Тобыл өзенінде судың мол келуі соңғы рет 2000 жылы тіркелген
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Су ресурстары және ирригация Министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Тобыл өзенінің ірі су қоймалары шекті мөлшерде су жинаған.
Қостанай облысында Тобыл өзенінің ірі су қоймалары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ете отырып, 92% су жинады. Тобыл өзенінде судың мол келуі соңғы рет 2000 жылы тіркелгенін атап өткім келеді, бірақ ол кезде де мұндай қарқынды ағынның қалыптасуы болған жоқ. Су ағындарының арқасында қазір екі су қоймасы да ұзақ уақыт бойы аймақ тұрғындарын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алады, - деді Мөлдір Әбдуалиева.
Ал, Ақмола облысында Астана су қоймасын толтыру көрсеткіші 99,6% болған. Бұл жыл бойы елорда тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Есіл өзенінің гидрологиялық жай-күйін жақсарту мүмкіндік береді.
Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жетпеді, сондықтан су қоймасын Қ.Сәтбаев атындағы каналдан қосымша толтыруға тура келді. Бұл қажеттілікті өтеу қымбатқа шықты және құны 2 млрд теңгеден асқан болатын. Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінен шамамен 1 текше шақырым су алуға мүмкіндігі бар Жайық-Көшім суару жүйесіне су жіберу мүмкіндігі пайда болды,-деді ресми өкіл.