Қызылорда облысындағы онкологиялық орталықтың инфрақұрылымы құрылыс нормалары мен санитарлық талаптарға сай емес – Мәжіліс депутаты
Бүгін Парламентте «Ауылдық жердегі денсаулық сақтау: қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Жиында Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы мен Қаржы министрлігінің өкілі Татьяна Михайловнаға сұрақ қойды. Ол экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккендерге неліктен қажетті көмек көрсетілмей отырғанын сұрады.
Депутаттың айтуынша, Қызылорда облысының халқы 20 жылдан бері шешімін таппай отырған онкологиялық аурухана қажеттігін айтып, күрмеуі шешілмеген күрделі мәселе бойынша іссапар барысында жиі шағымданады.
«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қызылорда өңірінің аумақтары экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймақтарына кіреді.
Сонымен бірге, тұрғылықты халықтың 30%-дан астамы тікелей Арал өңірінде және Байқоңыр ғарыш айлағының маңында, ал 20 %-дан астамы уран өндіретін аймақтарда тұрады.
Мұндай қолайсыз экологиялық жағдай облыс тұрғындары арасында қатерлі ісіктердің жоғары жиілігін тудырып, соңғы бес жылда облыста қатерлі ісік ауруы 14 %-ға, ал қан қатерлі ісігі (лейкоз, лейкобластоз) 36,5%-ға артып, әсіресе балалар арасында өршіп отыр» - деп нақтылап өтті депутат.
Сондай-ақ ол қазір өңірдегі қолданыстағы облыстық онкологиялық орталықтың және көпбейінді қалалық аурухананың инфрақұрылымы құрылыс нормалары мен санитариялық талаптарға сәйкес келмейтінін айтты. Нақты айтқанда, дәретханалар саны жеткіліксіз, жуынатын бөлмелер мүлдем қарастырылмаған. Ғимараттардың 85%-ының тозуы медициналық көмектің толық және қажетті деңгейде көрсетілуіне мүмкіндік бермей отыр.
«Мәселен, радиологиялық бөлімшенің құрал-жабдықтары жиырма жылдан бері жаңартылмай, тозығы жетіп, гамматерапиялық аппарат 7 рет істен шыққан. Мұның өзі онкологиялық науқастардың мерзімінде жергілікті жерден ем алуына мүмкіндік бермей, басқа қалаларға шектен тыс шығынданып, Шымкент, Астана және Алматы қалаларына баруға мәжбүр етіп отыр.
Осыған орай, халықтың арыздарына облыс әкімдігі «Қызылорда қаласында 100 келушіге арналған емханасы бар 300 орындық көпбейінді аурухана (онкологиялық бөлімшесі бар) құрылысы» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2022 жылғы 14 наурызда мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған деп жауап беруде.
Оған қоса, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 86-тармағында Қызылорда қаласын қоса алғанда, елімізде 2025 жылға дейін заманауи 20 ірі аурухана салу көзделген.
Дегенмен, облыс халқының жан айқайына, жергілікті нысандардың мүшкіл жағдайларына, тіптен, Мемлекет басшысының тапсырмасына, жобалық-сметалық құжаттама мерзімінің ескіру мүмкіндігіне қарамастан, Сыр өңірінде аталған көпбейінді аурухананы салуға Үкіметте қаражат жоқ» - деді депутат.
Мәжіліс депутаты жағдайды баяндай келіп Ажар Ғиниятқызынан бұл мәселе қашан шешілетінін және Қаржы министрлігінің өкілі Татьяна Михайловнадан осы мәселе бойынша Қаржы министрлігі неліктен аурухана құрылысына қаржы бөлмей отырғанын сұрады.