Ойыншық оянған түн
Жазғы каникул. Мектептен демалысқа шыға сала қыдырып та, өзге балалар секілді лагерьге барып та көрмеппіз. Тек сабақ басталуына бірер уақыт қалғанда қап арқалап, балық сатып, әке-анамыз ақшасын жинап бітетін. Содан соң ғана қалаға апарып қыдыртып келетін. Ал ол күнге дейін ата-әжеміздің қасында, таң атқаннан түн батқанға дейін далада жүретін ек.
Бүгін таңмен таласа тұрдық. Әжемнің ыстық шайын ішіп, әрқайсымызға бөліп берген қатқан шекеріне таласып әлекпіз. Қаладан ауылға қыдырып келген бауырларымыз да жиналған. Түскі уақытта әжемізді ұйықтатып тастап, дария жиекке қарай қаштық. Ол жақтың қызығы біткен соң үй ауласына жиналып, бүлдірер дүние таппадық. Кенет үйдегі әпкем «Сарайда ойнайық» деді. Іле-шала сарайдың кілтін тауып, есігін ашып ішіне ендік. Көне, киілмей қалған ескі киімдердің барлығы осында.
– Мұнда не істейміз? – деп жан-жақтан жамырай кеттік.
– Менде бір ой бар, ерекше ой, – деді әпкем.
Содан не керек, әлгі ескі киімдерден қуыршақ құрай бастадық. Бірі баласын құрастырса, енді бірі әке-шешесін, тіпті көрші қуыршақтарды бірінен соң бірін құрастыра бастадық. Кәнігі киімнен басын, қолы мен аяғын жасап, қорқынышты бейнелер қаз-қатар тізіле кетті. «Үй-үй» ойнап, әбден сілеміз қатқан соң үйге кірдік.
Жұмыстан енді келген анамыз кешкі ас әзірлеп әлек. Бізге қарар уақыты да, шамасы да жоқ. Әйтеуір арпалыспен кештің қалай батқанын да аңғармай қалдық. Үйдегі үшеуміз, яки мен ағам, әпкем ата-әжеміздің қасына жатамыз. Кішкентайымыздан сол. Түнде шошынсақ, қорықсақ, бастырылсақ атамыз таңға дейін сүре оқып, бізді күзетіп отыратын. Қаладан келген балалар көрші бөлмеде, қалың ұйқыда жатыр. Әжеміздің ертегісін тыңдаған біз әлі ұйықтамағанбыз. Кенет әлгі жақтан біреуі жылай бастады. Үлкендерге «жаман түс көрдім» деп айтып жатыр. Тағы бірер уақыттан соң тағы біреуі айқайлап жіберді. Тағы қасына жүгіріп барған үлкендерге «біреу жүр, біреу жүр» дей берді. Ақыр соңы әлгі бөлменің жарығын жағып қойып, ұйықтатты. Біз де қалың ұйқыға кеттік.
Түсім екенін анық білемін. Әйтпегенде шын өмірдегідей бойшаң емеспін. Шашым жайылған, аулада асыр салып ойнап жүрмін. Естілген дауыстың барлығы да құдды таудан шыққандай. Жаңғырып тұр. Анадай жерде бір маймыл жүр екен. Өмірі ондай жануарды көрмеген мен әлгіні ұстағым кеп барады. Ұстай алмай қуып жүрмін. Кенет маймыл артына, маған қарады да «арс» етіп үстіме атылды. Дем жетпей көзімді әрең ашсам, әлгі маймыл, жоқ мақұлық үстімде тұр. Тіпті қозғалтпайды. Атам үйреткен сүрелерді, кәлимамды шамам келгенше айтып жатырмын. Тілім күрмеліп, денем тырысты да қалды. Атамның бас жағыма келіп, дұға оқып жатқанынан денем босай бастады. Көз жасыма ерік беріп, атамның құшағына тығылдым.
– Балам, әй, жаман жерді баспадың ба? – деді ол басымнан сипай.
– Жоқ, ата. Пісімілләмді айтып жүремін ғой ылғи, – деймін бұртиып.
– Бүгін барлығыңа не болды? Біріңнен соң бірің бастырылып жатырсыңдар. Не жасап едіңдер? – деді атам байыпты қалпымен.
Енді жауап бергелі жатқанда әжемнің қасында жатқан әпкем «Қуыршақ» деп айқайлай кетті.
