Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құлағыңа таққаның күміс сырға, сәулем-ай

Құлағыңа таққаның күміс сырға, сәулем-ай

Төрт жасар қызымның құла­ғында сырға жоқтығын көріп, шымкенттік абысыным таңғалды.
– Айкоштың құлағының тесігі әлі жоқ па? Біз жақта қырқынан шықпай нәресте қыз болса, сырға тағып тас­тайды. Байқаймын, мұнда ондай үрдіс жоқ сияқты. Содан кейін баланы қырық күн бойы шомылдырады екен. Түстікте екі мезгіл шомылдырып, екі күнге санап, бас-аяғы жиырма күнде қырқынан шығарады, – дегенді айтты. Кішкентай қыздардың құлағына сырға тағылып жүргенін көрсем де, онша мән бермеппін.
– Осы сырғаны не үшін тағады екен? – дедім де, өз сұрағыма өзім жауап беріп:
– Мүмкін, көз тимесін дегеннен шыққан шығар. Қазақта ғана бар дүние емес қой, бірақ ертеден келе жатқан түсінік болуы керек. Пирамидадағы суреттегі адамдарда да, Алтын адамда да сырға бар, – дедім. Бағанадан тым-тырыс отырған әпкеміз сөзге араласты.
– Аңызға сүйенсек, сырға тағу Бибісара анамыздан жеткен... Бибісара анамыз құрсақ көтермеген соң, Ыбырайым пайғамбар есіктегі күңіне үйленеді. Көп ұзамай тоқал құрсақ көтереді. Оның жүкті екенін білгенде Бибісарада қызғаныш пайда болады. Осыны сезген Ібіліс:
– Сен еріңе қанша адал қызмет етсең де, Құдайың Ажарды сенен артық көрді. Бұл – әділетсіздік. Оны өлтіріп, өшіңді ал, – деген ой салады. Қызғаныштан көзі ештеңені көрмеген Бибісара іштей «Ажарды екі жерден жаралаймын» деген тоқтамға келеді.
Сол түні таң алдында түс көреді. Түсінде өзі алып шынар ағашын егіп жатады. Шынар тез өсіп, айналасына саясын төгеді. Ояна салып, түсін жорытқанда күйеуі: «Ұзамай ұлды боламыз. Ұлымыз пайғамбар болады екен», – дейді. Бибісара қатты қуанады. Алайда «Ажарды өлтіремін» деген серті ойына оралып:
– Қызғаныштан Ажарды жаралаймын деген антым бар еді. Енді не болады? – деп ерінен сұрайды.
– Іштарлық – Ібілістің сипаты. Ол адамның дәрежесін көре алмай, Алланың дәргейінен қуылған. Сезіміңді ібіліске арбатпа. Алайда анттастың екен, орындау шарт. Саған Ажардың құлағын жаралау жеткілікті, – дейді Ыбырайым.
Бибісара қолына қанжар алып, Ажардың екі құлағының сыр­ғалығын тесіп жарақаттайды. Қос құлақтан қан сорғалап, Ажардың көркі қашады. Бәйбіше қанды көріп, шошып, өз ісіне өкініп, кешірім сұрай бастады. Сол сәтте Алланың әмірімен Жебірейіл періште пейіштен екі сырға әкеліп, Ажар анамыздың қос құлағына тағады. Жәннаттың лағыл тасын тағынғанда Ажар хор қызындай сұлу болып шыға келеді. Әйелдерге сырға тағу сол кезден бастап сүннет болған, – деді.
Қазақтың салт-дәстүрлерін зерттеп-зерделеп жүрген Зейнеп Ахметова қазақ қыздарының құлағына жеті жасқа келгенде сырға таққанын айтады. Қазіргі мектепке баратын балалардың айдар шашын кесетін үрдісі сияқты, сырға салудың да өз жөн-жоралғысы болатынын жеткізген. Әдетте сырғаны қолы жеңіл, жолы болған, ұрпағы өрбіген, жасы үлкен әйелдер салатын болған. Өзгелер көрімдік беріскен. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақтар мен түрікмендердің әдеп-ғұрпын, тұрмыс-салтын зерттеген неміс этнографы Рихард Карутц: «Баланы ұзақ күткен немесе кеш босанған әйелдер нәрестесінің жасы ұзақ болсын деген ниетпен оның құлағын уақытынан бұрын тесіп қоятын болған екен» дейді.
Ел арасында қолданыстағы «Құла­ғыңа алтын сырға» деген тіркес көпке таныс. Екі тарап құда болып, серттесудің белгісі деп, бабаларымыз қалыңдық болатын қыздың құлағына сырға салып кеткен. Жеңгелердің «Сырғалым» деп атайтыны осыдан қалған дейді кебір нұсқа. Дәстүрді зерттеушілер сырға салынған қызға үлкен жүк артылатынын айтады. Қыз жүргенде сырға сылдыры естіледі. Ол қатты шықпауы, мүлде естілмей қалмауын қатаң қадағалаған. Ол бір жағынан қорғаныс, бір жағынан белгіге баланған.

Дайындаған
Айару ЕРКІН
02 шілде 2024 ж. 227 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031