11 165 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 11 165 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды baq.kz.
1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 99,1 мың этникалық қазақ оралды.
Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (69,6%) Өзбекстаннан, 10,5% – ҚХР-дан, 7,1% – Түркіменстаннан, 4,6% – Моңғолиядан және 8,3% - басқа елдерден.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (30,8%), Маңғыстау (17,2%), Түркістан (9,4%) және Жамбыл (6,8%) облыстарында, сондай-ақ Алматы (5,9%), Нұр-Сұлтан (7,5%) және Шымкент (7,6%) қалаларында қоныстанды.
Осы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылардың саны 59,5%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші адамдар 27,1% - ды және зейнеткерлер 13,4%.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі бойынша 12,3% - ы жоғары білімді, 38,9% - ы арнайы орта білімді, 47% - ы жалпы орта білімді және 1,7% - ының білімі жоқ.
Қазақстан аумағында қандастарды тиімді қоныстандыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, республикаға визалық режимдегі елдерден келген қандастарды қабылдау, қоныстандыру және бейімдеу бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының қадамдық алгоритмін әзірледі, - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша осы алгоритмге сәйкес Түрікменстаннан келген 741 этникалық қазаққа тұрақты тұру үшін нақты өңірді көрсете отырып, тиісті визалар берілді.
Бүгінгі күні Түркіменстаннан келген 666 этникалық қазақ жоғарыда көрсетілген визалар негізінде мемлекеттік шекарадан өтті, оның ішінде 59 адам Павлодар облысына келді, 162 адам жұмыс күші тапшы басқа өңірлерге қоныс аударуға келісті, 45 адам Маңғыстау облысына қоныстандыру үшін өтініш берді (негіздемелері бар). Қалған этникалық қазақтар бойынша жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізген кезде этникалық қазақтар субсидия түрінде мемлекеттік қолдаудың мынадай шараларын алуға құқылы:
- отбасының әрбір мүшесіне көшуге 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем (2022 жылы – 222,6 мың теңге);
- тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын жабу үшін төлем 1 жыл ішінде ай сайын төленеді. Төлем мөлшері қалаға қоныс аударған бір адам үшін 20 АЕК-тен (61,3 мың теңге) отбасы мүшелерінің саны бес және одан да болса 30 АЕК-ке (91,9 мың теңге) дейін, ауылдық жерге қоныс аударған бір адам үшін – 15 АЕК-тен (45,9 мың теңге) отбасы мүшелерінің саны бес немесе одан да көп болса 21 АЕК-ке (64,3 мың теңге) дейінгі мөлшер.