Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарақұмға қой көшкенде

Қарақұмға қой көшкенде

Фото: ашық дереккөзден
Аспанды қара бұлт торып, қар аралас жауын жауа бастады. Наурыздың ұйтқи соққан бораны сонша долы еді. Көктем келді дегенмен, жаңбыр түре қуып, ысқыра гуледі. Қар бұрқасындап, таң атқанша айнала аппақ көрпесін қымтап жапты. Таң. Азан дауысымен аяққа тұрған қойлар. Қораның есігін айқара ашып, оны өргізуге келген қойшылар.
Өзі әдеті емес пе? Анау жатқан ала ит жылына төрт-бес рет ондап күшіктесе де саны өспейді. Ал қой бір рет қозы туып, тоқтаусыз сойылып жатса да тұқымы азаймайды. Арта береді... Оны күзетіп ит байғұс әлі жатыр. Таң ілесе қалғып кеткені жаңа ғана. Бүгін тағы қара қойың еріншектеніп жатқаны. Қойшы текені алдыға қарай айдап еді, қойлар бірінен соң бірі ізіне ілесе бас­тады. Қар әлі тоқтамаған. Қара жерге қылаулап түскен қардан аспан көрінбейді. Қыртылдатып ақ ұлпаның үстін маң-маң басқан қойлар екінші қатарға шықпайды. Ешкі ғой әне, сақалын сілкіп қойып жеңіл басып келеді. Қойшы бишігін үйіре қуаласа да бір де бір қой тыңнан жол салмады. Алдыңғысы көрінер емес, артындағылар әлі есік алдынан алыстай қоймады. Уілдете-гуілдете қой өргізуге шыққан қойшы атын ерттеді де домбалша келген қара қатынына:
– Соғымға байлаған тор биеге су бер, – деді бұйыра.
Ал ол болса бас иместен бір шелек сүтті әуре қып әлек.
– Әй, естимісің? Ертең Нұраға жолға шығамыз, – деген әлгі қойшының өткір дауысына қара қатын иланғандай болды. Басын изеп өз жұмысын қайта жалғастырды. Үйде суықта қалың көрпенің астынан шыққысы келмейтін кенжесі бұ жолы көзін тырмалай ашып, сыртқа шықты.
– Апа-ау, әкеммен барамын!
– Қой балам, әлі кішкентайсың, – деген апасы етегін желге түргізе далбаңдап бара жатқан отағасына тағы бір көз тастады. Артта қалған қойды бишігімен сабалап, тазысын қоса қуғызып барады...
...Күнделікті қайталанатын бір күйбің. Өзгеріссіз. Бірақ табиғат, таза ауа, нағыз ауыл өмірі ғажайыптың иісін аңқытып тұрушы еді. Бүгін түн тыныш өтті. Бұрқасынның бір ізі де қалмады. Айнала жым-жырт. Қой да, қойшы да, бала-шаға да қалың ұйқыға кетті. Алда ұзақ жол күтіп тұр.
Төрт қабырғадан ескен жел мен ыза кімді де болмасын тоңдырып барады. Жылы төсекке бүркенген күйі түн өтіп, міне азан шақырылып жатыр. Буынып-түйінген қойшылар бала-шағасымен Нұраға қарай жолға шықты.
Кедір-бұдыр қара жер. Оның үстіне кешегі жауған ұлпа қар да ери түскен. Жол жағасы саз, қамыстары да желмен бірге теңселіп тұрғандай. Өз бабымен келе жатқан түйең бір мыңқ етпейді. Жол бойы кезіккен дәу түйетабан шөбін басымен ыңғайлана ауызына арс етіп сала салады. Солай шайнай-шайнай жол азығын күйттеп келеді. Әне, «поромға» жетті. Қауіптісі де осы тұс. Бірінен соң бірі көшкен керуенде қойыңды ертіп сонау шалғайға беттеу қиынның қиыны. Ортада мал, екі қапталдан қорғаштай айдаған қойшыларың поромнан түгел өтуді көздеп келеді. Көнгені өтті, аяғына ие болмағаны пытырлай көлге құлап жатыр. Әйтеуір өтті-ау дегенде, көп болып бір тынығып алатыны бар. Сәл кідірістен соң тағы да ұзақ жол.
