Сабыр түбі – аз мөлшерлеме: Отбасы банкінің көмегімен баспаналы болудың сіз білмеген жолдары
Қазақстандықтар Отбасы банкінде 5% немесе одан да төмен мөлшерлемемен тұрғын үй заемын рәсімдей алады. Ол үшін банкте салым ашып, кемінде үш жыл оны тұрақты түрде толтырып, бағалау көрсеткішін 16-ға дейін жеткізу қажет. Дегенмен бірнеше жыл күткісі келмейтіндер үшін де банк баспана мәселесін жылдам шешудің бірнеше жолын ұсынады. Бүгінгі материалымызда бұл туралы толығырақ айтып бермекпіз.
Алдын ала заем
Жергілікті тұрғын үй бағдарламалары
Отбасы банк 2018 жылдан бері жергілікті әкімдіктермен бірігіп, жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыруда. Мұндай бағдарламалардың көмегімен үйлі болу үшін де үш жыл депозитте қаражат жинаудың қажеті жоқ. Жеңілдетілген шарттары бар бағдарламаға ұстаздар, дәрігерлер, спортшылар, журналистер, әлеуметтік, мәдениет және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатыса алады.
Шарттары:
Қарыз алушының жасы 35 жастан аспауы тиіс;
Соңғы 5 жылда атында жылжымайтын мүліктің болмауы;
Қарыздың ең жоғары сомасы әр өңірге байланысты 15 млн теңгеден – 18 млн теңгеге дейін;
Соңғы 6 айда тұрақты табысының болуы;
Пайыздық мөлшерлеме – 5% (ЖТСМ 5,2%).;
Бастапқы жарна – 10%;
Мерзімі – әр өңірге байланысты 19 жылдан 25 жылға дейін.
Үйді бастапқы және қайталама нарықтан алу қарастырылған.
Ең алғаш Алматы қаласында іске қосылған мемлекеттік бағдарлама 2021 жылдан бастап Нұр-Сұлтанда, биыл Қарағанды, Қостанай және Тараз қалаларында жалғасын тапты. 2025 жылдан бастап жеңілдетілген шарттары бар бағдарлама Қазақстанның бүкіл аймағын қамтиды деп жоспарлануда.
Аралық заем
Отбасы банкіндегі тұрғын үй депозитінде неғұрлым ұзақ уақыт қаражат жинасаңыз, соғұрлым несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі төмен болады. Мәселен, 5%-дық (ЖТСМ – 5,3%-дан бастап) мөлшерлемемен ипотекалық заем алу үшін банктегі салымға кемінде 3 жыл бойы тұрақты түрде қаражат жинау қажет.
Дегенмен жинақ мерзіміңіз үш жылдан аз болса, бірақ депозитіңізге үй бағасының 50%-ын жинап үлгерсеңіз, аралық заем рәсімдей аласыз.
Депозитке салынған қаражат кепіл ретінде шотыңызда тұрады, оған үш жыл ішінде банктің 2%-дық сыйақысы мен 20% көлеміндегі мемлекеттік сыйлықақы (200 АЕК-тен аспайтын мөлшерге) түсіп отырады. Бір айта кетерлігі, бұл уақыт аралығында несие алған азамат банк берген қарыздың толық мөлшері бойынша пайыздық үстемақы төлейді.
Үш жыл аяқталған соң аралық заем тұрғын үй заемына ауысып, пайыздық мөлшерлеме 5%-ға (ЖТСМ – 5,2%-дан бастап) дейін төмендетіледі (ең төменгі мөлшерлеме 3,5%). Ал депозиттегі қаражат негізгі қарызды өтеуге жұмсалады.
Аралық заем шарттары:
Бағалау көрсеткіштерін 5-ке жеткізгендер үшін мөлшерлеме – 7%-дан 11,5%-ға дейін (ЖТСМ 7,4%-дан бастап);
Тұрғын үй құнының 50%-ын бірден аударғандар үшін мөлшерлеме – 10%-дан 11,5%-ға дейін (ЖТСМ 11,2% бастап);
Мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін;
Сомасы – 100 миллион теңгеге дейін.
Аралық заем арқылы жаңадан салынған немесе бұрын қолданыста болған пәтер сатып алу қарастырылған. Сондай-ақ аталмыш заемды жөндеу жұмыстарына және үй салуға да қолдануға болады.
Айта кетсек, 2022 жылдың 6 қазанынан бастап Отбасы банкінде аралық тұрғын үй заемдарын беру тәртібі өзгереді. Енді несие бойынша пайыздық мөлшерлеме жинақ мерзімі мен бағалау көрсеткішіне байланысты есептеледі. Өз кезегінде аралық заем бойынша пайыздық мөлшерлеме 7% (ЖТСМ 7,4% бастап) бен 11,5% (ЖТСМ 11,2%-дан бастап) аралығында болады. Егер клиент бұған дейін депозитте қаражат жинамай, бірден шотына баспана құнының 50%-ын аударса, банктен 10%-дан 11,5%-ға дейінгі (ЖТСМ 11,2% бастап) мөлшерлемемен ипотекалық заемға өтініш бере алады. Ал бағалау көрсеткішін 5-ке жеткізіп, тұрғын үй құнының 50%-ын банкке салғандар үшін 7%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен аралық заем алу қарастырылған. Бағалау көрсеткішін 5-ке жеткізу үшін банкте кемінде 6 ай қаражат жинау қажет. Салымшы депозитін неғұрлым ұзақ уақыт жинаса, соғұрлым несие мөлшерлемесі төмен болады.
