Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыз алып қашу: қасиет пе, қасірет пе?

Қыз алып қашу: қасиет пе, қасірет пе?

Қыз алып қашу дәстүрі қазақ қоғамында осыдан біраз уақыт пайда болса да, бүгіні күнге дейін көрініс табуда. Дегенмен Кеңес кезеңінде бұл құбылыс жойылғандай болған. Бірақ санамызға сіңіп қалған салт кейінгі жылдары кең етек ала бастағандай. Бұл сөзімізге "алып қашудың құрбаны болдым" деп желіде жиі жарияланатын жазбалар дәлел болса керек. Жарияланған жазбалардың мазмұнына мән берер болсақ, өз еркінен тыс бөгде үйдің босағасын аттап қоймай, бойжеткендердің бір-ақ сәтте қаншама қиындықтарға тап болғандығын аңғаруға болады. Бүгінгі мақаламызда аруларымызды айдың күннің аманында еріксіз дәстүрдің дүрмегіне ілестіріп, дүмбілез хал кештірген алып қашу туралы айтпақпыз.
Бұрынырақта қыз алып қашу көп жағдайда екі жақтың келісімімен орын алғанын білеміз. Тіпті бір-бірін танымаған жандардың жарасып, жанұя болғандары да болды. Бірақ ол дәуір өткеннің еншісінде қалды. Ол кездегі түсінік, менталитет басқа болғаны ешкімге жасырын емес шығар. "Қайтқан қыз" деген таңба маңдайда қалмасын деп қаншама қыз өзінің өмірлік мақсатына жете алмай, сүйгеніне қосылмай бақытсыздыққа ұшырады да. Өзінің бақытын өзгелердің бақытынан биік қойып, шарасыздықтан өзі табалдырығын аттаған шаңыраққа келін болып қала беретін. Сыртқы көзқарасқа бұл салт ешқандай заңдылықтарға сыймайтындай көрінеді. "Салтым – санам" дейтініміз қайда қалды сонда?! деген сұрақ сананы сан саққа жібереді екен. Біреудің бойжеткен қызын еркінен тыс ұрлап, танымайтын адамға еріксіз қосу – оның құқығын таптаумен тең екенін біле тұра, оған қалыпты жағдай деп қарайтынымызды айтсаңшы. Тіпті көп жағдайда кеңшілікпен қарап, кешіре салуға дайынбыз. Бірақ қыздарды күшпен ұрлап, оны біреуге қосудың соңында байыпты жаза барын да ұмытпау керек секілді. Бұл бей-жай қарайтын мәселе болмаса керек-ті. Өйткені бұл тоқтам салуды қажет ететін тақырып. Жуырда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселе төңірегінде сөз қозғап: «…Елімізде қыз алып қашуды, көп әйел алуды ұлттық дәстүрге санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік» деп, өркениеті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керектігіне тоқталып, ел ішінде мұндай оқиғалар орын алмау үшін тиісті жұмыстар жүргізілу керектігін жеткізді.
Расы керек, бүгінде қыз алып қашу оқиғалары азайып келеді. Бұған үкіметтің қолданыстағы заңға дер кезінде өзгерістер енгізгені де сеп болғандай. Өйткені бұған дейін қыз алып қашу фактісі қылмыс ретінде қарастырылмайтын. Ал қазір бұл жағдайға жаза тағайындалған. Алайда адам ұрлау үлкен қылмыс екенін білмейтін жастар да барын жоққа шығаруға болмас. Ал білетіндері жазадан қорқып қыз алып қашудан аяқ тартып, уақытында тәубесіне келіп жатады. Осы ретте құқық қорғау органдарының мамандарына тақырып аясында сауалдарымызды жолдауды жөн көрдік. Сала мамандарының айтуынша, көп жағдайда 18-ден асқан қызды өз келісімі арқылы алып қашып, оның ата-аннасы келісім бермесе, шешім сол қыздың өзінде болмақ. Бір сөзбен айтқанда, сол үйде қалуға келіссе, қыздың ата-анасы жазған арыздың күші жойылады. Ал оқиға басқаша өрбіп, қылмыстық құрам байқалса, іс қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша қаралады, – дейді олар.
Расымен де мұндай оқиғаларға заңда арнайы жаза қарастырылған. Адамды еркінен тыс бостандығынан айырса 126-баб, ал "адам ұрлау" фактісі бойынша 125-баб аясында қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Мамандар мұндай әрекетке бармас бұрын, заңнн хабарыңыз болу керектігін қатаң ескертеді. Өйткені осындай оқиға көрініс тапқанда адам кешіргенімен, заң мүлдем кешірмеуі мүмкін.
