Тіршілік пен молшылықтың мейрамы
Қасиетті Қазалы халқы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін сән-салтанатымен қарсы алды. Алаңда тігілген ақшаңқа үйлердің сырты мен іші ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен көмкеріліп, әр үйдің жанына ата-бабадан мұра болып келе жатқан түрлі тұрмыстық бұйымдар қойылды. Таңертеңмен орталық алаңға ағылған халықтың қарасы қалың болды. Көктемнің шуақты күні де күлімдеп, ауа райы жанға жайлылық сыйлады.
Наурыз – көне дәстүр сабақтастығының белгісі саналатын, ұлттық мәдениетіміздің қайта түлеген ерекше мерекесі. Халық арасында бұл мереке ұлттық таным бойынша үйге жыл бойы молшылық пен сәттілік әкеледі деген сенім бар.
Табиғат ананың бусанып, тіршілік тірілетін жаңару айын қазалылықтар биыл да ерекше тойлады. Орталық алаңда ізгілік, ынтымақ, бірлік сынды түрлі тақырыпта тігілген киіз үйлерде ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін шаралар, көріністер қойылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Мереке нышаны саналатын наурыз көже әзірленіп, әсерлі ән мен жыр төгілді. Арулар мың бұрала билеп, кештің көркін одан әрі қыздырды.
Мерекелік шара барысында аудан әкімі мен бірқатар зиялы қауым өкілдері және аудан ардагерлерінің қатысуымен 24 бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Ұлыстың ұлы күнінде аудан басшысы Мейрамбек Шермағанбет жұртшылыққа ақжарма тілегін жеткізді.
– «Халқымыз ұлы күнге балаған, жыл басы санаған әз-Наурыз – бірлік пен береке мейрамы. Дастарқанға ақ толатын, елімізге бақ қонатын бүгінгі арайлы шақты халқымыз Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаған. Күн мен түнді теңеген, іргемізді ізгілікке бөлеген мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға баянды бақыт, береке-бірлік тілеймін. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!», – деді аудан басшысы.
Ұлттық мерекеге орай ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар мен ұжымдар марапат төрінен көрінді.
Мерекеге жиналған тұрғындар ұлттық тағамдар мен наурыз көжеден дәм татты. Жергілікті өнерпаздар мерекені думанға бөлеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.Сонымен қатар, алаңда қайырымдылық шатыры тігіліп, мерекелік дастархан ұйымдастырылды.
Көтеріңкі көңіл-күйде жүрген тұрғындар мен аудан қонақтары мерекенің мәнін аша түсетін маңызы зор көріністерді тамашалап, рухани сусындады.
– Қазақтар бұл мейрамда ең жақсы киімдерін киіп, туған-туыс, көрші-қолаңмен жиналып, дәстүрлі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырады, ән айтып, би билейді. Бізде отбасымызбен ұлттық нақышта тігілген киімдерімізді киіп алаңға келдік. Көрген көз сүйсінер әсемдікке кезіктік. Бәрі тамаша, керемет өтуде.
Наурыз мейрамына тән салт-дәстүрлер де қалыптасқан. Оның ішінде ең маңыздысы – жаңаруға, тазалыққа бет бұру. Ол көптеген ғасырлар бұрын пайда болып, бүгінде жойылған жоқ. Адамдар тек үй ішін емес, ауланы да тазалайды. Бұның барлығы жай ғана сөз емес. Адамдарды тазалыққа, ынтымаққа, ауызбіршілікке баулиды, – дейді кент тұрғыны Нұрбек Ұзақбаев.
Кең көлемде аталып өтілген наурыз тойында аудан өнерпаздарының қосқан үлесі зор болды. Әйтеке би кентінің орталық алаңында «Наурыз, құт береке бастауы» атты театрландырылған қойылым концерті өткізілді. Шара шымылдығы Жәдігер Тұрсынов атындағы халықтық театрының дайындаған Жаңа жыл туралы сахналық қойылымы мен түрілді.
«Мырза» халықтық ұлт-аспаптар оркестрі Ардақ Тәңірбергеновтің «Жорықта» күйін, «Өнеге» әжелер ансамблі «Тойбастар» халық әнін орындап, шашу шашып, меймандарға бауырсақ пен наурыз көже ұсынды. «Ақжелең» би тобы «Қыз қуу» биін биледі. Жігіттер арқан тартып, білек күшін сынады. Қыз бен жігіт арасындағы қайым айтыс тіпті ерекше өтті. Жарапазан айтылып, жаршы жігіттер дауылпазбен сахнаға шығып, Наурыздың келгенін хабарлады. Қыдыр ата халыққа ақ батасын беріп, жерге құт, елге тыныштық, дастарқанға молшылық тіледі.
Шара әрі қарай аудандық мәдениет орталығының концерттік бағдарламасына ұласты. Концертте халық және наурыз туралы әндер, жыр-термелер орындалды.
Әйтеке би кентіне жапсарлас жатқан Қазалы қаласының халқы да Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өтті. Жұртшылық орталық алаңға таң ертеңмен жиналып, бауырсақ пен наурыз көжеден дәм татты. Бұнда да түрлі тақырыптағы киіз үйлер тігіліп, керемет көріністер сахналанды. Ұлттық спорттан жарыстар ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет арнайы барып, қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар Қазалы қаласының өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен ұжымдарды «Алғыс хатпен» марапаттап, шынайы ризашылығын жеткізді. Аудан әкімі мен бірқатар зиялы қауым өкілі және ардагерлер кішкентай бүлдіршіндердің тұсау кесу рәсіміне қатысып, алғашқы қадамдарына ақ жол тіледі.
Мереке қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, жиылған көпшілік көңіл-күйді сезінді.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