Қызылорда облысына 85 жыл: Мерекелік шаралар тамыз, қыркүйек, қазан айларында өткізіледі
Биыл тамыры терең, тарихы кенен, түркі өркениетінің алтын бесігі саналатын қасиетті өлке Қызылорда облысының құрылғанына – 85 жыл. Аймағымыздың мерейлі мерейтойын кеңінен атап өту мақсатында 76 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, ауқымды мерекелік оқиғалардың тізімі жинақталды. Жалпы мерекелік шаралар тамыз, қыркүйек, қазан айларында өткізілетін болады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов БАҚ өкілдеріне өңірде қолға алынған ілкімді істерді игілігіне тоқталып, мерейтой аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар тізбегіне жеке-жеке тоқталып өтті.
«Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен Сыр өңірінің 85 жылдық мерейтойы аясында облыста тағылымы мол көптеген игі шаралар ұйымдастырылады. Бұл сыр маржанына орақ түсіп, қамба астыққа толып, шаруа адамы ілтипатқа бөленетін кезең. Дәстүрге айналған Қызылорда қаласы күнімен ұштастыра отырып мерекелік шаралар өткізу де облысымыздың айтулы мерейтойына ерекше мән беретіні анық. Негізгі шараларға тоқталып өтсем, жыр кештері, кітап көрмелері, Қызылорда туралы ретро концерт, халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалі, республикалық ақындар айтысы, бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне арналған танымдық конференциялар ұйымдастырылады. Аймақтың қоғамдық-саяси дамуы мен тарихи оқиғаларынан сыр шертетін республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, облыстың 85 жылдық тарихын кеңінен айшықтайтын «Қызылорда облысы: тарих, бүгін, болашақ» тақырыбында арнайы деректі фильм түсіру қолға алынды. Бүгінде жоғары мазмұнды кітап шығару және аймақтың көрікті жерлері бейнеленген «ФОТО КІТАП» әзірлеу жұмыстары да жүргізілуде. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Алтын дән – 2023» мерекесінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, бәйге сайыстары ұйымдастырылып, бұл күн салтанатты шарамен қорытындыланады. 25 қазан – Республика күніне орай тақырыптық конференциялар мен салтанатты жиындар, 15 қараша – Ұлттық валюта теңгенің 30 жылдығына мерекелік шаралар ұйымдастырылмақ», - деді Шахмардан Байманов.
Брифинг барысында Шахмардан Асқарұлы алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына тоқталып, ауыл шаруашылығы саласындағы серпінді жұмыстарды баяндады.
«Бүгінде аймақ басшысы аудандарды арнайы аралап, әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындық барысын пысықтауда. Алдағы жылу беру маусымын тұрақты түрде өткізу барысындағы жұмыстар әрдайым біздің жіті бақылауымызда болады. Ендігі кезекте облысымыздың ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға тоқталсам, биыл аймақта 195,9 мың гектарға егін егілді. Оның ішінде күріштің көлемі – 89 мың гектарды құрайды. Егілген егістікті суармалы судан қалдырмау үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, шаруашылықтарға су көлемі кезекпен берілуде. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызды дақылдарды егуге ынталы тұрғындар үшін қала мен аудандардағы 5 542 отбасына 3 мың гектардан астам жер берілді», - деді ол.
Айта кетейік, бүгінде Сыр өңірінде аймақ басшысының бастамасымен ауқымды жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Облысымыздың дамуына жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар белсенді араласып, қайырымдылық шараларына, Сыр елінің көркеюіне сүбелі үлестерін қосуда. Бүгінде аймағымызда демеушілікпен барлығы 31 млрд. 700 млн. теңгенің жобалары жүзеге асуда. Атап айтқанда, Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 млрд. теңгеге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне табысталады. Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1,5 млрд. теңгеге «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүруде. Нысан тамыз айында пайдалануға беріледі. «Қазгермұнай» ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында 2,3 млрд. теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы ағымдағы жылы басталады.
Маусым айынан бастап демеушілердің қолдауымен 1 млрд. 100 млн. теңге қаржыға облыс орталығында 50 үйдің қас беттері заманауи панелдермен қапталуда. Дәл осы секілді демеушілермен 1 млрд. теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылуда. Яғни, заманауи спорт-алаңдары, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда. Биыл облыс орталығында құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Неке сарайы» мен 3,7 млрд теңге болатын мың орындық «Өнер орталығы» ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, құны 975 млн теңгені құрайтын заманауи үлгідегі жаңа автовокзал құрылысы да салынуда. Бұл нысан жыл соңында пайдалануға беріледі. Облысымыздың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен өңірде 31 млрд. 700 млн теңгенің жобалары сәтті жүзеге асырылуда.