Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алдымызда ауыр да, жауапты міндет тұр

Алдымызда ауыр да, жауапты міндет тұр

Аймағамбет Абай Қазбекұлы – Қазалының төл тумасы. 1992 жылы Абай ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің, магистратурасының түлегі. Республикалық «Хабар» телеарнасы, елімізге танымал «Айқын», «Egemen Qazaqstan» сынды басылымдарда, ақпараттық порталдарда жұмыс істеген. «Бесінші жатақхана» кітабының, бірнеше көркем шығармалар мен мақалалардың авторы. Халықаралық, Республикалық «Алтын тобылғы», «Ұлы дала», «Кемел қаламгер», «Еркін сөз» байқауларының жүлдегері.

– Абай, «Ғайыптан тайып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына өтіп кетер болсақ, бүгінгі тірішіліктің әлдеқайда бағалы, әлдеқайда жомарттау екенін байқаймыз...» дейсіз. Әңгіме басын аядай ауыл баласына айға қол созатын арманды ұялатқан алыстағы балалықтан бастасақ...
– Қазақта кез-келген шығармашылық иесінің өнер жолы өлең жазудан басталуы қалыпты құбылыс сияқты. Кейін бірі ақын болып қалыптасады, енді бірі өнердің баста бұйдасынан ұстап жатады. Шамамен, 4-5 сыныптарда өлең құрай бастаған болатынмын. Жастайыман өлең жазып, мүшәйраларға қатысып жүрдім. Студент атанғаннан кейін өзімнің ақын еместігімді түсіндім. Ақындық деген басқа дүние, поэзия деген өте ғажап құбылыс. Кез-келгенге қонбайды. Бойымда бала күннен әңгіме, эссе жазу деген машықтар болған. Сонымды жетілдірдім. Студенттік кезде де, кейінгі жұмыс істеген жылдарымда да бағытты сол тарапқа бұрдым.
Балалық шақта ерекше бір дүние жазу, іштегі ұялаған сезімдерді сыртқа шығару, қағаз бетіне түсіру деген қызығушылықтан жазып тастаппын. Әрине ол қазіргі өлшеммен қарағанда, толыққанды шығарма деуге келмес. Алайда балалық кезеңдегі баспалдақ, бүгінді жолға жетелеген әдемі естелік. Қандай туынды тудырсам да, ата-анам үнемі қолдап, қанатандырып отыратын. «Ұланның» жас тілшісі атандым. Журналистикаға, сөз өнеріне қатысты қандай шаралар бар, әкем барынша қалдырмауға тырысатын. Қаржылық жағдай жақсы ма, жолсапар жағы қалай болады, оның барлығын қиындықпен реттегенін қазір ұғынып жүрміз ғой. Сол қолдаудың барлығы үлкен шығармашылық қуат, жетістікке жетеледі деп ойлаймын.

