NAMYS CUP: Үздіктер бәсекесі
Өткен сенбі және жексенбі күндері «Жалаңтөс Баһадүр» атындағы орталық стадионда болдық. Сонау 2000 жылдары 5-квартал жастарынан жиылған «Намыс» командасы бүгінгі күні 20 жылдық мерекесін тойлап жатыр. Соған сәйкес кіші футболдан ұйымдастырылған ашық турнирге алыс-жақын аудан мен ауылдардан 10-ға жуық команда шақырту алыпты. Таңнан кешке дейін тартысты ойынның куәсі болып, жоғары деңгейде өткен аладоп бәсекесін тамашалап қайттық.
Ең алдымен ауқымды шараның ашылу салтанаты болып өтті. Арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, бақ сынасып жатқан жігіттерге сәттілік тіледі. Одан соң сөз кезегі Қызылорда облысы әуесқойлар футбол лигасының атқарушы директоры Жанболат Каденовке берілді. Қазалы ауданының қай кезде де футболдан алдыңғы орында келе жатқанын айтқан азамат, турнирге шақырту алғаны үшін ризашылығын білдірді. Шара барысында жиналғандар бақилық болған ардагер ойыншылар мен жанкүйерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сонымен дүбірлі дода басталды. Жеребе бойынша екі топқа түскен командалар жасыл алаңға шығып, кезекті 3 ұпайлары үшін күш сынасты. Бірінші алаңда «Басықара», «Ардагерлер», «Намыс 1» және «Арал Отын» құрамалары өнер көрсетті. Ал қарсы алаңда «Әмір», «Авангард», «Намыс 2», «Тереңөзек» және «Партсьезд» жігіттері топтан бірінші және екінші орынмен шығуға таласты.
Жалпы, екі күнге созылған аладоп бәсекесінде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін стадионға ағылды. Бұл бізге таңсық жағдай емес. Себебі жергілікті жерде футбол сүйер жанкүйердің қатары сиремеген. Оның басым бөлігі тарихы тереңде жатқан Намыстың қолдаушылары.
Алғашқы күннен-ақ жартылай финалға жолдама алған командалардың есімі белгілі болды. «А» тобында доп тепкен «Намыс 1» аяқдопшылары қарсыластарынан үздік болып, кестедегі алғашқы орынға жайғасты. Сол секілді жартылай финалға жолдама алған Басықара ауылының жігіттері «Ардагерлер» мен «Арал Отан» аяқдопшыларын артта қалдырды. Ал «Б» тобынан «Намыс 2» мен «Авангард» аяқдопшылары «Әмір», «Партсьезд» және «Тереңөзек» құрамаларына топтан шығуға мүмкіндік бермеді. Осылайша Ардақ Жұмахметов пен Нұрхан Бердімұратовтың шәкірттері ойынды жалғастыруға мүмкіндік алды.
Доданың алғашқы күні аяқталғанымен, кешкілік мағыналы отырыстың куәсі болдық. Бірнеше айдан бері 20 жылдықты ұйымдастыруды қолға алған азаматтар құраманың демеушілері, ардагер ойыншылар, жанкүйер ақсақалдар мен қатысушы командалардың басын қосты. Басқосуда құраманың демеушісі Әбдімәлік Өтеулиев сөз сөйлеп, «Намыс» командасының бүгінге дейін жеткен жетістігін тілге тиек етіп, өзінің алғаш аламанға алып барған сәттерімен бөлісті. Сондай-ақ құраманы жинақтаған Рысбек Қосжановқа ризашылығын жеткізді. Сол сәтте Рысбек Қосжанов команданың тарихымен бөлісті.
– Бұл команда уақытында ауылдың жас жігіттерінің бірлесіп ойласуымен құрылды. Алғашында құрама атауы «204» болып жарыстарға қатысып жүрді. Ол кезде құрамда саусақпен санарлықтай ғана 5 квартал аумағының жігіттері доп тепті. Кейін командаға түгелдей бесінші мөлтек аймағынан доп тебуге қызығушылығы бар жастар көп тартылып, аудандық додаларда бақ сынады. Уақыт өте келе барлық жігіттердің қатысуымен өткен мәжілісте команда атауын өзгертуге шешім қабылданды. Сол ұсынысқа сәйкес барлық жігіттердің шешімі бір ауыздан шығып, команда атауы «Намыс» болып өзгерді.
