Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық базасын ұлғайту мәселелері қаралды

Салық базасын ұлғайту мәселелері қаралды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте аймақтың салық базасын ұлғайту жолдары қаралды.
Аймақ басшысы аталған мәселенің маңыздылығына тоқталып, жан-жақты талдау арқылы бюджетке қосымша кіріс көздерін іздестіруді тапсырды.
«Бюджетті тиімді басқару және сапалы жоспарлау – басты міндетіміз. Осы орайда бюджеттің тиімділігін арттыру үшін салық базасын ұлғайту жайы апта сайын қаралуда. Өткен аптадағы мәжілісте жауапты басқармаларға, департамент басшыларына, қала, аудан әкімдеріне әрбір салық түсімі, салық төлеушілер бойынша талдау жасап, жергілікті бюджет түсімінің резервтерін анықтау тапсырылды. Бюджет түсімінің өсімі бірінші кезекте жеке бизнес қызметін заңдастыру, инвестиция тарту, нақты салықтық базаны анықтау арқылы қамтамасыз етіледі. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық деңгейдегі әкімдер өз құзыреті шегінде облыс бюджетінің кіріс бөлігін толықтыруға аса жауапкершілікпен қарауы қажет», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әділбек Бекішев, аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшылары атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Мәселен, Арал ауданында бір апта ішінде 3 кәсіпорын тіркеліп, жылына 16 млн. теңге салық төлейтін болды. Мұнан бөлек, шамамен 50-70 млн. теңге салық төлейтін өзге аймақтағы 7 кәсіпкерлік субъектісін ауданға тіркеу үшін құжаттары рәсімделуде. Қазалы ауданында сырттан 18 кәсіпкерлік субъектісін тіркеу жұмыстары жүргізілді. Корпоративтік, жеке табыс, көлік салығынан 50 млн. теңге түседі деп күтілуде.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі 2024 жылғы жергілікті бюджет кірістерінің айлық бөлінісінің болжамы және оның орындалуы тұрақты қадағаланатынын ескертті. Барлық деңгейдегі әкімдер, басқармалар, аймақтық департаменттер және кірістер органдары салық базасын ұлғайту жұмыстарын күшейтуі қажет екенін атап өтті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
08 сәуір 2024 ж. 89 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930