Атырауда қазақи нақыштағы шырша орнатылды
Атырау қаласында қазақи үлгідегі шырша орнатылды. Бұл туралы ҚазАқпарат "Мой ГОРОД" порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Атырау шыршасы "Мой ГОРОД" порталындағы дауыс беру қорытындысы бойынша Батыс Қазақстандағы ең әдемі шырша атанған. Сондай-ақ, Исатай-Махамбет алаңына орнатылған жаңа жылдық шырша әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен. Біреулер шыршаның мұнай астанасы үшін тым қарапайым екенін жазса, жаңажылдық безендіруге жұмсалған қаражатты жағдайы төмен жандарға беруді ұсынған.
«Шырша орнатпай, қаланы безендіруге қаражат бөлмеуге де болар еді. Бірақ, Астана мен Алматы қалаларына барғанда, әсем безендірулер мен биік шыршаларға қызықпау мүмкін емес. Менің ойымша, қала өз деңгейінде безендірілуі тиіс. Қаланы безендірмей қойсақ та, халық сын айтар еді», - деді қала әкімі Серік Шәпкенов Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Порталдың хабарлауынша, биыл Атырау қаласының жаңажылдық безендірілуіне жергілікті бюджеттен 89 миллион теңге бөлінген. Былтыр бұл сома 59 миллион теңгені құраған.