жетіп, қызын сыртта қалдырып, қорықтық құятын әжеге бұйымтайын айтты. Бір кезде Асылайды бөлмеге шақырды. Әжей «қазір келем» деп шығып кетті. Еш алаңсыз отырған Асылай тас төбесінен шыж ете қалған дауыстан шошып кетті. Шыңғырған даусы қатты шықса керек. Анасы Ақмарал қызын тас қылып құшақтап алыпты.
Тападағы белгісіз бейнені көрсетіп жатып әжей: «Қызым, баланы екі кештің ортасында далаға шығармаған жөн. Лас жерде ойнамауын бақылау керек. Балаға қатты айқайлап ұрысып, шошытуға болмайды. Бала қатты қорқып қалған», деп құбыжыққа ұқсас болып қатқан қорғасынды Ақмаралдың қолына ұстатты. Алғысын жаудырып Ақмарал қызын жетектеген күйі үйден шықты. Кеудесін біртүрлі сезіп билеп алды.
Ана тілеуі қабыл болды ма әлде қорықтықтың көмегі тиді ме ол жағы беймәлім. Тек Асылай бұрынғыдай емес тұтықпалығын азайтқан. Асылайының «кекеш қыз» деген аттан біржола арылар күн алыс еместігіне ана жүрегі риясыз сенеді.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
06 шілде 2024 ж. 415 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031