«ҚазМұнайГаз» ҰК басшысы дизель отыны тапшылығын жою бойынша тапсырмалар берді
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев бүгін Шымкентте дизель отыны бойынша кездесу өткізді. Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысып шыққан ол жауапты басшыларға дизель отыны тапшылығын жою бойынша маңызды тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сапар барысында М.Мырзағалиев салаға жауапты басшылардың басын қосып, жиын өткізді. Жиында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (ПҚОП) президенті Ерболат Қожабаев зауыт жұмысының барысы мен нәтижелерін, өндірістік бағдарламаның орындалу жайын және келер жылға шегерілген жоспарлы жөндеу жұмыстарына дайындық туралы есеп берді.
Оның сөзінше, қазір «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы жоспарлы түрде жұмысын атқарып, қажетті көлемде мұнай өнімдерін өңдеуде. Ал жөндеу жұмыстарын келер жылға шегеру қандай да бір қиындықтар туғызбайды.
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС ағымдағы жылы 6 млн 142 мың тонна мұнай өнімдерін өңдеу жоспарланып отыр. Жыл басынан бергі жеті айда 3,6 млн тонна мұнай өңделді. Бұл рекордтық көрсеткіш деуге болады. Өткен жылға қарағанда 1 млн тоннаға артық өңделді. 1,2 млн тоннаға жуық бензин, 1,1 млн тонна дизель отынын шығарды. Сондай-ақ, 204 мың тонна авиаотын және басқа да мұнай өнімдерін өндірді. Биылғы қараша айында жоспарланған жөндеу жұмыстарын қазіргі нарықтағы жағдайға байланысты келесі жылдың орта тұсына қалдырып отырмыз. Ал 2021 жылы осындай кезеңде зауыт 2,7 млн тоннаға жуық мұнай өңдеп, 1 млн тоннадан астам автобензин шығарған болатын. 779 мың тонна дизель отынын, 149 мың тонна әуе керосинін өндіргенін атап өткен жөн»,- деді Ерболат Қожабаев.
Жиында «ҚазМұнайГаз» басшысы Шымкент мұнай өңдеу зауытының тұрақты жұмыс істеп тұрғанын алға тартып, қазіргі уақытта өндірістік бағдарламаны толық орындап отырғанын атап өтті. Дизель отынын өндіру жоспарын 1100 тоннадан асыра орындап келе жатқанын жеткізді.
«Жанар-жағармай нарығындағы күрделі жағдайдың басты себептері ретінде көрші елдермен баға диспаритетін және Қазақстанда өндірілетін мұнай өнімдерін үлкен көлемде құйып әкету, соның ішінде дизель отынын заңсыз әкету жағдайларын келтіруге болады. Осыған байланысты уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан шекарасы маңында бақылауды күшейтуге және ел аумағынан мұнай өнімдерін заңсыз шығаруды тоқтату мәселесіне қатысты шұғыл түрде түбегейлі шара қолдану керек», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Айта кетейік, қазіргі уақытта еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты да жоғары қуатында жұмыс істеп тұр. Мұнай өнімдерін шығару жөніндегі бекітілген жоспарларды толық орындауда. Ал, Шымкент зауыты мұнай өнімдерінің жөндеу жұмыстарын келер жылға шегеруі еліміздегі тапшылықты жоюға зор мүмкіндік береді. Яғни, дизель отынын өндіру бойынша биылғы қыркүйек айының жоспары 70 мың тоннаға, ал жыл қорытындысы бойынша 20 мың тоннаға асыра орындалады.
Алайда елімізде жанар-жағармайды заңсыз әкету жағдайлары тоқтамаса, мұнай өңдеушілердің бұл жұмыстары ешбір нәтиже бермейді. Қазір тапшылық мәселесімен арнайы құрылған комиссия айналысып жатыр. Тексеру қортындысына сәйкес нақты шаралар қолға алынатын болады. Бұл ретте Мағзұм Мырзағалиев зауыт басшылығына «ҚазМұнайГаз» өңдеу блогымен бірлесіп, уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдау үшін мұнай өнімдерін заңсыз шығару мәселесі төңірегінде қажетті материал дайындауды тапсырды.
«Зауыт басшылығына ПҚОП-тың тұрақты және апатсыз жұмысын қамтамасыз етуді, өндіріс бағдарламасының және барлық көрсеткіштердің орындалуын тапсырамын. Сондай-ақ, қызметкерлерге қолайлы еңбек ету мен тұрмыстық және сауықтыру жағдайларын жасау бойынша әлеуметтік саясатты жүзеге асыруды одан әрі жалғастыру қажет. Үшіншіден, келер жылғы жоспарлы жөндеуге осы бастан дайындық жүргізілуі керек. Төртіншіден, «Қазақстан Теміржолы» компаниясымен тасымал жағын дер кезінде қамтамасыз ету мәселесін пысықтауды міндеттеймін»,- деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы.
Жиында, сонымен қатар мұнай өнімдерін уақтылы жөнелту және логистика бойынша серіктестермен өзара тиімді іс-қимыл мәселесін бақылау мен ұйымдастыруды күшейту қажеттілігі айтылды.
Сапар барысында Мағзұм Мырзағалиев Түркістан облысында «САУТС-ОЙЛ» ЖШС салып жатқан К-5 мотор отынын шығаратын көмір химиясы және мұнай химиясы комбинаттарын да аралады. Кәсіпорындар басшылығы ҚМГ Басқарма төрағасына екі комбинат та мұнайдан бөлек газ конденсатын, мұнай шламын, сондай-ақ көмір мен торф өңдеуге мүмкіндік беретін технологияларды таныстырды.