Аудандағы қоғамдық көліктің жайы қаралды
Бүгін аудандық партия филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әділбек Сарабековтың төрағалығымен өткен комиссияның кезекті отырысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Жиында ең алдымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рахметулла Ізтілеуов аудандағы қоғамдық көліктердің қызметі мен сапасына және электр желілерінің тозу деңгейін азайту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайын баяндады.
Бұл мәселенің жалпы аудан бойынша өзекті екенін айтқан аманаттықтар, сайлаушылармен кездесулер барасында уақытылы көліктердің келмеуіне қатысты шағымдардың көптігіне тоқталды. Бөлім басшысына мәселенің тиімді шешілу жолдарын қарастырып, тәжірибе алмасу жүйесін пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ электр желілері саласындағы негізгі мәселелер бойынша ұсынымдарын берді.
Әрі қарай жиында партия атынан ұсынылып сайланған Арықбалық ауылдық округі әкімі Мәулен Қайруллаевтың сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды.
Бұл ретте аталған ауылдық округтен сайланған депутат ретінде Нұрғиса Жалғасбаев ауыл маңындағы каналдардың жағдайы, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы және қоқыс полигоны мәселесіне қатысты ұсыныстарын айтты. Ал жиынға арнайы қатысқан филиал төрағасы Ғазиз Әліш нақты іспен айналысып, жұмыс қарқынын күшейту қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ ауылдағы жергілікті шаруа қожалықтарымен жұмысты жандандыруды, Жанқожа батырдың 250 жылдығына орай дайындық жұмыстарын жүргізуді айтқан комиссия мүшелері, партия атынан сайланған округ әкіміне белгіленген мерзімде іс-шара жоспарын әзірлеуді тапсырды.
#AMANAT