Әне-міне дегенше қатпар-қатпар қойнауға жүргіншілер сүңгіді. Қия бетті кесіп өтетін кер жол көп айланба қабат. Түскені төмен құлдырайды. Бұл қыстаудан кейін жатағанға ілініп, еңістей берді.
– Осы кез тамаша шақ, иә? – деді Жақсылық қойшы қасындағысына қарап.
– Иә, ыстық та, суық та емес. Қойшыға рақат, – деп аһ ұрды Сейтпембеті.
Екеудің сөзін бұзып әлдене дір етті. Оған үркіген қойлар маңырай келіп дүр етті.
– Өй, әкеңнің! Борсалаңдаған борсық екен ғой. Зәремізді алды, – деген Сейтпембет ентігін әрең басты.
Кеш бата үскірік аяз басталды. Көзге түртсе көргісіз тұман шөкті.
– Осы жерге түнеп, таңмен таласа қайта жол жалғаймыз, – десті қойшылар бірауыздан.
Кешегі суық бүгін басылғандай. Күн көзі шуағын төгіп, жылы шырай танытып тұр. Сынған ауа райымен ілесе қойшылар да Қараөзектен өте бере Нұраға жетті. Малшы қауым үшін мал төлдету науқаны – жауапты кезең. Тек төрт түлік ұстанғандарға ғана емес, бұл бүтін бір ауыл шаруашылығы үшін маңызы зор науқан. Мұнда әр жылы көктемде қой қоздап, көпшілікке құдды той өткендей-ақ болады. Сырттан қонақтар, комсомолдар келеді. Сөйтіп әлгі қозыны бірінен соң бірін сойып, тәтті астан дәм татады. Қош. Бұл кезең де өтті. Ендігі малшы қауым Қарақұмға бой түзеді...
...Дуыны қатты жел құрып, майда самал жел есті. Керуен көшіп, қалың отар үдере жүріп, Қарақұмға да жетті. Күн тас төбеге көтеріліп қалған. Жер дүние манау­рап, сілеміктене бастады. Талай бел-белестерден асып артта қасқа жол қалды. Керік жатқан осы бір алшақ атырап. Жазық құмның төсінде ойдым-ойдым шұңқыр бар. Әр ойыққа үш-төрт қойшының отбасы әдеттегіше жайғасып алды. Талай қызық осында қой көшкенде бас­талып еді.
– Кеттім, – деген Сейтпембет қойшының дауысы гүр етті. Ізінен жүгіре ерген Айша әйелі «қайда барасыңына» басып, бір сұрақты төпелей берді. Жетіскеннен жүрген ешкім жоқ. Дауысы зіркіл басқан қойшыңның жүйкесі оны көтеретін шамада емес.
– Менен қайда бара жатқанымды сұрама деп едім ғой, – деген жуан дауысы құдды құм біткенді көшіріп жіберердей. Үн-түнсіз қалған әйел байғұс бұ жолы қамшының астынан аман қалды. «Тәйт әрі» деп қолын бір сермеп қойшы кетті түзге. Ұйпа-тұйпасы шыққан шаштың шаруасы анау, еңкілдей ақырған қатын мынау. Көрші ауладағы Бәтима:
– Қой дегенде неге қоймайсың? Қойдан басқа қайда баратын еді? – деді арғы жақтан ытқып шығып.
– Бәтима-ау, әдейі сұрайды деймісің? Сұрамайын десем де ұмытып кеткенім. Келесіде мүлдем сұрамаймын, көр де тұр, – деді өксігін әрең басып. Ентелей үйге еніп, тірлігін қайта жалғастыра кетті.
