Түркістан облысында эко-қала салынбақ
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Корея мен Астанадан келген делегациямен кездесті. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлайды.
Онда тараптар аймақтағы «Жасыл» экономика жобалардың іске асырылу барысын талқылады. «ОҢТҮСТІК» АИО бастамасымен шақырылған делегация құрамында Инчхон Ұлттық Университетінің құрметті профессоры, Нобел сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, Оңтүстік Кореялық ғалымдар Ю Джае Чеон және Кванг-Дон Ким, Экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқармасының төрағасы Айгүл Сағадибекқызы, G-Global Жасыл экономика және даму коалициясының төрағасы Салтанат Рахимбековалар болды.
Кездесу барысында облыс әкімі қатысушыларды өңірді дамыту жоспарларымен таныстыра отырып, облыс орталығы Түркістан қаласының болашақта түркі әлемінің ағартушылық және рухани даму орталықтарының бірі болатынын тілге тиек етті.
«Қазіргі уақытта Түркістан қаласы, аймақтық орталық бола отырып, инфрақұрылымдық жобаларды елеулі түрде дамытуды талап етеді. Инвестиция тарту дұрыс ұйымдастырылса, болашақта Орта Азиядағы инвестициялық бумның ең белсенді нүктелерінің бірі бола алатын осы бірегей қаланың даму әлеуетін бағалау қажет» - деді ол.
Кездесуде Түркістан аймағында эко-қалаларды құру және аймақты энергиямен жабдықтау, сондай-ақ SuperGrid арқылы асқан энергияны ұзақ қашықтыққа экспорттауға бағытталған «Жасыл» энергетика саласындағы жаһандық жобалар талқыланды. Бұл перспективалы жобалар аймақ басшысы тарапынан оң баға алды және кездесуден кейін облыс әкімі оларды дамыту және енгізу бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды.
Қазақстанның «Жасыл» тұжырымдамасы шеңберінде аймақтың өршіл міндеттерін ескере отырып, «ОҢТҮСТІК» АИО Түркістан аймағында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің тұжырымдамалық бағдарламасын әзірлеп, Түркістанда пилоттық жобаны іске асыруды ұсынған болатын.
Сапар барысында Оңтүстік Кореялық серіктестер Түркістан қаласындағы қатты қалдықтардың морфологиясын зерттеп, ынтымақтастық туралы ұсыныстарға қызығушылық танытты. Нобель сыйлығы лауреатының кезекті сапары Түркістан қаласындағы «жасыл технологиялар» негізінде жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тарту және технологиялар трансферті ретінде болуы жоспарлануда. Өңірге жасаған сапарында делегация құрамы М.Әуезов атындағы университетінде ұйымдастырылатын дөңгелек үстелге қатысып, «Жасыл» экономика үшін инфрақұрылым құру туралы үш жақты меморандумға қол қою күтілуде.