– «Ардың ісін» ардақтаған азаматсыз. Бізді идеологиялық құрал екшеленген, електен өткен, қалыпқа құйылған Кеңестік әдеби шығармалар тәрбиеледі. «Өз жарасын өз қасыған» қасқыр қоғамда дүние есігін ашып, азаттыққа ұмтылған, шын мәнінде, оның бар екенін ұғындырғысы келген толқындастарыңыз Тәуелсіз қазақ әдебиетін тудыра алды ма?
– Менің қатарластарым қазіргі қазақ әдебиетін жасауға лайықты деңгейде үлестерін қосып жатыр деп есептеймін. Сонау 60-80 жылдарда да қазақ әдебиетінің өзінше бір ғажап дәуірі болды. Одан кейін Тәуелсіздік алған 90-жылдардан кейін үлкен тоқырауға тап болдық. Ол барлық саланы шарпыды. «Әдебиет – уақыт айнасы» десек, сол тұстағы кері кету яғни регресстің орын алуы заңдылық. 2010 жылдан бері әдебиет жандана түсті. Кәсіби тұрғыдан қарайтын болсақ, біз құралпы буын жақсы дүниелер жазып жүр. Және әдебиетке қатысы бар «жазушы болсам», «ақын болсам» деген азаматтарды қолдаушы түрлі жобалар мен байқаулар да өте көп. Нарықтық кезеңде мұндай қаржылық бағыттың болуы маңызды. Жазушы сол қаламақысын алып, отбасының қажеттілігін қанағаттандырады, алаңсыз жазуға отырады. Қазір әдебиетті комерцияландыру үрдісі белең алып келеді. Бұл ешқандай да жаман құбылыс емес, керсінше, әдеби өнімді әдеби тауар ретінде бағалауға мүмкіндік беретін маңызды бетбұрыс. Шығарманы «Тауар» деп атауға шамданудың қажеті жоқ, егер ол классикалық, оқылымды дүние болса, ол керемет тауар бола алады. Әдебиет миссиясы белгілі бір деңгейде халықтың көңіл толқынысын, пернелерін басып табу. Адамды ойландырады, күлдіреді, түрлі сезімге жетелейтін өнімді сата білуде, ұсына алуда жазушы шеберлігі сыналады. Кейінгі уақытта «кімнің подписчиктері көп болса, сол оқылымды жазушы» дегендей әдебиет сапамен емес, санмен өлшенетін түсінік те қалыптасып үлгерді. Оны, өз басым, уақытша құбылыс деп ойлаймын. Түптің-түбінде классикалық дүние ғана өз таңбасын қалдырады, мәңгілік мұра санатынан табылады. Сондықтан біздің мақсатымыз – жақсы жазу, оқырман жинау. Жазушы мен блогер кітап жазса, блогердің кітабы өтімді болады. Бірақ «Ұзақ мерзімді перспективада блогер өнімі көрініс таба ма, жоқ па?» дегенге келгенде, көп нәрсенің беті ашылады деген ойдамын.
Біздің қатарымызда болашағынан үміт күттіретін, роман, хикая, әңгімелер жазып жүрген жігіттер мен қыздар өте көп. Осы шоғыр әдебиетке шоқтығы биік шығармалар әкеледі деген ойдамын.

– Дамыған елдерде жазушылардың жанкештілігін бағалау, ынталандыру мақсатында баспашылардың өзі авторға қаламақы төлейтін үрдіс бар. Бұл, бір жағынан, инвестиция. Өзіңіз тілге тиек етіп отырған танымды дүние, елеулі еңбектің оқырманға, оқырман тұрмақ, әдеби ортаға жетпеуіне не себеп? Не кедергі? Журналистік пен жазушылық жан бағуға жете ме? Тұтас қоғамды кітап оқуға қалай жұмылдыра аламыз, қызықтыру үшін қайтпек керек?
– Жазушылық жұмыспен жан бағуға болады. Бірақ баюға, толымды өмір сүріп, қалағаныңа қол жеткізуге мүмкіндік бар деу қисынсыз. Шын мәнінде, бізге ауқатты өмір сүру үшін, жоғарда атап өткенімдей, әдебиетті коммерцияландыру маңызды.
Тұтас қоғамды кітап оқуға жұмылдыру үшін кітап насихатына бағытталған түрлі жұмыстар қолға алынуы керек. Бұл тұрғыда қиындық бар. Қазіргі қоғам, талаптар мүлде бөлек. Жаңа технологиялар қолданысқа енді. Түрлі құндылықтар өзгеріп жатқан тұста кітапты сақтап қалу оңайға соқпайды. Байқағанымыздай, мың жерден жаңа технология, жасанды интеллект шықса да, бәрібір кітапқа деген құрмет өлмейді. Жастардың кітап оқуға бағыт бұруы – осының көрінісі. Жақында Алматы қаласында Шыңғыс Мұханның қолға алуымен «Coffeebook» деген кофехана желісі ашылды. Аталмыш орында кітап оқуға, тамақтануға, демалуға болатын жағдай жасалған. Тұтас қабырғаны алып тұрған сөреде бай кітап қоры бар. Осындай үлгілі қадам, инновациялық жобалар келешекте де жалғасын табады. Бизнестің бұл түрі тізбекті реакция туғызса, өте тамаша болар еді. Өз тарапымыздан өзіміз жазған, өзгелер жазған жақсы дүниелерді жарнамалау, насихаттау, балаларға кітап оқытуға күш салу мүддесі бар. Алдымызда кітапты заманауи өзгерістер арасына жұтылдырмай, сақтап қалу, оның оқылымы мен сатылымын жоғары деңгейге жеткізу сынды ауыр да жауапты міндет тұр.


