Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыдағы қуаныш

Қазалыдағы қуаныш

Сәрсенбінің сәтті күні Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Қазалы ауданына келді. Аймақ басшысы алдымен баспаналы болған тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға жаңа пәтердің кілтін табыстап, қоныс құтты болсын айтты.
Баспанасы бардың бағы бар
Биыл Қызылорда облысы мен бірнеше ауданның мерейтойы қатар тойлануда. Атаулы жыл аясында көптеген игі іс жүзеге асып, ауқымды шаралар өткізілуде. Солардың бірі – Қазалы ауданындағы 50 отбасыға берілген баспана.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пәтер иелеріне кілт табыстау рәсіміне қатысып, ақ жарма тілегін білдірді.
– Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өткен болатын. Облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1000 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның 400 пәтері аудандарға тиесілі. Міне, бүгін қазалылық 50 отбасы өз баспанасына кіріп, қоныс тойын тойлайды. Бұл – мемлекеттің тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарының жемісі. Жаңа баспаналарыңыз ұядай жылы, берекелі болсын!», – деді аймақ басшысы.
Шара барысында Нұрлыбек Машбекұлы Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосовқа ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың «Алғыс» хатын табыстады. Сонымен қатар Қазалы ауданының Құрметті азаматы Оразғали Бекбанов жаңа қоныс иелері мен жиналғандарға ақ батасын берді. Мердігер мекеменің 5 қызметкері облыс әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталды.
Айта кетейік, жақында Жаңақорған ауданында 50, Аралда 100 отбасы баспана қуанышына кенелді. Аймақта тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші жыл өткен сайын артуда. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында былтыр 683,2 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл 692,3 мың шаршы метр баспана табыстау көзделген. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында облыста алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі.
Бірегей білім ошағы
Қазалы ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын 300 орындық мектептің құрылысы басталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім ордасының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен біздің облыста 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Оның екеуі Қазалы ауданында бой көтереді. Біз бұған дейін Қызылорда қаласы, Жаңақорған, Арал аудандарында «Жайлы мектептердің» іргетасын қаладық. Бүгін міне, Қазалы ауданындағы құрылысты бастаймыз. Жайлы мектептерде жас ұрпағымыз зейінді, білімді, зерек шәкірт болып қалыптассын! Білім ошақтары туған елінің туын биік ұстайтын түлектер ұясына айналсын! Ұлттық жобаны жүзеге асыру міндеті жүктелген азаматтарға маңызды әрі жауапкершілігі зор жұмысты сапалы жүргізуді халық атынан аманаттаймын, – деді аймақ басшысы.
Бұл білім ошағы апатты жағдайдағы мектептің орнына бой көтереді. Сонымен Қазалыда апатты мектепке қатысты мәселе түпкілікті шешімін таппақ.
Құрылыс алаңында Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов аудан тұрғындарын құттықтап, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожас Медеубай бата берді.
Жалпы биыл облыста 4 мектепке 1850 орындық қосымша ғимарат, 5 мектеп пайдалануға берілуде. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында құны 7,9 млрд теңге болатын физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығында осы кезге дейін бір ғана «Оқушылар үйі» болса, биыл «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2,5 млрд. теңгеге 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы басталды. Оған қоса «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан 4,8 млрд. теңгеге музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынады.
Тұрғындар тілегі ескерусіз емес
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Қазалы ауданының тұрғындарын жеке қабылдады. Оған облыстық сот төрағасы, барлық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Қабылдаудың басты қағидасы – ашықтық, сол себепті жазылушылар, келушілер өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты жауаптарын алды, маман кеңестерін тыңдады. Жалпы саны 50-ден астам азамат өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Қазалы ауданында да тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқ су, қоғамдық көлік мәселелері көтерілді.
Аймақ басшысы келушілерді тыңдап, олардың сауалдарын мамандар жан-жақты зерттейтінін айтты. Кез келген мәселе заңдылығына қарай шешімін табады. Ол үшін облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына міндеттер жүктеді.
«Ақсуат елді мекені ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Осы кездесуге халықтың аманатын арқалап келіп, облыс әкімінен ауылымызға табиғи газ жүргізуді сұрадым. Бұл мәселе өзінің бақылауында болатынын жеткізді», – дейді аудан тұрғыны Қуаныш Ырзаханұлы.
Бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасарлары мен құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда бір күн бойы жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселелерін тыңдап, реттілігіне қарай шешімін тапты.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат
Байқау
Жас күйшілер жарысқа түсті
Қазалы ауданының 95 жылдығы аясында Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің ұйымдастыруымен күйші, сазгер, домбырашы, қазақ аспаптар музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлының туылғанына 200 жыл толуына орай «Күмбірлеген домбыра» атты аудандық күйшілер байқауы өткізілді. Байқау барысында Қазалы ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Болат Жолтаев құтықтау сөз сөйлеп, талапкерлерге сәттілік тіледі. Қатысушылар екі шарт бойынша, яғни бірінші кезеңде Құрманғазының бір күйін орындап берсе, екінші кезеңде еркін тақырыпта күй орындады.
Өнерпаздар жас ерекшеліктеріне сай бағаланды. Жас күйшілердің өнеріне «Атамұра» ардагерлер халық ансамблінің мүшесі, ардагер ұстаз Ерпазыл Жүсіпов, Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет Орталығының қызметкері, әнші, домбырашы Балқыз Өмірзақ, Қорқыт ата атындағы аудандық балалар өнер мектебінің оқытушысы күйші Рүстем Шөмекей баға берді.
Нәтижесінде 9-13 жас аралығындағы талапкерлер арасынан бірінші орынды Қорқыт ата атындағы балалар өнер мектебінің шәкірті Алтынбек Керімбек иеленді. Аталған өнер мектебінің шәкірттері Айару Орынбасар екінші, Мереке Алпамыс үшінші және №204 мектептің оқушысы Дамир Айғара үшінші орынды өзара бөлісті.
14-17 жас ерекшелігі бойынша Қорқыт ата атындағы балалар өнер мектебінің шәкірті Мадияр Алман бірінші, №170 мектептің оқушысы Балнұр Сәдуақасова екінші, Өркендеу ауылынан келген Жарасхан Қашқынбай және Қорқыт ата атындағы балалар өнер мектебінің шәкірті Дәулетнұр Жеткербай үшінші орын иеленді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат
04 қараша 2023 ж. 249 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930