Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл үздіктері

Жыл үздіктері

2023 жыл да аяқталып, санаулы уақыттан соң төрімізге ұлу жылы енеді. Қолыңыздағы «Қазалы» газетінің бүгінгі шығарылымы дәстүр бойынша жылды қорытындылауға арналып отыр. Осы орайда біздің редакция ұжымы тұрлаулы тарих қойнауына еніп бара жатқан қоян жылында басылым бетінде жарияланған оқиғалардың, кейіпкерлердің, әр сала мамандарының арасында «Жыл үздіктерін» анықтауды ұйғарды.

Ауданның ақпарат саласының дамуына қосқан үлесі үшін «Жылдың үздік журналисі» номинациясын аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінің бас редакторы Раушанбек Сейтенов иеленді. Раушанбек Нағыметуллаұлы аталған салаға 40 жылға жуық өмірін арнаған қаламы қарымды журналист. «Тұран-Қазалы» газетінің мерзімінде басылуына атсалысып, жыл көлемінде ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өмірі туралы республикалық, облыстық және аудандық газет беттеріне мақалалар жариялаған.
Ал «Қамқор Локомотив» жөндеу зауытының директоры Нұрлан Алмағамбетов «Жылдың үздік теміржолшысы» атанды. Нұрлан Жұбатқанұлы басшылық жасайтын «Қамқор локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қазақстан теміржолы» «Жүк тасымалдау» компаниясына қарасты тепловоздарға техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Ағымдағы жылы 3 млрд. 612 млн теңгеге қызмет көрсетіп, өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға артық орындаған.
«Жылдың үздік дәрігері» номинациясы «Болат жолы» дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі дәрігері Азия Досмағамбетоваға берілді. Азия Айсағаниқызы аймақ дәрігер жұмысын жетік меңгерген, білікті, жоғары санатты дәрігер. 1500-ден астам тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Ауылды өркендетуге қосқан үлесі үшін «Үздік ауыл әкімі» номинациясымен Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Байназар Ерқосаев марапатталды. Бүгінде Абай ауылының әлеуметтік-экономикалық саласы бойынша даму динамикасы өсіп келеді. Жыл көлемінде ауылда 31 адам жұмыспен қамтылса, 5 адам 41,4 млн. теңге несие және қайтарымсыз қаржы алып, кәсіп жасауда. 20 азамат жеке кәсіп ашты.
«Болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Панабек Алиев «Жылдың үздік құрылысшысы» атанды. Панабек Алмасұлы жыл көлемінде Бозкөл ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Қазалы қаласындағы спорт алаңының құрылысы, Әйтеке би кентіндегі халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 2 жалдамалы тұрғын үй құрылысы және Ақтөбе облысындағы әкімдік ғимаратын мерзімінде, әрі сапалы жүргізілуіне үлес қосты.
Қоғамдық қызметтегі елеулі еңбегі үшін «Жылдың үздік халық қалаулысы» номинациясымен аудандық мәслихат депутаты Эльмира Нұрмағанбетова марапатталды. Эльмира Жалпақбайқызы ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, жалғызбасты қарттар мен тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік жағынан көмек көрсетіп, бірнеше сырқат адамның емделуіне ықпал жасаған.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» номинациясын алды. Нұрбек Кенжебайұлы аудан бойынша жоспарланған нысандардың мерзімінде тапсырылуына үлесін қосты. Аудандағы құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға артық орындалған.
Өнім өндеу саласындағы елеулі еңбегі үшін «Үздік ауылшаруашылық қызметкері» бағамы «РЗА-Сүт» жауапкершілігі жектеулі серіктестігінің меңгерушісі Замира Әуесбаеваға бұйырды. Замира Лепесқызы жетекшілік жасайтын серіктестік Еуропаның озық технологиялық құрал-жабдықтарымен жабдықталған, зауыт тәулігіне 30 тонна сүт өңдейді. Зауыт биылғы жылы 7676 тонна пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, йогурт, құрт, май, брынза өнімдері өндіріліп, аудан экономикасын дамытуға, әлеуметтің әлеуетін арттыруға ерекше үлес қосты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, облыс бойынша өңделген сүттің 95 пайызына дейін жеткізуге атсалысқан.
Қазалы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері Дамегүл Тұрымбетова «Жылдың үздік әлеуметтік сала қызметкері» атанды. Дамегүл Бердібайқызы өз жұмысына тиянақты, берілген тапсырмаларды уақытында орындап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, 20 жылдан астам уақыт бойы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетеді және балалардың әрқайсысының қабілетіне қарай жеке жұмыс жасайды.
Қазалы ауданы полиция бөлімінің қылмыстың жасалуына күдіктілер мен сезіктілерді уақытша ұстау изоляторының бастығы, полиция капитаны Бақытбек Алмағамбетов «Жылдың үздік сақшысы» атағын алды. Бақытбек Түркменбайұлы қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, аудандағы орын алған қылмыстардың алдын алу және ашу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы бағытында өз кәсіби шеберлігін танытып келеді.
«Жылдың үздік жеке балабақшасы» номинациясын «Нұрай» жеке балабақшасының меңгерушісі Лаура Бакешова иеленді. Лаура Қонысқызы «Нұрай» жеке балабақшасын меңгере жүріп, тәрбиеленушілерін өнерге баулып, өнерлі, шығармашыл бүлдіршіндер тәрбиелегені үшін, республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың алғыс хат иегері. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушылардың әлеуметтік жағдайын көтеру, олардың толыққанды өмір сүруі үшін, қолайлы жағдайлар туғызу жолында аянбай еңбек етуде.
Білікті ұстаз, №276 орта мектептің матиматика пәнінің мұғалімі Құдайберген Төлепберген «Жылдың үздік ұстазы» атанды. Құдайберген Жарылқапұлы 2023 жылы Халықаралық математика пәні мұғалімдер арасында өткізілген олимпиададан үшінші, облыстық педагогикалық идеялар шығармашылық байқауынан бірінші, жас математика пәні мұғалімдеріне арналған байқауынан екінші орын иегері. Облыстық, аудандық «Үздік математика пәні мұғалімі – 2023» байқауынан жүлдегері.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының мәдени ұйымдастырушысы Ақбөпе Кеулімжаева «Жылдың үздік мәдениет қызметкері» атанды. Ақбөпе Мұратқызы мәдениет орталығы жанындағы «Жібек жолы-Қазалы» мәдени үгіт керуенінің жетекшісі. 15 жылдан бері аудандық мәдениет орталығы жанындағы ән үйірмесінің жетекшісі. 2023 жылы Қызылорда қаласында өткен дәстүрлі облыстық жасөспірімдер арасындағы «Таңшолпан» эстрадалық телебайқауында шәкірті бас жүлде иеленіп, лауреат атанған.
Кәсіпкерлік саласының дамытуына қосқан үлес қосқан Руслан Бөлекбаев «Жылдың үздік кәсіпкері» атанды. Ол «Қазалы» атауымен сабын өндіру кәсібінің негізін қалаушы. Руслан Жаңалықұлы Қазалы өндірістік цехын кеңейту мақсатында алғашқы рет қолданысқа енгізілген кір сабыннан бөлек, ыдыс жууға және киім жууға арналған сұйықтықтар мен 5 түрлі сұйық сабын, құбыр ұнтақты сынама шығарады. Сондай-ақ тері ауруларына ем шөптен жасалған «Қазалы сахар» сабыны мен аязға төзімділігі бар автокөлікке арналған сұйықтық шығарып, өндірістік цехта дайындалатын тауарларды экспорттауға Қырғызстан және Тәжікстан елдерімен келісімдер жасалуда.
Қазалы аудандық электр торабының шебері Дастан Жайманов «Үздік коммуналдық сала қызметкері» бағамын иеленді. Дастан Үрістемұлы 10 жылдан бері аталған мекемеде абыройлы еңбек етіп, тәжірибесінің арқасында ауданның электр желілерінің жандануына үлесін қосып келеді.
Денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына қолдау көрсеткен «РЗА-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихат депутаты. Нұрлан Имандосов «Жылдың үздік демеушісі» номинациясына лайық деп танылды. Нұрлан Самұратұлы ауданның қоғамдық саяси-мәдени өміріне белсене араласып, өткізілген көпшілік іс-шаралар мен тұрмысы төмен отбасыларға демеушілік көмегін аямайды.
«Жылдың үздік спортшысы» Қазақстан Республикасының ұлттық құрама мүшесі, қазақ күресі, самбо, дзюдо спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының спорт шебері Абылайхан Жұбаназар атанды. Абылайхан Кемалбекұлы Қазақстан Республикасы чемпионатының екі дүркін, Қазақ күресінен Республикалық «Жас барыс» турнирінің үш дүркін және Самбо күресінен Қазақстан Республикасы чемпионатының, Азия ойындарының жеңімпазы. 2023 жылы Грузияның Тбилиси қаласында дзюдодан 81 келі салмақта күміс медаль иегері. Монғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен турнирінің және Қытай елінің Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарының қола медаль иегері.

Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ
30 желтоқсан 2023 ж. 340 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031