Тұңғыш рет өткен тартыс табысты болды

Көпке мәлім, қараша және қаңтар айлары аралығында елімізде алғаш рет Ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларының республикалық олимпиадасы өтті.
Білгірлер бәсекесіне Қазалы ауданы бойынша тек кент және ауылдық елді-мекендерде орналасқан білім беру ұйымдарынан бастапқы кезеңінде 893 оқушы қатысып, бақ сынады.
Тәуекел түбі жел қайық, додаға қосқан 893 жүйріктің 459-ы мәреге жетіп, екінші кезеңде жүйітки шабуға мүмкіндік алды. Олар 22-23 желтоқсан күндері №266 мектеп-лицейде өткен сайыста білімін дәлелдеп, нәтижесінде 116 оқушы жүлделі орын, 38 оқушы Алғыс хат иегері атанып, 6 оқушы республикалық кезеңге жолдама алғаны есте.
Ал бүгін республикалық кезең қорытындысы бойынша 6 оқушының төртеуі жеңімпаз атанып, байрақты бәсеке білгірлерінің есімдері елге белгілі болды.
Атап айтсақ, №170 орта мектептің 10 сынып оқушысы Ғалымжанұлы Рамазан география пәнінен, №266 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Орымбет Нұржан Қазақстан тарихы пәнінен алдына жан салмай, бірінші орын мінберінен көрінді. Бұған қоса, №97 орта мектептің 11 сынып оқушысы Мамытова Аружан география,
№249 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Нұрлыбек Әлішер биология пәнінен үздік үштікті қорытындылады.
Жеңімпаз оқушыларды және оларды додаға дайындаған жетекші пән мұғалімдерін жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!
#Қазалыақпарат
#Қазалыбілім
#ауылолимпиадасы