– Отызға жетпей-ақ қаламгерлер арасында топ жарып, бағындырған бигіңіз көп. Бұл сөздің Сіз бұйдасын ұстап отырған қос салаға да қатысы бар. Өз тіліңізбен айтсақ, антиутопиялық формалді дүниеге тән емес, тілдік экспрессиядағы бөлек идеостильге бой алдыруыңыздың сыры неде?
– Жетістікке жету, біріншіден, Құдайдың бұйыртқан несібесі болса, екіншіден, ізденістің нәтижесі. Біраз жылдан бері журналистика саласында жұмыс істеймін. Қосымша жазушылық мұратты қатар алып келе жатырмын. «Бұл екі бағытты тең ұстау оңай емес. Көбіне журналистика басып кетеді» деп жатады ағаларымыз. Менің бұл тұрғыдағы түсінігім сәл басқалау. Жұмысын журналистіктен бастап, кейін атақты жазушы болған шетелдік жазушылар көп. Тәжірибе қазақ әдебиетінде де мол кездеседі. Қазірге дейін журналистикамен айналыспаған жазушы Қазақстанда кемде-кем шығар. Бір қызық дүние бар, «Egemen Qazaqstan» газетінде экономика және қаржы тақырыбын жазамын, сол бөлімді басқарамын. Руханият тақырыбында мақала жазбаймын. Тек прозам бар. Бұл маған өте жақсы. Бағытым бөлек болғаннан кейін, миым тыныш. Жауапты тақырыптағы ақпараттарды реттеймін де, кітап оқимын, шағын әңгімелер жазамын, болашақта жарық көретін үлкен дүниелерімнің қажетті жағын анықтау деген сынды ізденістеріммен отырамын. Сондықтан әзірге екі бағытты қатар, лайықты деңгейде алып келе жатырмын деп ойлаймын. Болашақта да дәл осылай жұмыс істеуге пейілдімін. Адамда ниет, ықылас, еңбектену болса, барлығы болады.

– Шытырман оқиғаның иіріміне терең еніп, тұтқынына айналдыратын, бәсі жоғары, бағыты бөлек «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» романы сізге танымалдық алып келді. Оқиға өн бойындағы психологиялық жағдай, шиеленіс, қоғамдық көріністі көркем шындыққа айналдыру аз күшті талап етпейді. Сыншылар шығарманы «қазақ әдебиетін ілгері жылжытты» деген пікір айтты. Туынды қалай туылды? Оқырманға осы қызық...
– «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» 2021 жылы жазыла басталды. Идеясы, құрылымы, сюжеті өз қиялымнан туындаған. Алғашында шағын әңгіме болады деп ойлағанмын. Кейін жалпы консепциясы әңгіме ауқымына сыймайтынын ұғынып, әңгіме-хикая қылайын деген ой келді. Жазу барысында «ақыры үлкен бағытқа бет бұрған екенмін, роман жазайын» деп тәуекел етуге бекіндім. Шығарма екі жыл бойы жазылды. 2023 жылы романды аяқтап қалғанымда, «Кемел қаламгер» байқауы туралы естідім. Үлгерсем, қатысармын, үлгермесем қатыспай-ақ қояйын деген ой болды. Осындай күндердің бірінде шығарма бітті. Екі күннен кейін қабылдау аяқталады екен. Жанымдағы тілектестер бақ сынауға көндірді. Нәтижесінде бас жүлдеге ие болдық.
Қазылар құрамында болған Тұрысбек Сәукетаев деген классик жазушы ағамыз жүлде белгілеуде тартысты дау-дамай болғанын айтты. Айта кетерлігі, ол кісінің атын естігенім болмаса, бұрын-соңды көрген адамым емес. Оның үстіне шығармаларымыз қазылар алқасына авторсыз, жасырын күйде барған. Бұл тұрғыда байқау әділ өтті деуге толық негіз бар. Бұған дейін де қандай жарыстан «таныс арқылы төрге озу» деген түсінік менде болған емес. Ол жағдай адамның арына маза бермейді. Таза жолмен жеткен жеңістің рақат сезімі бөлек. Мұндай сезімдерді соңғы жылдары басымнан кешіріп жүрмін. Оған дейін талай жарыста тауым шағылғаны бар. Топ жарған таңдамалы туындыларым биыл күзде жинақ болып шықпақ.


– Оқырманға сүйіншілейтін жағымды жаңалық­тар көп болсын!
– Сіздерге де шығармашылық табыстар тілеймін!

Сұхбаттасқан,
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
06 шілде 2024 ж. 231 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031