Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жағдайын білсең жастардан, Баспаналы болу – басты арман!

Жағдайын білсең жастардан, Баспаналы болу – басты арман!

Отбасы – шағын отан. Өз алдына отау құрмас бұрын кез келген ер азаматтың немесе бірге өмір бастаған екі жастың баспаналы болсам деген мақсаты туындайды. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, Қазақстанда үйлі болу үшін қолжетімді бағдарламалар саны жыл сайын артып келеді. Жеке үйінің болғанын қалайтын жұрт ипотекалық жүйенің игілігін көріп жүр. Мысалы, табысы төмен отбасылар 2 жылдық мөлшерлемемен баспана ала алады. Баспана алуға арналған бағдарламалардың тиімдісі қандай? Бірге шолу жасайық.
Мемлекеттік бағдарламалардың көбейгенін атап өттік. Үй алуда кезекте тұрған қазақстандықтарда «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты ретінде құрылған “Шаңырақ” (“5-10-20”) бағдарламасы бойынша баспана алуға үміткер болу мүмкіндігі бар. Кредит бойынша мөлшерлеме жылдық 5 процентті құрайды, ең төменгі алғашқы жарна – 10 процент. Жалпы мерзімі 20 жылға дейін қарыз алуға болады.
Бұл бағдарлама бойынша үй алу үшін отбасында әр адамның табыс мөлшері соңғы алты айда 3,7 проценті күнкөріс минимумынан аспауы тиіс. Яғни, 2021 жылы отбасындағы бір адамның табысы 126 917 теңгеден артық болмауы шарт. Ал үйді әкімдік, құрылыс компаниясы салған жаңа нысаннан сатып алуға болады.
Айта кету керек, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының тұрғындары үшін қарыздың максималді мөлшері 18 миллион, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалаларына 15 миллион, ал басқа аймақтар үшін 12 миллион теңгеге дейін қамтиды.
“Алматы жастары” – 35 жасқа дейінгі, жұмыс істейтін Алматы жастары үшін баспана сатып алуға арналған, жеңілдетілген тұрғын үй қарызын ұсынатын мемлекеттік бағдарлама. Арнайы құжаттар www.almaty-zhastary.kz сайтында қабылданады. Негізгі шартына тоқталсақ, мұнда қарыздың ең жоғарғы сомасы 18 миллион теңгеге дейін болса, пайыздық мөлшерлемесі жылына 5-ті құрайды. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – үлкен қалалардан жаңа немесе ескі үй сатып алуға мүмкіндік бар.
Құжаттарды тапсырған сәтте баспанаға өтініш берген адамның жасы 35-тен аспауы тиіс. Сонымен қатар ұсыныс беруші мен отбасы мүшелері соңғы бес жылда баспаналы болмағаны да ескеріледі. Ал ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана бағдарламаға қатыса алады. Оны алуға дәрігерлер, педагогтар, мәдениет саласының қызметкерлері, ЖОО және ҒЗИ ұстаздары, әлеуметтік сала қызметкерлері мен журналистер өтініш тастай алады.
Қазіргі таңда Қазақстан тұрғын үй компаниясы серіктес банктер арқылы “Орда” ипотекалық несиелеу бағдарламасын іске асыруда. Бұнда жаңа салынған немесе ескі үйді сатып алуға болады. Қарыздың ең жоғарғы сомасы 65 000 000 теңгені құраса, оны 20 жылға дейін бөліп төлеуге болады.
Ипотека алу үшін ең алдымен жаңа немесе ескі үйлерден пәтер таңдау қажет. Кейін серіктес банкке құжаттарды тапсырған соң ол бастапқы сұрыптауды ұйымдастырады. Банк аталған тұрғын үй компаниясына өтінімді жолдайды. Нәтижесінде Қазақстан тұрғын үй компаниясы өтініш берушінің кредиттік тарихын бағалап, қарызды беруге немесе өтінімді қабылдамауға шешім шығарады.
Бағдарламалардың ішінде әйелдерге үй алу мүмкіндігін сыйлайтын бір ипотекалық жоба бар. Отбасы банктің іске қосуымен жүзеге асып жатқан “Ұмай” әйелдер ипотекасы” бағдарламасында қарыз бойынша жылдық мөлшерлеме 12-ті құрайды, ал қарыз сомасының жартысы жиналғаннан кейін ол 3,5-ке дейін төмендейді. Қарыз беру мерзімі 25 жылға дейін болса, үй алуды мақсат еткен отбасының ең жоғарғы табысы 320 мың теңгеге дейін баруы керек.
“Бақытты отбасы” – табысы төмен отбасыларға баспаналы болу үшін несие беру бағдарламасы. Ерекшелігі дейміз бе, бұған көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.
Қарыз сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда 15 миллион теңгеге дейін болса, басқа аумақ тұрғындарын 10 миллион теңгеге дейін қамти алады. Ол бойынша жеке тұрғын үйді, жаңа салынған нысандағы немесе пайдаланылған пәтерді сатып алуға болады. Ескерте кетейік, «бақытты отбасымен» өтініш берген адамның өзі әкімдікте кезекте тұрған өңірден ғана баспана алуға мүмкіндігі бар.
Тағы бір ерекше бағдарлама – “Жас отбасы”. Бұл бағдарлама бойынша жақын арада некеге тұрғандар жылдық 6 процентті мөлшерлеме көлемінде қарыз алу арқылы 6-9 жыл несиелік мерзімді өтейді. 90 миллион теңгеге дейін қарыз беріледі.
Қарыз алу үшін ерлі-зайыптылар “Отбасы банкте” жаңа депозит ашып, ең кемі бір жыл бойы қаражат жинауы керек. Бағалау көрсеткіші бес проценттен төмен болмауы қажет. Өтінімді ұсынғанда баспана құнының жартысын жинап үлгеруі немесе сол сомаға толық жететіндей қаражат құюы керек. Депозит ашқан кезде некеге тұру уақыты үш жылдан аспауы маңызды екенін айта кетейік.
Экономика ғылымдарының магистры, банк емес, халықтың тілімен сөйлейтін Дәулет Төлеутайұлының айтуынша, баспана алудағы қазақстандықтардың басты қателігі – асығыстық.
– Біз барлығы тез болғанын қалаймыз. Қызбалықпен үй аламын деп бірден жарна салып, үй беремін деп жоқ болып кететін небір компанияларға жолығамыз. Кейде оның артында желі маркетингі немесе пирамида тұрады. Алаяқтар адамның жанды жерін пайдаланып, “тезірек үйлі боласың” деп алдайды. Қаншама адам сан соғып қалды. Сондықтан үй аларда асықпай, нарықты зерттеп, жинаған ақшаңызға сай нұсқаларды қарастыру қажет, – дейді ол.
Мың игіліктің жолы бір қадамнан басталады. Баспаналы болу үшін қаржы жинағанда алдымен үйлі боламын деген ниет пен айқын мақсат бағдар беретіні сөзсіз. Үйлі болу үшін күйлі болу керек деген жаңсақ пікірден арылып, жоспарлы түрде жеке меншікке арнап қаржы құяр кез келді.
Дайындаған Дина БӨКЕБАЙ
10 тамыз 2021 ж. 626 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930