"Дәріге тәуелділік". Нарколог коронавирустан кейінгі зардапты айтты
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының маманы Наргиз Қасымова коронавируспен ауырған кейбір науқастарда дәріге тәуелділік пайда болғанын айтты, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
"Коронавирустан кейін қайтадан ауырып қаламын ба деп қорқатын, профилактика ретінде дәрумендерді көп ішетіндер пайда болды. Әрине, кейбір дәрумендерді терапевттер жазып береді. Бірақ, дәрігердің нұсқауынсыз-ақ интернеттен оқып алып ішкендер де аз емес. Олардың басты қорқынышы - адам көп жиналған ортаға барсам ауруды қайта жұқтырып аламын, ауырмай тұрып өзімді күтуім керек деп шектен тыс дәрумендер қабылдайды", - деді дәрігер.
Маманның айтуынша, тәуелділік негізінен транквилизатор, корвалол, валидолға туындаған.
"Ковидтен кейін бұл препараттарды қораптап ішкендер болды. Бірақ бұл препараттар шектен тыс қабылдағанда денсаулыққа әсер етеді.
Сондай-ақ, дәріханаларда сатылатын ұйқысыздыққа қарсы препараттар тәуелділік тудырады және уақыт өте науқастар осы препараттарсыз ұйықтай алмайтын жағдайға жетеді", - деді дәрігер.
"Мүмкін, кейбір препараттарды дәрігерлер тағайындаған шығар. Бірақ дәрігер препараттың дозасын науқастың салмағы бойынша есептейді. Ал дәрігерді тыңдамай дозаны өз қалауынша арттыра бастаса, бұл есірткіге тәуелділер сияқты эйфорияның пайда болуына әкеледі. Осылайша науқас күн өткен сайын мөлшерін көбейте бастайды. Ал бұл есірткіге және седативтерге тәуелділік деп аталады. Менде мұндай жағдайлар көп болды. Бір жылдың ішінде 20-дан аса адам келді. Мұндай тәуелділікті дамытқан көбіне зейнеткерлер", - деп қосты маман.
Дәрігер препараттарға тәуелділік басталғанда маманға жүгінуге кеңес береді.
"Мұны емдеу керек. Біз емдеу барысында психотерапияны, детоксикация терапиясын, симптоматикалық терапияны қолданамыз. Содан кейін бұл препараттарға тәуелділік қайдан пайда болғанын іздеп, емдеу жолын қарастырамыз", - дейді нарколог Наргиз Қасымова.