Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Іргелі ұжымның ісі де ілкімді

Іргелі ұжымның ісі де ілкімді

Өмірімізді электр энергиясынсыз елестетудің өзі қиын, отбасындағы жайлылықты айтпағанда, экономиканың барлық саласы электр қуатына тәуелді. ХХІ ғасырда электр қуатын ең басты игілік деп атасақ еш қателеспейміз. Бүгінде қуаттың мың шақырым электр беру желілері, мың бірлік жабдықтар, арнайы техника және жүздеген адам сіздің үйіңізге жарық жеткізу үшін тынымсыз еңбек етуде. Осы орайда, жарықпен қамтамасыз етіп отырған сала мамандарының жұмысына тоқталып, алдағы жоспарымен танысу үшін қойын дәптерімізді құшақтап, "Қазалы электр тарату торабы" мекемесіне бағыт алдық.

Аталмыш мекеменің басшысы Әнуарбек Райымбекке баратынымызды айтып хабарласқанбыз. Бізді есік алдынан күтіп алған ол күндегі қызу тірлік жұмысты жоспарлаудан басталатынын айтып, іргелі ұжымның ілкімді ісімен бөлісті.
Өмірлік маңызды нысандардың жарықпен қамтамасыз етілуі энергетиктердің жоғары жауапкершілігі мен сапалы қызметіне, қондырғы-жабдықтардың қалыпты жұмысына байланысты екені даусыз. Бұл ретте аталмыш ұжымның қызметкерлері барлық талаптарды ескеріп, тәртіпке қатаң бағынады. Мұнда барлығы 91 адам еселі еңбек етуде. Бес тарату желісі бригадасы жұмыс істейді. Оның 1 бригадасы жоғары кернеулігі бойынша жұмыс істесе, ал қалған 4 бригада қосалқы станцияның жұмысына жауапты. Жалпы жоғары кернеу желісі бойынша жұмыс істейтін бригада құрамында 1 шебер, 2 электрослесарь, 2 электромонтер, сондай-ақ 26 метрге дейін көтерілетін сатысы бар арнайы көлікті тізгіндеген жүргізуші бар. Ал 4 бригада кент пен дарияның арғы беткейіндегі 13 елдімекеннің электрмен қамтамасыз етілуін үздіксіз қадағалайды. Мамандар 1000 және одан жоғары кернеу бойынша қызмет етеді. Олардың міндетіне тұрғындарды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету, сондай-ақ ақау немесе апаттық жағдай орын алғанда шұғыл әрекет ету, жарық сөнген уақытта қайта қосу және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу кіреді.
– Жалпы әр бригадаға қарасты белгіленген учаске бар. Егер бір жерде тоқ үзіліп, апатты жағдай орын алса, жарықтың қай жерден, қалай сөнгендігін дереу анықтайды. Бұл біздің арнайы бригада жасағының негізгі міндеттерінің бірі, – дейді мекеме басшысы.
Электр энергиясының үздіксіз берілуімен қатар оның тұтынушылар арасында бөлінуін үйлестіру, сондай-ақ күнделікті атқарылатын жұмыстарды жүйелеу, қызметкерлердің жұмысын жеңілдетуге арналған құрал жабдықтардың үнемі сақадай-сай тұруын қамтамасыз ететін мамандардың жұмысы сіз бен біз ойлағандай оңай емес. Дәл осы шаруаларды шашау шығармай, адал атқарып жүрген арнайы мамандар бар. Жоғарыдағы аталған жұмыстардың барлығы инженерлердің арасында бөлінген. Бас инженер Жеңіс Рахметов бес бригаданың жұмысын бақылайды. Ал электр энергиясын есепке алу және бөлуді Сағындық Наурызбек жүргізсе, қорғаныс құралдарын есептеп, құрал-жабдықтарды сынамадан өткізу релелік қорғаныс автоматика инженері Ербол Елеуовке жүктелген. Ал тұтынушылармен тікелей байланыс орнатып, олармен келісімшарт жасау Серік Айтжановтың күндегі жұмысы. Мекеменің өндірістік-техникалық бөлімнің инженері Айберген Құдасбаев құжаттамаларға жауапты. Оперативтік диспетчерлік топтың қызметін қадағалайтын Бақыт Нұржанов болса, электр энергиясын есепке алу жөніндегі Ербол Көшербаев та өз жұмысын жүйелі атқарады.
Қыз-қыз қайнаған қарбаластың ортасында жүріп сәл абдырап қалдық. Мекеме ішінде тыныштық орнаған десек те, сызбалар мен құжаттарын, құрал-жабдығын иығына асынып, қызметкерлер жүгіріп жүр. Тынымсыз тірліктің көрінісі көз алдымызда көлбеңдегенде бұл мамандық иелерінің жұмысының жеңіл еместігін шын ұғындық. Оның үстіне биыл "Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы" акционерлік қоғамының 60 жылдық мерейтойы. Дәл осы атаулы датаға орай дайындық жұмыстары да басталып кетіпті. Сөз арасында осы бойынша қосымша жұмыстар жүктелгенін айтқан мекеме басшысы Әнуарбек Кеңесбайұлы шұғыл шаруамен кетіп бара жатқанын айтып, бізді бас инженерге қарай бағыттады. Дәлізді жағалай бас инженер Жеңіс Рахметовтің кабинетіне де аяңдадық. Жұмыс үстелі сызбалар мен құжаттарға толы. Әдеттегі жұмысынан жаңылмай, жұмысшыларға тапсырма беріп жатыр екен. Сәл уақыт кедергі болмайын деп, күтуге тура келді. Қолы қалт еткен уақытта бізде орайлы сәтті пайдаланып, жанына жақындадық.
