"Жағдай тұрақталды" - энергетика министрі дизель туралы
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстандағы дизель отынына қатысты жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Жанар-жағармай нарығындағы жалпы жағдай тұрақталып келе жатыр, жаз айларында тап болған жанармай дағдарысы - мұнай базаларындағы дизель қорының күрт азаюына байланысты... Сол кезде бірінші практикалық шешім Ресейдің Энергетика министрлігімен кездесу ұйымдастыру болды. Ресейдің энергетика министрі жеке жауап берді, бәрін, былайша айтқанда, сатушыларды шақырды, біз сатып алушыларды жібердік. Бір жарым ай ішінде жағдай тұрақталды", - деді Мырзағалиев Үкімет отырысынан кейін журналистер сұрақтарына жауап бере отырып.
Министр елге шамамен 190-200 мың тонна дизель жеткізіліп, жағдай тұрақталғанын айтты.
"Әрине, баға мәселесі өзекті. Мұнай бағасы өскенін көріп отырмыз. Сәйкесінше, Ресейдегі зауыттарда да жанар-жағармай бағасы айтарлықтай өскен. Біз қымбатырақ дизель отынын импорттауға мәжбүр болдық. Бірақ ең бастысы, жағдайды тұрақтандырдық", - деп түйіндеді ол.
Сонымен қатар, Энергетика министрлігі басшысы бензиннің қымбаттау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазір елде бағаның өсуіне еш себеп жоқ.