Пәтер жалдау ақысы тағы да 10-15% қымбаттайды
Қазақстанда он шақты күнде пәтер жалдау ақысы күрт қымбаттады. AstanaTV-ның мәліметінше, көрші елден келгендердің көбейгенін жеке бас мүддесіне пайдаланып жатқандар да бар.
Соңғы тәулікте пәтерін қымбатқа өткізгісі келген үй иелері бағаны бірден 2 есе көтерген. Сұрағанын өтей алмаған тұрғындардан үйді тез арада босатуды сұрап, кейбірін, тіпті қуып шыққан.
Пәтерден қуылып, далада қалғандардың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Олардың арасында 3 балалы жалғызбасты ана да бар.
«Төлей алмадым. Сосын бала-шағаммен түнде шығарып жіберді. Міне, енді түстен кейін ауылға шығамыз. Түркістан жаққа. Алматыда тұрып жүргенбіз», – деді.
Астаналық Айдана есімді студент осыған дейін бір бөлмелі пәтерді құрбыларымен бірге 100 мың теңгеге жалдаған. Алайда үй иесі бір-ақ күнде пәтер құнының барлық жерде қымбаттап жатқанын айтып, бірден 50 мың теңгеге көтеріп жіберіпті.
«100 мыңға жалдап тұратын пәтерді иесі 150 мыңға көтеріп, бағасын қымбаттатып жіберді. Төлесеңдер төлеңдер, төлемесеңдер онда тезірек бір күннің ішінде босатып беріңдер, сендердің орындарыңа басқа адам аламын деген секілді бізге солай айтып жатыр», – дейді студент.
Баспана жөніндегі мамандар да пәтер иелерінің бағаны негізсіз көтергеніне алаңдап отыр. Айтуларынша, бұған ел ішіндегі ақпараттық дүрбелең себеп болған көрінеді.
Баспана жөніндегі маман Айнұр Сүгірбекова: «Қазір сұраныс өте көп. Барынша көмектесуге тырысып жатырмыз. Бұл жерде бір қорқытатыны – пәтер бағасының өсіп кетуі, пәтер иелерінің бағаны қолдан көтеруі. Енді ажиотажға беріліп, бағаның бәрін көтеріп, өзіміздің қарапайым қазақ зардап шегіп, шырылдап қалмаса екен деген мақсат», – дейді.
Мамандар баспананы жалға алған кезде міндетті түрде келісімшартқа отыру керек екенін ескертеді. Егер заңды келісім болмаса, пәтер иесі кез келген сәтте жалдаушыдан баспананы босатуды талап етіп, жалдау құнын да өсіре алады. Құжат жүзінде келісім болса, пәтер иесі үй ақысын негізсіз көтеруге құқығы жоқ.
Адвокат Ерқанат Бейсенов: «Келісімшартта жанағы жағдайлардың барлығы, түгелі уақыты, мезгілін, шарттарын бекіту керек. Мысалы, бір жылға жалдады ма пәтерді бір жылдың ішінде 150 мың екі бөлмелі пәтер болса, бір жылдың ішінде пәтер иесі мұның бағасын өз еркімен көтеруге құқы жоқ», – дейді.
Қазір Астананың оң жағалауындағы 1 бөлмелі пәтер кемінде – 150-180 мың теңге, 2 бөлмелі пәтер –180 мың мен 300 мыңның арасында. Ал 3 бөлмелі үйдің құны 500 мыңнан кем емес. Сәулеті келіскен тұрғын үйде тұрамын десеңіз, бір айда миллион төлеу керек. Бұл – елордадағы арзан баға. Ал кейбір сарапшылар, пәтер ақысының алдағы уақытта әлде де қымбаттайтынын айтады. Шамамен, 10-15 пайыз өседі деген болжам бар.