Оралды тасқыннан қорғау шараларына еліміздің басқа өңірлерінен тағы 500 әскери қызметші мен құтқарушы жұмылдырылады

Қорғаныс құрылыстарын нығайту шараларына облыс бойынша 10,6 мыңнан астам адам және қала бойынша 6,4 мың адам, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінен тартылған 2 мыңнан астам техника жұмылдырылды.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев шарықтау шегіне жеткен су тасқынымен күресу үшін Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан, Астана мен Алматыдан тағы 500 әскери қызметші мен құтқарушыны БҚО-ға жіберуді тапсырды. Оралға ТЖМ және Қорғаныс министрлігі бойынша 200 адам келіп, жұмысқа кірісіп кетті.
Қанат Бозымбаев Оралдың периметрі бойынша су тасқынына қарсы қорғаныс құрылыстарын тексерді. Су тасқынының шарықтау шегі ұзарады деген болжам бар, осыған байланысты вице-премьер су басу қаупі бар аймақтағы өзендердің бойындағы топырақ бөгеттерін тағы бірнеше метрге көтеруді тапсырды.
БҚО ауылдық елді мекендерінде жағдай тұрақты және бақылауда. Су тасқыны кезеңі басталғалы өңірдегі Жайық және Шаған өзендерінің бойында 136 шақырымнан астам бөгет салынып, оның ішінде Орал қаласында 45 шақырымды құрады.