Бәтимаңның да шалқып жүргені шамалы. Бәйбіше деген аты болмаса Тоғжан тоқалмен дәрежесі теңдей. Жақсылық қойшыдан естіген сөз де, жеген ауыр таяғы да бір. Таң атпастан бір қамшымен қос қатынды сабап жатқаны сол. Ондайда көрші тұратын ферма меңгерушісінің балалары қызықтай аулаға жақындайды. Қарсы орналасқан екі қойшының үйі қой шыққанша күнде таңғы концертін қояды. Сондағысы ердің қаталдығы мен әйелдің қырық шырақты екені көз алдыңнан көлбей өтетін. Артынша бір-біріне деген өкпе жоқ. Әрқайсысы өз орнын біліп, қайта жұмысына кірісе кететін. Жазық дала. Саңқылдай ұшқан құстар, моп-момақан болған қойлар. Мамырда піскен «оригинал» сағыз бен ауыздан дәмі кетпейтін кермек өсімдіктер. Бәрі, бәрі табиғатпен ұштасқан Алланың шексіз құдіреті дерсіз?!...
...Бүгін Сейтпембеттің кенжесі ерте тұрып, әкесінің балағына жармасты.
– Әке, әке?
– Ау, балам? – деген қойшының дауысы бұл жолы жайдары шықты.
– Жайылымға мен де барайыншы, әке? – деген кенже қиылып тұрып алды.
– Жарайды, үйренетін кезің келген болар, – деген Сейтпембет кенжесін өзімен қоса әкетті.
«Не тауып жейміз» деуге шама жоқ қойда. Қақсал кәрі саулықтар шөпті жұлып, басын көтере тоқтыларға мойнын бұра құрс-құрс шайнайды. Оны көрген тоқты қарап қалсын ба, озандата маңырай жүріп жердің бар жақсысын теріп жатыр. Қой алды жазыққа жетті. Емін-еркін жайылып жүр. Жерде жатқан тас үстіне ат көрпені төсеген қойшы жанына ұлын алып, шоқшия отыра кетті. Өткен-кеткеннен ұзақ сыр шертіп, біраз әңгіменің түбін қайырған еді. Уақыт шіркін зымырап, үйге қайтты. Жылы жер, жылы төсек, жылы шырай. Бар шаршағанды басатын да осы құбылыс.
Көк көзді кәрі абадан аузын арандай ашып, аспанға қарап ұзақ ұлыды. Жас бөрілер жаздай қойдың терісін жыртып, оны бірден арқасына лақтырып, әбден машықтанады. Ал қалың қар жауып, тұман түскенде басқаша қуанады. Ымырт кеште әдеті емес пе, ұлыған кәрі абаданның жанына құлақтары елеңдеген қасқыр біткен жинала бастады. Әр жақтан естілген жаңғырық дауыс тіпті сұмдық. Қасқырлар мұрнын көтеріп, мойнын соза иіскелеп кеткен еді. Көздері жарқ-жұрқ етіп, абаданның ізінен бәрі ілесіп отырды. Көк беткейдің басына келіп, тұмсығын алдыңғы аяғына салған абадан орнында жата қалды. Кәрі тарланның ісін қалғандары да қайталап, қаз-қатар тізіле жатты. Қойшылардың ұйқыға кеткенін аңдыды. Айласы мықты аш бөрілер аяғын бір басты, екі басты. Сөйтіп қораның түбіне жетті. Үй маңына тірі жанды жолатпайтын төбет, тазың да қалың қасқырды көріп бас сауғалай қуысқа қашты. Қойлар үрікті, жылқы кісінеді. Маңырай қашқан текенің сақалынан ала түскен бөлтірік бір мезетте оның ащы зарын өшірді. Қойларды іліккен жерінен орып жатты, азуымен осып жатты. Әп-сәтте астаң-кестең болған қорқынышты дауыстан шошына оянған қойшылар үйдегі қос ауыз мылтығын алып, тысқа ытқып шықты. Көздегенінше тарсылдата жан-жақтан оқ жаудырып, аш қасқырларды қашырғандай болды. Бірақ момақан қойдың біразы жазықсыз дала жеміне айналған еді. Тірі қалғаны жан-жақтан маңырап ол жатыр. Ендігі тыныш ұйқы қайдан болсын? Кәрі төбетті бір боқтап, өз-өзін тағы бір боқтап жер-көкке сыймаған Жақсылық бар ашуын үйдегі қос қатыннан алып жатыр. Сейтпембетің бөлек әңгіме. Таңға дейін сәл де болса көз шырымын алайын деген ол енді ғана ұйқыға батқан. Қорада жатқан өлген қойға тіл бітіп, қойшының мазасын қашыра бастады.
– Алла бізді сендерге аманат етіп берген еді...
– Біз... Біз... Тіпті ақталуға келмейді. Барлық өтеуді ойласам... – деген қойшы қара теріне тұншығып, шошып оянды. Көк беткейден асып, ізін суытқан қасқырлар есіне түссе екі қолымен басын ұстап, әрі-бері теңселе кетеді.
Арпалысып таң да атты. Қойшылар бірінен соң бірі далаға шығып қарны жарылған қойларды жинай бастады. Өтемі бар. Ол кезде ақша деген жоқ. Жем болған қойды қойшы алады да орнына өз қойын қойып қояды. Болды. Көк беткей әне, бір нәрсе айтып, ағынан жарылғысы кеп тұрғандай. Қора төбесінде саңқылдап отырған сауысқан міне. Құдды өткір көзімен сүзіп отырғандай. Аспанға енді ғана көтерілген күн де сол қойшыларға айтар назы бардай. Ол байғұс та қайтсін, қасқыр біткеннің ауызына тосты дейсіз бе?!...
...Арада бірнеше күн өтті. Күн де жайлап жылып жатыр. Үш үйдің ортасында тай-құлындай тебіскен балалар. Әкелері түзге кетсе, шешелері тіршілікпен біте қайнасып жүр. Үкіметке беретін салығын әзірлеп, адам басына шаққандағы майдың келісін толтыра алмай әлек.
– Бәтима? Әй, Бәтима? – деді Айша екі қолын беліне сүйей сыртқа шығып.
– Не болды, сонша айқайлап?
– Жүрсеңші, ферма меңгерушісінің әйелі, Күлімханның қолынан шай ішейік. Бестің уақыты болып қалыпты ғой, – деді Айша күнге шағылысқан көзін аша алмай.
– Барсақ, барайық. Тәттіле-е-еп отырып әлгіндегі жұмсақ құртпен ыстық шайды сіміріп алайық. Кеттік, – деді Бәтима екі қолын шүберекпен сүртіп жатып.
– Әй, Тоғжан, жүр бірге, – деп үйдегі тоқалды да ерте шықты...
...Күн шуағы жып-жылы. Аспанда ұшқан құстардың дауысы құлаққа жағымды естіліп жатыр. Кең дастарқан. Үстел үстіне шашып жіберген аппақ құрт. Ыстық буы будақталған шайдың иісі мұрныңды жарып барады. Айнала тынық. Самал жел самайыңнан бір еседі де біраз уақытқа ғайып болады. Керемет көріністен ләззат алған олар алма-кезек:
– Қарақұм дегенше, қарағым десейші, – десті...
...Осы сөзді тағы да қайталаған үлкен апаның дауысынан селк еттім. Көз алдымнан көлбей өткен көріністен денем тітіркеніп кетті. Балалық шағының бір бөлігі осында өткен ол езуіне еріксіз күлкі үйірді. Сірә, талай қызықты шақтың куәсі болса керек. Ал бізге айтқаны оның бергі жағы ғана. Айтқан кейіпкерлердің қазір бірі де қалмаған.
– Қарақұм! «Құм» десе болды, «бір тамшы суы жоқ, шөл» деген сөз көмекейлеріңе келіп тұрады. Жо-жоқ, қате ойлайсыңдар. Мына Қарақұмды айлап кез, бірақ су іздемейсің. Себебі кез келген ойпаңды қолыңмен тырнасаң, қарыс сүйем жерден су шығады. Бұл кең өлке бетін құммен жауып қойған шалқыған теңіз дерсің. Еркек, алабота, жантақ, сағыз, ебелек дегендердің түр-түрі өсуші еді-ау, – деген апам ұзақ күрсіністен соң тұңғиыққа батты.
Иә, бұл атырап Қарақұм емес, қарағым екен.
Айнұр ӘЛИ
14 мамыр 2024 ж. 194 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031