– Ойбай, көтек. Әй, атасы, мыналарға не болды? – деген әжеме атам бір күрсінді де үйдің үлкен немересінен сұрады. Ағам ғой. Бәріміз шошынып, жылап жатқанда ол ылғи ұйқыдан тұрмайды. Ештеңе көрмейді, сезінбейді, қорықпайды. Қысқасы атасының баласы. Содан ағам тұрды да:
– Сарайда киімнен ойыншықтар жасады. Тіпті көп. Қой деп едім, мыналар қоймай киімнен киім қалдырмады, – деді де жастығына қайта қисайды.Байыпты қалпынан танбай отырған атамның қабағы қата бастады.
– Не ойыншық? – деп еді. Әпкем:
– Ата, сарайдағы ескі киімдерден қуыршақ жасадық. Бірақ барлығын жинап қойғанбыз. Жаңа түсімде солар тіріліп кетіпті. Маған келіп, жан-жақтан қоршап алды. Үсті-басыма шығып, неше түрлі дауыстар шығарды, – деп еңкілдей жылай кетті.
– Жүріңдер! – деді атам қатқыл дауысымен.
Шала-пұла ілесіп, сарайға беттедік. Қызық енді басталды.
Бағана ғана қаз-қатар тізіп, орын-орнымен жинап қойған қуыршақтар жан-жақта шашылып жатыр. Мүмкін емес. Сарай есігін кілттеген соң бізден кейін ешкімнің кірмегеніне кәміл сенімдіміз. Атамызға айтып жатырмыз. Ол болса әлгі қуыршақтарды тезірек бұзыңдар деді. Қорқыныш бойымызды билеп барады. Амал жоқ, жасаған істі мойынмен көтеру керек. Барлығын бұзып, киімдерді орын-орындарына жинастырдық. Атам күбірлеп әлденелерді айтып жүр.
– Енді сарайға кірмеңдер! – деді ол.
Оның үстіне олай қуыршақ жасап, лас жерде ойнамауымызды да ескертіп жатыр. Жатын орнымызға жайғастық. Ендігі ұйқы қайдан болсын. Терезеден көрінген жұлдызды санап жатырмыз. Ол кезде жарық болмаушы еді ғой? Кішкентай кесеге балауызшамды жағып қоятынбыз. Ондада ата мен әже сыртқа кіріп-шыққанда көзі көрмей қалады деп анамның жағып қоятыны. Содан ағам ортаңғы бөлмеге ұйқылы-ояу жүгіріп барды. Түсінбей далмыз.
– Өрт, өрт! – дейді ауық-ауық.
Әлгі шам кеседен тайқып, кілемнің үстіне құлапты. Өрт енді басталып жатыр екен. Сасқалақтаған ағам болса түкірікпен сөндіремін деп аласұруда. Кенет қыздың күлген дауысы сыңғырлап естілді.
– Неге күлесіңдер, су әкелсеңдерші! – дейді ағам күлген қыз біз деп ойлап.
Піссімілләмізді айтып су апарып, әлгі шағын өртті сөндірдік. Тағы да күлген дауыс естілді. Ағам болса «сендерге ойын керек пе?» деп тағы бізге сөйледі. Ал күлген қыздың күлкісі біздікі емес екенін әпкем екуеміз анық білеміз. Көрші бөлмеде жатқандар ұйқыда. Ол кім болды екен? Осы сауал мені әлі күнге дейін мазалайды.
Атам жастайынан өмірден өтемін дегенше мешітте имам болды. Біздің Алладан кейінгі қорғаушымыз сол кісі еді. Таңға дейін ұйқысыз түндер өткізетін. Біз үшін, біздің жақсы ұйықтауымыз үшін ұйқымызды торуылдайтын. Әпкем де, мен де бала күнімізден аппақ бейнелерді бірдей көре алатынбыз. Лас жерлерге бара алмай, әйтеуір бір құдіреттен сақтық ескертулер алатынбыз. Ол қасиет па, қасірет па, білмей дал едік. Көп бастырылып, мазарлардан өткенде, жолдың бойында ақ көйлекті қыздарды да жолықтырушы ек. Ал біреудің үйінде бір нәрсе дұрыс болмаса кеудеміз қысылатын. Қайсыбірін айтайын, молда атамыз сол үшін де ұйықтамайтын. Күнде сүре жаттатып, дұғада жүруші еді.
Ал қуыршақ оянған түнді әлі күнге дейін ұмыта алар емеспіз. Еміс-еміс есте қалған оқиға өмір бойы өшпестей болып жадымызда қалды. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Бірақ әлемде тылсымның бары сөзсіз...
Айнұр ӘЛИ