Аралық заем бойынша несие мөлшерлемесі тұрғын үй заемына ауысқанға дейін өзгертілмейді.
Тұрғын үй депозитін сатып алу
Төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотека алу үшін Отбасы банкіндегі тұрғын үй бағдарламаларына жүгінуге болады. Бірқатар шарттарды орындаған азамат банктен мөлшерлемесі 3,5% - 5% (ЖТСМ 3,6%-дан бастап) болатын тұрғын үй заемын рәсімдей алады. Ол үшін салым ашып, кемінде үш жыл тұрақты түрде депозитті толықтырып, бағалау көрсеткішін кемі 16-ға дейін жеткізу қажет. Дегенмен үш жыл күтпей-ақ, Отбасы банкінде айтылған критерийлерге сай келетін депозитті сатып алып, ипотека рәсімдеу де қарастырылған.
Депозиттерді онлайн-табыстау қызметі Отбасы банкінде 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Салымды сатып алу үшін банктің бөлімшесіне барудың қажеті жоқ: барлығын Отбасы банкінің www.hcsbk.kz интернет-банкингі арқылы орындауға болады. Ол үшін салымды сатып алуды ұйғарған азамат жеке кабинетке кіріп, «Депозиттерді іздеу» бөліміне өтіп, тұрғын үй құны бойынша немесе сыйақы бойынша салым таңдайды. Депозитті брондау үшін ағымдағы шот және таңдалған депозит/депозиттер пулының сомасына тең сома болуы керек. Бұдан кейін сатушы сегіз сағат ішінде келісімге қол қоюы қажет. Екі жақты келісім жасалғаннан кейін депозит сатып алушының атына өтеді.
Егер көрсетілген уақыт аралығында сатушы немесе сатып алушы келісімшартты бекітпесе, мәміле өз күшін жойып, депозит қайта сатылымға шығады. Сатып алушы тарапынан келісім жасалмаған жағдайда ол 30 күн ішінде платформаны қолдану мүмкіндігінен айырылады. Сатып алу-сату кезінде салым бойынша депозиттік операциялар мен несиеге өтініш жолдау мүмкін болмайды.
Банк ережелеріне сәйкес шоттағы қаражат кемінде 100 АЕК (2022 жылдың сәуірінен бастап 1АЕК 3 180 теңгеге тең) және салым бойынша сыйақысы 8 мың теңгеден асатын депозитті сатылымға қоюға болады. Сатылымдағы депозиттің құны – жинақталған қаражат, мемлекеттік сыйлықақы мөлшері, салым ашылғаннан бері банктің аударған сыйақысына байланысты есептеледі.
Бір айта кетерлігі, сатып алынған депозитті кейіннен қайта сатуға болмайды. Сонымен қатар Отбасы банк қатысуымен ұйымдастырылған мемлекеттік, өңірлік тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін мұндай депозитті пайдалануға шектеу қойылған.
Сатып алынған депозит арқылы Отбасы банкінің жеке бағдарламаларын, атап айтсақ, “Өз үйім” бағдарламасына қатысуға болады. Бұған қоса мұндай депозитті алғашқы нарықтан баспана, жер сатып алуға немесе үй салу үшін заем рәсімдеген кезде пайдалану қарастырылған. Жыл басынан бері өзге адамның депозитін онлайн-табыстау арқылы сатып алған банк клиенттерінің 78% оны бірден заем рәсімдеуге қолданса, 22% депозитті әрі қарай жинауды жалғастырған екен.
Айта кетсек, 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін депозит құнын есептеу кезінде сараланған тәсіл қолданылды. Бұл принцип бойынша салым бойынша сыйақы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым үстеме коэффициенті де жоғарылайды.
Ал қазіргі уақытта біртұтас жүйе қолданылуда. Бұл әдіс негізінде депозиттің құны сыйақы мөлшеріне қарамастан 2-ге тең болатын жалпы коэффициент негізінде есептеледі.
Мысалы, клиент 70 000 теңгелік банк сыйақысы бар депозитін сатпақшы делік. Бұл жағдайда есеп келесідей жүргізіледі: 70 000 х 2 = 140 000 теңге. Бұл клиенттің депозитін сатқаны үшін алатын сыйақысы.
Яғни депозит бағасы былай есептеледі: салымда жиналған қаражат + мемлекеттік сыйлықақы + клиенттің сыйақысы (жоғарыдағы формула бойынша есептеледі).
