Білім алушылардың дағдыларын дамыту – өзекті мәселе
29 қаңтар күні Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектепте биология пәні мұғалімі, шығармашыл ұстаз, педагог-зерттеуші Ерман Нәзігүл Меңдіқарақызының "Білім алушылардың дағдыларын дамытуда, оқытудың 4С моделінің ерекшеліктері" тақырыбында аудандық шығармашылық күні өтті.
Аталған шараға аудан мектептерінің биология пәні мұғалімдері қатысты. Атап айтқанда, ауданның барлық мектептерінен, сонымен бірге аудандық оқушылар үйі, Бірлік, Лақалы, Мұратбаев, Ақсуат елді мекендерінің мұғалімдері де қызығушылық танытып, тәжірибе алмасу үшін арнайы келіп қатысты.
Шара басында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айтмамбет Ділдәбек сөз сөйлеп, Назгүл Меңдіқарақызының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Келген қонақтарды аудандық деңгейде ұйымдастырылап жатқан шығармашылық бір күн аясындағы жұмыстарды тамашалауға шақырды.
Жиынға қатысушылар қазіргі таңдағы өзекті экологиялық мәселелердің бірі Арал апатына байланысты "Арал тағдыры" атты мектеп оқушыларының театрландырылған қойылымын тамашалап, мектеп бүлдіршіндерінің өнеріне тәнті болды.
Бұдан әрі мектеп оқушылары жарытылыстану пәндері бойынша көрме және өздерінің ғылыми жоба жұмыстарын қонақтар назарына ұсынды. Сонымен бірге Нәзігүл Меңдіқарақызы аудан мұғалімдеріне бірнеше жұмыстарымен бөлісті.
Алдымен 4С моделіне негізделген демо сабақты қатысушылар назарына ұсынып, "Ұғымдар картасы" тақырыбында жас мамандармен жұмыс жүргізілді. Ахмет Байтұрсынұлы секілді ұлы педагогтардан бастау алған бұл технологияны қазіргі таңда сабақ процесінде, сондай-ақ жиынтық бағалау жұмыстарында қолданудың оңтайлы жолдарын ұсынды.
Жиын "Қарапайымдылар типі өкілдері" тақырыбындағы моделдеу сабағымен қорытындыланды.
Аудан биологтары Нәзігүл Меңдіқарақызының шығармашылық бір күні жоғары дәрежеде өткенін жеткізді.
Олар шараның өздеріне мол тәжірибе болғандығын, 4С моделін негізге алудың қажеттілігін, теорияны тәжірибемен ұштастыруды, оқушылардың ойлау дағдыларын кеңейте жұмыс жасау жолдарын көрсеткенін тілге тиек етіп, Нәзігүл Меңдіқарақызына шығармашылық табыс тілеп, алғыстарын білдірді.
Аудандық биология пәні мұғалімдеріне іс-тәжірибесін таратқаны үшін Н. Ерман Қазалы аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат