Жоба жасаудың озық жақтары
2 қараша күні С.Сейфуллин атындағы №165 мектеп базасында жалпы пән мұғалімдері үшін «Ғылыми зерттеу жұмыстары: Ізденіс, Бағдар, Нәтиже» тақырыбында аудандық оқыту семинары өтті. Оған жалпы пәндер бойынша 200-ге жуық мұғалімдер қатысты.
Оқыту семинары педагогтарға ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, оқушылармен зерттеу жұмысы кезіндегі құзыреттілігін арттыру, шығармашыл педагогтардың іс-тәжірибелерін тарату, әдістемелік көмек көрсетуді мақсат етті.
Жиында Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғ.Жантөреев «Оқушыларды зерттеушілік жұмыстарға бағыттаудағы педагогикалық қызмет», Қалжан Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің география пәні мұғалімі Н.Сәдуақас «Ғылыми жоба жазу және рәсімдеу ерекшеліктері», Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің ағылшын пәні мұғалімі Г.Утеева «Оқушыларды ағылшын тілі пәні бойынша зерттеушілік жұмыстарға бағыттау және оның нәтижесі»,
№102 мектептің бастауыш пәні мұғалімі Сембаева Күлайым «Бастауыш сыныптарда оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамыту жолдары», Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі М.Жөлекеш «Ғылыми жобаға идея табудың құпиясы», Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі А.Қараманова «Дарынды шәкірт - білікті ұстаздан» тренинг, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің биология пәні мұғалімі Р.Шарапат «Мектеп оқушыларын ғылыми зерттеу жұмыстарына баулу» тақырыбында оқушылармен ғылыми жоба жазуда қандай жұмыстар атқару керектігі және жетістікке жету жолдарымен бөлісті.
Ғылыми зерттеу жобасын жазудың ерекшеліктері аясында талдау, синтездеу, құнды пікірлер, кері байланыс, бастысы педагогтар арасында бір-бірін қолдау процесі орын алды. Жиын соңында семинарға қатысушылар пікір алмасты.
Фото: Ашық дереккөзден
"ҚАЗАЛЫ"ақпарат