Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Утильалым: үміт пен күдік

Утильалым: үміт пен күдік

Фото: ашық дереккөзден
Шетелден әкелінген көліктер үшін алынатын қосымша салық түрі соңғы жылдары қазақстандықтардың басты мәселесіне айналған. Әсіресе көлік иелері былтырдан бастап утилизация алымына қарсылықтарын ашық білдіре бастады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, утильалымның биылғы базалық мөлшерлемесі 50 айлық есептік көрсеткіш болып отыр. Дәлірек айтсақ, өткен жылы 172 500 мың теңгені құраған алым құны биыл 12100 теңгеге өсіп отыр. Тиісінше утильалым өсімі бұған дейін ызасы кетпеген халықты одан сайын дүрліктіріп отыр.

Елдегі жағдай қалай?
Жалпы елімізде ескі көліктерді утилизацияға жіберу 2014 жылдан басталған. Бірақ ол кезде бұл үдеріске жаппай кірісуге, шыны керек, дайындық нашар болды. Елде ескі көліктер шамадан тыс көбейіп кеткен. Сондықтан бұдан, түптеп келгенде, халық зардап шегетін болды. Өйткені берілетін ақшасы мардымсыз еді. Әрі нақты жүйеленген бағдарлама да жоқ болып шықты. Тіпті алдағы уақытта сол бағдарламаны кім жүзеге асырады? Бұл іспен кім айналысады? Утилизацияға кеткен көлікті халыққа қалай жаңалап беруге болады? Ескі көліктер қандай технология бойынша утилизацияланады? деген сынды сауалдарға ол кезде ешкім мардымды жауап бере алмады.
Көптің көкейінде жүрген толғақты мәселені бірер жыл бұрын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі көтерді.
– Кәсіпкерлер мен жалпы қоғам тарапынан «ӨКМ операторы» ЖШС деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке «ӨКМ операторы» ЖШС-тің утильдік алым жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек, – деді Президент.
Содан 2015 жылдың желтоқсан айында құрылып, утилизациялық алыммен айналыса бастаған «ӨКМ операторы» ЖШС тексеруден өтіп, көптеген уақыттан бері кәдеге жарату төлемі түрінде түскен ақша қаражаты 691,9 миллиард теңгені құрағандығы анықталған. Бұған дейінгі Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қыруар қаржының қалай және қайда кеткені жайлы мәлімдеме жасаған.
– Отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 миллиард теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қаражаттары қайтарылды. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 миллиард теңге және салықтарға 49,1 миллиард теңге жұмсалды. Бүгінде екінші деңгейдегі банктерде қалған қаражаттың 220,6 миллиард теңгесі жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік бизнестің, қоғамның және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен мына мәселелерді пысықтайды: біріншіден, жеке мемлекеттік операторды немесе өнеркәсіпті дамыту қорының базасында құру. Екіншіден, кәдеге жарату төлемінің коэффициенттерін қайта қарау. Үшіншіден, кәдеге жарату алымы есебінен отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучерлер беру қарастырылады, – деген ол.
Кейін Үкімет арнайы қаулы қабылдап, құжатқа сәйкес өндірісшілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы етіп «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік мекемесін белгіледі.
Мемлекет басшысы көтерген утилизациялық алымның мөлшері төмендейтініне, оның жекеменшіктен алынып, мемлекет қарауына берілетінін құптаған жұрттың қуанышы өкінішке орай, ұзаққа созылмады. Себеп сол, утильалым әлі де қымбат.

Өзге елмен салыстырсақ...
Утильалым әлемнің барлық елінде жиналады. Бірақ баға өзге елдерде әлдеқайда төмен. Нақтырақ айтсақ, АҚШ-та 100-250 доллар арасы болса, Еуропада ең қымбат дегеннің өзі 100 мың теңгеден аспайды. Ал Жапонияда бізден 80 есе аз. Жапония­да автомобильдерді кәдеге жарату саласындағы заңнамалық актілер 2002 жылы пайда болып, құжаттар 2005 жылғы қарай күшіне енді. Сомасы 7 мыңнан 18 мың теңгеге дейін немесе 26 мыңнан 69 мың теңгеге дейін түрленеді. Бұл ретте оларды әрбір модель үшін автоөндірушілердің өздері бөлек есептейді. Ескі Toyota Avalon (MCX10) седанды кәдеге жарату, жинақтауға байланысты 12 мыңнан 12,7 мың иенге дейін, 45,7 мыңнан 48,6 мың теңгеге дейін тұрады.
Ал немістерде ескі көліктерді өткізгендерге шамамен 150 еуро сыйақы береді екен. Еуропаның кей елдерінде утильалымның орнына жол салығы, экологиялық салық енгізілген. Көлік ескірген сайын оның салығы арта береді. Сондықтан еуропалықтар ескіні өткізіп, жаңасын алуға асығады.
Мәліметтер бойынша, халықаралық тәжірибеде АҚШ сияқты кейбір елдерде автомобильдендірудің жоғары деңгейіне байланысты 1960 жылдарға қарай машиналарды кәдеге жарату жөнінде дамыған инфрақұрылым қалыптасып үлгерді. Аталмыш елде ескі автомобильдер массасының 70-90 пайызы қайта өңдеуге жатады. АҚШ-та машиналарды кәдеге жарату кәсіпорындары шамамен 14 миллион тонна болат, сынап сияқты материалдардың үлкен көлемін айналымға қайтарады. Ал көрші Ресей Федерациясында 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресейлік автоөндірушілерден кәдеге жарату алымы өндіріліп, 2020 жылдың 1-қаңтарынан автомобильдердің кейбір түрлері үшін жинау коэффициенті екі еседен астам өсті. Бүгінде көрші мемлекетте кәдеге жарату алымының базалық ставкасы 20 мың рубльді құрайды. Ол қозғалтқыштың литріне және автомобильдің жылына байланысты жоғарылату коэффициенттерін қолданады. Мысалы, 2021 жылы шығарылған, моторы 2,5 Toyota Camry үшін кәдеге жарату алымының мөлшері 281 600 рубльге тең. Ол біздің валютаға шаққанда шамамен 1 миллион 600 мың теңге болады. Украинада кәдеге жарату алымы 2013 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізіледі. Оның мәні машинаның жылына және қозғалтқыштың көлеміне байланысты есептеледі. Автомобильдер үшін 5,5 мың гривен және жүк көліктері мен автобустар үшін 11 мың гривен төлейді. Ал, беларустіктер кәдеге жарату алымын 2014 жылдың 1 наурызынан бастап енгізді. Оның ақысы автомобильдің санатына, жылына, қозғалтқыш көлеміне және мақсатына байланысты анықталады.

Мәселе көтерілгенімен майшаммен қаралмады
Утильалым мәселесі тек қоғам белсенділерінің қозғалысымен ғана шектелмей елдегі бірқатар депутаттар тарапынан да Үкіметтегілерге ұсынылып, қайта қарауды сұрап келеді. Солардың бірі – Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров. Депутат елімізде утильалым мөлшерін азайтуды ұсынып, премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдаған еді.
Оның айтуынша, депутаттарға кедендік алымдар, кәдеге жарату төлемдерінің мөлшері мен импорт автомобильдерді тіркеу туралы азаматтардың өтініштері үнемі келіп тұрады.
Сенаторлар Үкіметке бірнеше рет депутаттық сауал жолдады. Алайда нақты экономикалық міндеттерге, ғылыми тұжырымдарға негізделген және екі тарапты да қанағаттандыратын шешім әлі табылмады. Салдарынан қарапайым қазақстандықтар «автомобиль сатып алу» деңгейіне қол жеткізуі төмендеп барады.
Сенатордың пікірінше, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы халықты жаңа көліктермен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеген. Сондықтан ол премьер-министрге утилизациялық алымды төмендетуді, кедендік баж бен автомобильді тіркегені үшін алым мөлшерін азайтуды ұсынды.
– Қозғалтқыш көлемі 2 мың текше сантиметрге дейінгі, шыққанына 3 жылдан аспаған автомобильдер үшін кәдеге жарату алымының мөлшерін 150 мың теңгеден аспайтындай етіп қайта қарауды сұраймын.
Кедендік бажды есептеу кезінде кедендік торды азайту жағына қарай қайта қарау керек. Қазір көліктердің көпшілігі, әсіресе, Қытайдан Қазақстанға Қырғыз Республикасы арқылы әкелінетін фактілер бар. Себебі, автокөлік иелері ҚҚС пен бажды біздің мемлекетімізге қарағанда бірнеше есе аз төлейді. Шығарылған жылын қоса алғанда, 5 жылға дейін көліктерді мемлекеттік тіркегені үшін алым мөлшерлемесін 0,25 АЕК (923 теңге, 1 АЕК – 3692 теңге) көлемінде қарастыруды ұсынамын. Бұл ұсыныстар Қазақстан азаматтарына көліктерін жаңартуға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді депутат.
Айта кетейік, жуырда мәжіліс депутаты елімізде утильалым мөлшерін азайтуды ұсынған болатын. Бірақ өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев салада өзгеріс болмайтынын мәлімдеген.
– Утилизациялық алымға қарсы топтардың өкілдері Астанаға келіп, менімен тікелей сөйлесті. Үлкен пікірталас болды. Ол жерде парламент мәжілісінің депутаттары да болды. Ал олардың саны 12 еді. Әлбетте, бәріміз утильалымға қатысты мемлекет саясатының өзгеруіне байланысты ойымызбен бөлістік. Жалпы ол адамдардың басым бөлігі шет елден автокөлік әкеліп сататындар екен.
Қазіргі таңда Үкіметте утильалымды өзгерту бойынша ешқандай жоспар жоқ. Бұл – бірінші мәселе. Әрине, халықтың пікірі ескерілуі керек. Бірақ оны заң бойынша істеуіміз қажет. Қазіргі таңда (утиль алымға қарсы) петиция жүріп жатыр. Петиция аяқталғаннан кейін оны Үкімет деңгейінде қараймыз. Заң бойынша процедура осындай, – деді министр.
Сондай-ақ ол утилизациялық алымнан түскен қаражат қайда жұмсалатынын айтты.
– Қаражатты бағыттауға қатысты келер болсақ, оның белгілі бір бөлігі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кетті. Автобустардың сатып алуына келсек, ақшаны қоғамдық көлікті дамытуға жұмсап отырғанымыз заңдылық деген ойдамын. Осылайша, қалалардың тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартамыз, – деп түсіндірді Қанат Шарлапаев.
Министрдің жауабы көпті толғандырып отыр. Алдағы уақытта үкімет өгізді өлтірмей, арбаны да сындырмаудың амалын тауып, мәселе қайта қаралса құба-құп.
Серік АҚМЫРЗА
28 мамыр 2024 ж. 137 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031