Бір ескеретіні, банк клиенті депозитті сатып алған жағдайда төлем қабілеттілігін растауы қажет. Сондай-ақ заем берілерде оның несие тарихына да назар аударылады.
Мемлекеттік бағдарламалар
Алдын ала заемды мемлекет қаржыландыратын “Бақытты отбасы” және “Шаңырақ” ипотекалық бағдарламалары арқылы иеленуге болады.
Қазақстандықтар пайыздық жүктемесі ең аз ипотеканы “Бақытты отбасы” бағдарламасы рәсімдей алады. Аталмыш тұрғын үй бағдарламасы арқылы көп балалы, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ биылғы жылдан бастап жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, I және II топтағы мүгедектер санаттары бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар қатыса алады. Несие мөлшерлемесі 2% (ЖТСМ – 2,1%). Тағы бір жағымды жаңалық – «Бақытты отбасы» бағдарламасында табысқа шектеу қойылмайды. Бұған дейін отбасы мүшелерінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен, яғни 115 905 теңгеден аспауы керек деген талап бар болатын. Мысалы, көпбалалы отбасы отағасының жалақысы белгіленген нормадан 200 теңгеге асып кетсе, бұл отбасы қолжетімді несиеге қол жеткізе алмайтын, яғни олардың баспана мәселесі шешілмейтін. Алайда биылғы жылдан бастап бұл шектеу күшін жойды.
Сонымен қатар, 1986 жылдан бастап әкімдікте үй кезегінде тұрған азаматтар “Шаңырақ” бағдарламасының аясында алғашқы нарықтан баспаналы бола алады.
Несие шарттары:
Мөлшерлемесі – 5%-дан бастап (ЖТСМ 5,2%-дан бастап);
Бастапқы жарна – 10%-дан бастап;
Мерзімі – 20 жылға дейін.
Несие сомасы – Нұр-Сұлтан, Алматы және қала маңындағы өңірлер үшін 18 миллион теңгеге дейін, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында 15 миллион теңгеге дейін болса, басқа аймақтарда 12 миллион теңгеге дейін жетеді.
Бір айта кетерлігі, бағдарлама бойынша өз шаршы метріңе қол жеткізу үшін соңғы жарты жылдағы отбасының табысы 3,7 күнкөріс деңгейінен (2022 жылы 138 339,3 теңге) аспауы тиіс.
Банктің жеке бағдарламалары
Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек Отбасы банкінің “Әскери баспана” және “Ұмай” бағдарламалары бойынша да алдын ала заем рәсімдеуге болады.
25 тамызда өтініш қабылдау басталған “Әскери баспана” бағдарламасы бойынша ипотека мөлшерлемесі 3,5%-дан 8%-ға дейін жетеді. Атауы айтып тұрғандай, бұл бағдарламаға ІІМ, ҰҚК, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, "Сырбар" мемлекеттік қауіпсіздік және сыртқы барлау қызметі, әскери прокуратура қызметкерлері өтініш бере алады. Пәтерді бастапқы және қайталама нарықтан Қазақстанның кез келген қаласынан алуға болады. Сонымен қатар бұл бағдарлама бойынша үй жөндеуге де несие алу қарастырылған. Банк қоятын талаптар бойынша өтініш беруші баспанаға мұқтаж деп табылып, соңғы бес жылдан атында жылжымайтын мүлік тіркелмеген болуы керек.
Аталмыш ипотекалық бағдарлама екі нұсқада жұмыс істейді: "Әскери баспана 8/15" және "Әскери баспана 6/50".
"Әскери баспана 8/15" шарттары:
Бастапқы жарна – 15%-дан бастап;
Сыйақы мөлшерлемесі – 8% (ЖТСМ 8,3%-дан бастап);
Несие сомасы – 50 миллион теңгеге дейін;
Мерзімі – 25 жылға дейін.
Ал Отбасы банкіндегі жинақ шотында баспана сомасының 50%-ын жинап үлгерген әскери қызметкер конкурсқа қатыспай-ақ, 6%-дық мөлшерлемемен "Әскери баспана" 6/50" бағдарламасымен ипотекалық заем рәсімдей алады.
"Әскери баспана" 6/50" шарттары:
Бастапқы жарна – 50%;
Сыйақы мөлшерлемесі – 6% (ЖТСМ 6,2%-дан бастап), 3,5%-дан 5%-ға дейін тұрғын үй заемына көшу мүмкіндігі қарастырылған;
Несие сомасы – 100 млн теңгеге дейін;
Мерзімі – 25 жылға дейін.
Депозитінде жылжымайтын мүліктің 50%-ын жинаған және ары қарай салымын толықтыра алатын, алайда тұрғын үй төлемдерін алушысы емес әскери қызметкерлерде де бағдарламалар бойынша ипотека рәсімдей алады. Дегенмен бұл жағдайда сыйақы мөлшерлемесі 7–8,5%-ға дейін жетуі мүмкін.