Сана тазармай, аула тазармайды
Көктемгі тазалық айлығы да, басталғанына біршама уақыт өтті. Туған жеріміздің игілігі үшін жасалып отырған бұл іске аудандағы мекемелер мен ұжымдар белсенді араласуда. Тіпті, еліміз бойынша да, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы ұйымдастарылып, барлық аймақта тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Соған орай Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбет еліміз бойынша өткізіліп жатқан тазалық акциясын насихаттау, тұрғындарды тазалыққа шақыру мақсатында Қазалы қаласындағы көше комитеттерінің төрағаларымен кездесу өткізді.
– Өздеріңізге белгілі, жыл сайын көктемгі және күзгі уақыттары барлық жерде көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар біздің ауданымызда күн тәртібінен түскен емес. Тазалық жүргізудің екі айлығын жариялап, сенбіліктер барысында аудандағы барлық мекеме, кәсіпорын қызметкерлері мен тұрғындар тазалық жұмыстарын жасап келеді. Әрине, мұның бәрі Сіз бен біздің туған жеріміздің көркеюіне алып келіп, үлкен ауызбіршілігімізді көрсетеді. Ал осындай игі іске Сіздер, яғни әрбір көшенің тұрғындары белсене атсалысып, тазалыққа үн қосар болсақ бұл келер ұрпаққа деген үлкен үлгі-өнеге болмақ. Осы орайда барша Қазалы қаласындағы көше тұрғындарын тазалыққа белсене атсалысуға шақырамын, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Жиын барысында аудан басшысы тазалық жұмыстарына байланысты жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Тазалық – күн тәртібінен түспейтін басты тақырып болғанымен, кейбір тұрғындар тарапынан тазалыққа деген немқұрайлылық байқалып отыр. Патриотизм сөзбен емес, іспен дәлелденуі тиіс. Барлық адам осы сөзге терең мән беріп, жанына таныстары мен достарын шақырып, нақты іске кіріспейінше, қоқыстар шашылып жата бермек. Анығын айтқанда, қоқыс біздің көшелерде емес, ол біздің санамызда жатыр. Одан құтылу үшін санамызды тәрбиелеп алғанымыз дұрыс.