Жалпы команда құрамында жұлдызды ойыншылар да жоқ емес еді. Сол кездері жасындай жарқылдап осы команда да жинаған мол тәжірбиесінің арқасында Қызылордалық «Қайсар» командасында өнер көрсетуге мүмкіндік алған Дәуренбек Тәжімбетов ті мақтанышпен айтуға болады. Дәуренбек Тәжімбетов Қайсар командасынан бөлек Ордабасы, Шахтер, Астана, Тараз, Атырау, Ақжайық сынды командалар сапында доп тепті. Жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері де аз болмады. Ол – Қазақстан кубогы мен Қазақстан супер кубогының иегері. Бұдан бөлек ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, Қазақстан футбол тарихында Үздік сұрмергендер арасында есімі ойып тұрып орын алды.
«Намыс» командасының сапында ауыл жігіттерінен бөлек, көршілес Байқоңыр қаласынан аяқдопшылар да ойнады. Уақытында «Катя» лақап атымен танылған ойыншыны Қазалы халқы жақсы біледі. Қайрат Кулбараковтың «сен тұр мен атайын» ойыншылардың қатарында әлі күнге дейін доп тебеді. Ал осы кезеңдегі жастарға келетін болсақ, олар қарқынды өнер көрсетіп, жылдан жылға дамып келеді. Аудан чемпионаттың бірнеше мәрте чемпионы болған олар, облыстық және республикалық турнирлерде топ жарып, ауданның үздік командасы ретінде танылған, – деген Рысбек қуанышын жеткізді.
Басқосу барысында ардагерлер жас ойыншылар арасында түрлі ойындар ұйымдастырылып, оған егде жастағы кісілер де қатысты. Жиналғандардың көңілінен шығып, үздік болған азаматтарға бағалы сыйлықтар табысталып, жиын ақсақалдардың ақ батасымен қорытындыланды. Шара соңында командаларға сәттілік тілеген Рысбек Қосжанов, атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.
Көптен күткен жарыстың екінші күніндегі шешуші ойындар басталды. Ақтық сынға жолдама үшін алғашқы тартыс «Басықара» мен «Намыс 2» құрамалар арасында болды. Қарсыласқа мүмкіндік бермеген Басықара ауылының жігіттері 3-0 есебімен алға шығып, «Намыс 2» командасын артта қалдырды. Ал екінші ойында «Намыс 1» аяқдопшылары «Авангард» ойыншыларын 3-2 есебімен жеңіп, финалға шықты. Біршама үзілістен кейін үшінші орын үшін талас жүрді. Нұрхан Бердімұратов жетекшілік жасаған команда, «Намыс 2» жастарын ұтып, жүлделі үшінші орынды қанжығалады.
Сонымен екі күнге созылған аламанның соңғы ойыны басталуға таяды. Ойыншылар асқан дайындықпен алаңға шықты. Төреші ысқырығы естілгеннен «Намыс 1» жігіттер допты уыстарынан шығармады. Ақырында шабуыл нәтиже беріп есепті ашты. Алғашқы тайм тартысқа толы болғанымен кезекті қызықтар ойынның екінші бөлігінде болды. Екінші тайм басталғаннан есепті теңестірген «Басықара» жігіттері қайта күш жинағандай болды. Сол тұста кездесудің соңы пенальти сериясымен тәмамдалады деп ойлаған көпшілік. Өйткені ойынның аяқталуына 7 секунд қалды. Бірақ күтпеген жерден «Намыс 1» командасы ұтымды шабуыл жасап, ысқырық шалуға 2 секунд қалғанда Оңдасын Ахмет гол соқты. Сөйтіп, «NAMYS CUP» жеңімпаздары «Намыс 1» құрамасы атанды.
Марапаттау кешінде «Үздік қақпашы» бағамымен Нұрталап Халықов, «Үздік қорғаушы» болып Нұрсұлтан Кеңесов, «Үздік шабуылшы» Нұржан Дәрмен, «Үздік сұрмерген» Жасұлан Смағұл және турнирдің «Үздік ойыншысы» Оңдасын Ахмет атанды. Сонымен қатар төртінші орын алған «Намыс 2» командасы 60 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталса, үздік үштікке кірген «Авангард» жігіттері 100 мың теңгеге ие болды. Екінші орын иегері «Басықара» аяқдопшылары 200 мың теңгені қанағат қылса, «Намыс 1» құрамасы 300 мың теңгенің иегері атанып, турнирдің чемпионы болды.
Айтпақшы, жүлделі орыннан көрінген құрамаларға кубок пен медальдар үлестірілді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК