Баспана – бақыт шамы
Бүгінде халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі кез келген мемлекеттің негізгі басымдығы екені белгілі. Ол мәселені шешу мақсатында үкіметтегілер халыққа тиімді һәм қолжетімді бағдарламаларды жүзеге асыруда. Соның бірі – «Нұрлы жер» (5-20-25) мемлекеттік бағдарламасы. Елде, оның ішінде ауданда баспана мәселесі осы бағдарлама аясында көптеп атқарылып келеді.
Бұл бағдарламаның игілігін көру үшін ең алдымен Қазақстан Республикасы азаматы болу шарт.
Онан соң, тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органның кезегінде болуы немесе болмауы қажет. Төлем қаблетін растау (айлық-табыс, кәсіпкерлік мақсаттан кірісі, әлеуметтік жәрдемақылар) және алғашқы жарна көлемі тұрғын үй бағасының 20 % кем түспеуі керек. Одан бөлек соңғы 6 ай көлеміндегі айлық-табыс көлемі отбасы мүшелерінің жан басына шаққанда 3,7 еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен 133266,6 теңгеден төмен түспеуі қадағаланды.
Басқа да критерийлер бойынша, қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншік құқығында соңғы 5 жыл көлемінде тіркелген тұрғын үйдің болмауы қажет. Әрбір отбасы мүшесіне шаққандағы 15 шаршы метрден кем жатақхананың болуы және апатты тұрғын үй есепке алынбайтынын да ескеру керек. Одан кейін, Отбасы банктің салымшысы болуы және есеп шотты жаңадан ашса да болады. Жоғарыда аталған 5 шарттың барлығына сәйкес келсеңіз, еш кедергісіз баспана ала аласыз.
Бүгінде аудан бойынша баспанаға мұқтаж жандар саны 1820-ға жеткен. Оның ішінде, әлеуметтік осал топтан – 857, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар – 198, ал көпбалалы отбасы – 474 және бюджеттік сала қызметкерлері саны – 291 болып тұр.
Осы орайда 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде Әйтеке би кенті, 5 квартал аумағынан 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үйлерді «Отбасы банк» АҚ Қызылорда филиалы арқылы «Нұрлы жер» (5-20-25) мемлекеттік бағдарламасы негізінде беру жоспарланған.
Жаңа үйлер типтік жобада салынып, әрбір пәтері 2 және 3 бөлмеден тұрады. Оның 3 бөлмелігінің көлемі 65,5 шаршы метр. Бағасы 9 миллион 170 мың теңге тұратын пәтердің несиелік мерзімі 20 жыл. Ал ағлашқы жарнасы – 20 процент. Яғни, 1 миллион 834 мың теңге. Ал несиелік проценті – 5. Алғашқы 8 жыл, ай сайынғы төлем 62 мың 050 теңге болса, әрі қарай 12 жыл 30 мың 260 теңге болмақ.
Қос бөлмелік пәтер құнына тоқталар болсақ, көлемі 48 шаршы метр. Ал құны 6 миллион 720 мың теңге болса, алғашқы жарна алдыңғыдай 20 процент. Яғни, 1 миллион 344 мың теңге. Мұндада несиелік процент – 5. Ал алғашқы 8 жылдық, ай сайынғы төлем 45 мың 472 теңге болса, қалған 12 жылға 19 мың 945 теңге төлейді.
Мамандар тиісті пәтерді кезектілік бойынша қоныстауға бірнеше мәрте арнайы конкурстың жариялағанын тілге тиек етті.
– Бүгінгі күнге дейін, «Отбасы банк» АҚ-ның қаржы кеңесшілері «Нұрлы жер» (5-20-25) мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниет білдірген жүзден астам азаматтарды арнайы тексерістен өткізіп, 4 рет конкурс жариялады.
Оның алғашқысы, тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде кезекте тұран азаматтар арасында биылғы жылдың 24-ші қаңтары мен 8-ші ақпан айы аралығында жарияланып, жүргізілген.
Екінші конкурс болса, 20-24-ші сәуір айы аралығында қайта жарияланған. Нәтижесінде баспанаға мұқтаж ретінде кезекте тұрғандар арасынан бір азамат өтінім тапсырып жеңімпаз атанды.
Ал үшінші конкурсқа келер болсақ, ол 2-13-ші маусым айлары аралығында өтті. Онда жоғарыдағыдай мұқтаждықпен кезекке тіркелген азаматтар және соңғы бес жыл көлемінде атында жылжымайтын мүлкі жоқ кезекте тіркелмеген банк салымшыларының арасында жүргізілді.
Одан соң, соңғы 4-ші конкурс 27-ші шілде мен 10-шы тамызында тікелей сатылымға соңғы бес жыл көлемінде атында жылжымайтын мүлік тіркелмеген барлық азаматтар арасында жүргізілді, – дейді мамандар.
Алдағы уақытта банк тарапынан тікелей сатылымға тағы да конкурс жарияланатын болады.
Серік АҚМЫРЗА