– Бізде күнде осылай. Қарбаласып жатамыз. Оның үстіне күнделікті жоспарланған жұмыстарымыз бар. Наурыз бен сәуір айы бізде жұмыстың нағыз қызатын шағы. Ауданда орналасқан барлық трансформаторларды сүртіп, тазалаудан өткіземіз. Ал мамырдан бастап қыркүйекке дейін ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Содан соң қыркүйек пен қазан айларында тағы трансформаторларды тазалау жұмыстары күтіп тұр. Қараша мен ақпан айлары аралығында трансформаторларды тексеріп, қай жерде қандай ақау барын анықтап, бақылауға аламыз. Күнделікті кезектен тыс жұмыстар мен келіп түскен шағымдарды да назардан тыс қалдырмауға тырысамыз, – дейді ол.
Қазалы ауданында электр энергиясын тұтынатын 16680 пайдаланушы бар. Оның ішінде заңды тұлғалар – 1468, жеке тұлғалар 15212. Бүгінде аталмыш мекеме тұтынушылардың үйін аралап, есептеуіш бойынша көрсеткішті базаға енгізіп, оны "Дәулет-Энерго" ЖШС-не жолдайды. Көрсеткіш бойынша ақыны тұтынушылардан жоғарыдағы мекеме жинайды.
Қазалы электр тарату торабында жалпы 5-ші разрядты 5 инженер, 5 шебер, 6-шы разрядты 5 диспетчер, 20-ның үстінде 4-ші разрядты маман болса, қалғандары 3-ші разрядты тәжірибелі мамандар. Солардың барлығы электр энергиясының үздіксіз берілуін қамтамасыз етуде.
Бас инженердің айтуынша, ұжымдағы қызметкерлердің дені жастар. Олар алдыңғы буын ардагер ағалардың салып кеткен сара жолын жалғастырып келеді. Қызмет барысындағы тапсырмаларды тиянақты орындауға әбден төселген жандар түрлі жарыстарда ұжымды алға жетелеп жүр. Бүгінге дейін біраз додаларда бақ сынаған ұйымшыл ұжым салалық сайыста бірнеше мәрте алдыңғы орындарды қанжығасына байлаған. Тіпті сондай сайыстардың бірінде өздерінің шеберліктерінің арқасында шыңнан көрініп, бас жүлдеге тігілген көлікті де жеңіп алған. Жеңіс Рахметов мұндай сындардан еш қалыс қалмайтынын және үлкен даярлықпен баратынын, сондай-ақ қай жарыстан да жүлдесіз қайтпайтынын мақтанышпен айтты.
– Жалпы электр тарату желілерін жөндеу қызметкерлерінің арасында жыл сайын жарысқа бару үрдіске айналды десек те болады. Биыл да бізді Қызылорда қаласында өтетін байқау күтіп тұр. Қазір дайындық жұмыстарына кірісіп те кеттік. Бұйырса, бұл жолы да бас жүлдемен оралуға ниеттіміз, – дейді бас инженер.
Бұл қызметте жүргендердің жұмысына адал екендіктері бірден аңғарылады. Өйткені қауіпке бас тігерін білсе де, қорқынышқа бой алдырмайтындары жүздерінен байқалып тұр. Қиындығына да әбден үйренген. Өйткені бұл олардың күнде бетпе-бет келетін дағдылы ісі.
Қазалы электр торабында 11 автотехника бар. Оның үшеуі арнайы техника. Биіктікке шығатын автокөлік, кран, жер қазатын көлік, құрал-жабдықтарды тасуға арналған "зил" көлігі, сондай-ақ алты "уаз" көлігі бар. Оның бесеуі бес бриагадаға, біреуі кезекші электромонтерларға арналған.
Әңгімеміздің соңында мекеменің алдағы жоспарын сұрауды жөн көрдік. "Жұмыстар легі толастамай жалғаса береді" деген Жеңіс Рахметов біз көрген бүгінгі жұмыстардың бәрі жалпы жасалатын жұмыстардың бір парасы екенін айтты. "Алда кезең-кезеңімен маусымдық тазалау, ағымдағы және күрделі жұмыстар күтіп тұр. Сондай-ақ электр желілеріне кедергі келтіріп тұрған тал бұтақтарын кесу, халықтың өз күшімен тартып алған электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын жандандырамыз және Қазалы қаласының электр желіліерінің және трансформатор қондырғыларына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен бірге "Қызылорда электр тарату тораптары" компаниясы акционерлік қоғамының 60 жылдық мерейтойына орай тал егу жұмыстарын жүргізетін боламыз, – дейді Жеңіс Рахметов.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала мамандарының жұмысымен танысу мақсатындағы сапарымыз соңына таяды. Жарықты уақытылы беріп, апаттық жағдай бола қалса, діттеген жерге дереу жетіп, орын алған олқылықтың орнын мезетінде толтырып жүрген қызметкерлердің жұмысына сәттілік тілеп, "әр үйдің жарығы сөнбесін" деген тілекпен редакцияға қарай бет алдық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ

16 наурыз 2024 ж. 217 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031