Қыз алып қашу дәстүрі біздің өңірде де бар екендігін жасыруға болмас. Мұндай оқиғаның куәсі болған Аяжан есімді құрбым әңгімесін былайша баяндап берген еді.
– Осыдан бірнеше ай бұрын сіңілімді сыныптас жігіттері алып қашты. Бастауышта бір сыныпта оқығаны болмаса, бір-бірін мектеп бітіргелі көрмеген. Сыныптастар жиналған кешке сіңілім аяғым тартпай тұр деп әзер барғаны есімде. Бірақ қыздары үйге келіп, қолқалап қоймаған соң, соларға еріп кете барды. Бірнеше сағаттан соң, телефоныма "Тәте, құтқарыңызшы, мені алып қашты" деген мәтінмен хат келді. Хат келісімен дереу келісіп, мән-жайды анықтап, әлгі алып қашқан жігіттің мекен-жайына жеттік. Төргі бөлменің босағасын аттай бергеніміз сол екен, сіңілім ботадай боздап, "мені алып кетіңізші" деп жылап қоя берді. Жеңгелері жан-жақтан қысым жасап, қарсылығына қарамай, басына ақ жаулық жауыпты. Сіңіліммен сөйлесіп, қалу ойында жоқ екенін білген соң, оны жетектеп алып кеткенім бар, – дейді Аяжан.
Дәл осы оқиғаға ұқсас жағдайлар өте көп. Босаға аттаған қыздардың кейбірі жарасым тауып, жанұялық өмірін жалғап жатса, ал ендігілері өз құқығын таптатпай, өз бақыты үшін күресіп әлек. Бірақ алып қашу процесі кезінде қыздар әлсіздікке жиі бой алдырады. Өзін қорғауға да қауқарсыздық танытады. Өйткені сол тұста адам психологиясына ықпал ететін әрекеттер жиі орын алады. Соның салдарынан қызды өзінің ырқынан тыс сол үйде қалуға ынта білдіреді. Әрине бұл бірден оңай бола салатын дүние емес. Әйтсе де қызды көндіруді өзінің кәнігі кәсібі санайтын кейбір адамдардың бар екендігін де айтпаса болмайды. Ондайлар ар-намысқа тиетін сөздер айтып, ашулы адамды қалайда жуасытудың жолын жасап бағады. Оған көнбесе, босағаға жасы үлкен әжені жатқызып, "арың шыдаса.,аттап өт" деген ырымды да алға тартады.
Психолог маман Назым Жеткербайдың айтуынша, қазақ танымындаға кейбір дәстүрлер адамның жеке құқығының тапталуына себепші болуда.
– "Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді" деген даналар сөзінің дұрыстығына тағы көзім жетіп жатыр. Неге десеңіз, осы дәстүрді желеу еткен жанұялар қаншама қыздың тағдырын тәрк етіп, құқығын таптады. "Қайтып келген қыз жаман" деген атқа қалмайын, мені баққан жандарды ұятқа қалдырмайын деген түсініктер де қыздардың болашағын бұлыңғыр етіп жатқандай. Осындай мәнсіз ырым-тыйымдарды қызды көндіру үшін мүдделеріне пайданалатын жағдайлар әлі де қоғамда кездеседі. Мен мұның дұрыс еместігін айтқым келеді. Бұл адамның психологиясына моральдық тұрғыда әсер ету болып саналады. Ырым-тыйымдарды дұрыс жолға пайдаланып, салтқа деген санамызды сергек етуді үйрену керек секілді, – дейді психолог маман.
Қорыта айтсақ, әр ата-ана үшін қызды қияға қондыру парыз. Бірақ "қыз мұраты – кету" болса да, кез келген бойжеткен көлденең жүрген көк аттының етегінен ұстап кетпесі анық. Сезім, сенім, тағдыр, таңдау, түсінік деген "дүниелерді ескермей жүргендер жетерлік. Бірақ солай ете берер болсақ, адамдығымыз қайда қалмақ? Қыз алып қашу екі жақтың өзара келісімімен көрініс тауып жатса, құба-құп. Ал егер жастар сөз байласпай, дәстүрді бұрмаласа, онда оның артында жаза күтіп тұрғанын ұмытпағанымыз абзал.
АРАЙЛЫМ ЖҮСІПОВА
09 сәуір 2024 ж. 138 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031