Аудан әкімі бірқатар нысанның жұмысын көрді
Қазіргі таңда Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінде екі бірдей нысан жастар игілігіне жұмыс жасап тұр. Ал Ғани ізбасарларына арналған мұндай қос ғимарат тек Қазалы ауданында ғана бар.
Бұған дейін Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов көшесінде, яғни Жеңіс саябағының жанында орын тепкен жастар үйі жуырда жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Соған сәйкес бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бұрынғы кенттік клубқа арнайы барып, жастар орталығының жұмысымен танысты.
Аудан басшысы орталықта орналасқан ауқымды ғимарат жастар көптеп шоғырланатын рухани орталыққа айналсын деген тілегін білдіре отырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мұхтар Әуесұлы мұнан соң Әйтеке би кентінен бой көтеріп жатқан спорт кешенінің құрылысын көрді. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілетін нысанды жеке кәсіпкер Нұртай Аманов өз қаржысы есебінен салып жатыр.
Мұнда футбол, волейбол, баскетбол сынды спорт түрлеріне арналған 26х46 м болатын спортзал бар. Сонымен қатар көрермендер үшін 200 орындық, ер және әйел адамдар үшін арнайы киім ауыстыру орындары мен суға түсетін орын қарастырылған. Ал астыңғы бөлігінде жаттығу бөлмесі және үстіңгі қабатта күрес түрлеріне - 12х26 м болатын жаттығу орны бар.
Жеке кәсіпкер - Нұртай Жарылқағанұлы ғимараттың ақпан айының соңына дейін өз жұмысын бастайтынын айтып отыр.
Аудан басшысы кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, нысанның спортқа құмар жастарға таптырмас орын болатынын жеткізді.
“Қазір қыс мезгілі. Ауа райы күнделікті құбылып тұрғандықтан елді мекенге қатынайтын жолдар мен дария бетіндегі қалқылмалы көпір күнделікті назарда болуы тиіс”.
Абай ауылындағы қалқымалы көпірді өз көзімен көруге барған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев осылай деді. Оған қоса аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Сыдықовқа барлығын бақылауда ұстап отыруды қатаң тапсырды. Сондай-ақ, күн жылынса қайықты дәнекерлеу, тазалау, сырлау секілді жұмыстарды ұмыт қалдырмауды тапсырды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі