Өрелі боп өсу үшін балаңыз, тәртібіне қараңыз
«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты мен жастарға сенемін» дейді Мағжан Жұмабаев. Жастық қуат пен ішкі жалын бойын билеген жастар бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, арманына алғашқы қадамды жасап, пайдалы іспен айналысса –
құба-құп. Алайда Мағжан үміт артқан ел жастары жанына жаман әдетті серік етіп, бұралаң жолда адасып жүруі осы мақалаға арқау болып отыр. Олай дейтініміз, бүгінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс дендеп тұр. Әсіресе, қазалылық «тентектердің» бұзақылығы талай мінберлерде көтеріліп, майшаммен де қаралды. Десе де, бұдан нәтиже шығар емес.
Керісінше, мектеп және арнаулы орта оқу орындарындағы бопсалау, топтық төбелес, ұрып-соғу азаяр емес. Бұған не себеп? Отбасы мен білім ошақтарындағы тәрбие жұмыстарының аздығы ма? Әлде бұның басқа да себептері бар ма?
Өткен жылы 6 сәуір күні қоғамда резонанс тудырған оқиға кенттегі мектеп аулаларының бірінде орын алды. Дәлірек айтсақ, Қазалы ауданында екі адам мектеп оқушысын аямай соққыға жыққан еді. Салдарынан 15 жасар жасөспірім бас сүйек-ми жарақатын алғаны белгілі болды. Ол аздай әлгі таяқ астына алған бір топ жас ессіз жатқан баланы смартфонына бейнеге түсіріп, әлеужеліге жүктеп жіберген. Кейін үлкен іс қозғалып, мектеп директорының екі орынбасары қызметінен кетті. ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабына сәйкес іс қозғалды. Бірақ істің ізі суып, ізім-қайым жоқ болды.
Көпшіліктің талқысына түскен әлеуметтік желідегі жазбаға аудандық полиция бөлімі де пікір қалдырып, бейнероликте көрсетілген тұлғаларды анықтап, шара көру үшін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Соңғы мәліметтер бойынша, бұзықтық жасап, бір-бірімен төбелескен топтың ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалар да бар. Алайда олар мектепте оқымайды. Белгілі бір себеппен колледжде де білім алмайды-мыс. Бұл ауданда орын алып жатқан жастар арасындағы қақтығыстың бергісі ғана.
Өткен жылдың аяғында да осыған ұқсас оқиға орын алған. Онда жұмыс орнында тұрған жігітті бір топ бұзақы соққыға жығып, көлік артына салып, алып кеткен. Аудандық полиция бөлімі қызметкерлері шара қолданып, әлгі бұзақыларды тауып, сот процесіне орай уақытша қамаққа алған. Өкінішке орай, бұл істі де құзырлы орындағылар жылы жауып қойып отыр. Төбелеске не түрткі болғаны бізге белгісіз. Дегенмен елдің әр өңірінен осындай кішкентай оқиға барысында адам қазасы орын алып жатқанын естиміз. Көптің көкейінде жалғыз сұрақ: кім кінәлі?
Мәселенің мән-жайын білмек болып, Қазалы аудандық полиция бөлімінің ювеналды инспекторы Мархабат Бегалиеваға хабарласқан едік. Еңбек демалысында екенін және өзінен басқа жауапты жандардың жоғын айтып жалтарғандай болды.
Ал мектеп жасындағы оқушылар арасында құқықбұзушылық, түрлі деңгейдегі қылмыстың орын алуы «өтпелі кезеңдегі» жасөспірімдердің құбылмалы мінез-құлық, еліктеушілігінен туындайды деп бағамдағанмен, «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген Абай өлеңін еріксіз ойға оралтады. Бұл мәселедегі аудан ахуалы көңіл көншітпей тұр.
Ауданда облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тапсырмасы бойынша жергілікті әкімдік қызметкерлері күн сайын түнгі рейд жүргізіп жатқанын да айта кеткен жөн. Әйтсе де, түнгі тексеріс жемісін беріп жатқаны шамалы.
– Несін жасырайық, мұндай қырғын-төбелес, жастар арасындағы жанжал екі күннің бірінде орын алып жатады. Кешегі елді шулатып жүрген видеолар соның бір шеті десек болады. «Amanat» партиясы, әкімдіктегілер, құқық қорғау органдары бірлесіп, күндіз мектеп аралап, кеш батса түнгі клубтарды шарлап, осындай олқылықтар орын алмауын назарда ұстауда. Бірақ нақты нәтиже жоқ. Бұлай жалғаса берер болса, балаларымыздың болашағына алаңдаулымыз. Мұндай дүниелердің алдын алудың басқа да жолдарын қарастыру керек сыңайлы, – дейді кент тұрғыны Нұргүл Жәңгірқызы.
Серік АҚМЫРЗА